Саясат

Аграрлық сала –айрықша назарда

Аграрлық сала –айрықша назарда

Аудандарда ауыл шаруашылық кооперативтерін құру, ұсақ шаруа қожалықтарын ірілендіру мәселелері «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында өткен партиялық тыңдаудың өзегі болып өрілді. Оған облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев, Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, партияның 2016-2020 жылдарға арналған «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Аграрлық сектор» бағыты бойынша комиссиясының мүшелері, облыстық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармаларының, ауыл шаруашылығы кооперативтері мен шаруа қожалықтарының, сондай-ақ, «Қазагрофинанс», «Агронесиекорпорациясы», «Даму» акционерлік қоғамдары облыстық филиалдарының басшылары қатысты. Басқосуды «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев ашып, жүргізіп отырды. Ол бүгінде партияның Сайлауалды бағдарламасы еліміздің дамуына, оның ішінде ауыл шаруашылығын өркендетуге, салалық инфрақұрылымдар мен аграрлық ғылымды дамытуға, жаңа технологияларды енгізуге және жерді тиімді пайдаланып, оның мақсатты түрде игерілуіне айрықша ықпал етіп отырғанын атап көрсетіп, партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Аграрлық сектор» бағыты бойынша комиссиясы мүшелерінен құрылған жұмысшы тобы бірқатар аудандарда болып, кооперативтер мен шаруа қожалықтарының жұмыстарына, жалпы, ауыл шаруашылығы саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға зерделеу жүргізгенін еске салып өтті. Осы зерделеу жұмыстарының нәтижелерімен аталған комиссияның кураторы, облыстық мәслихаттың депутаты, «Агро-продхлебснаб» ЖШС-ның бас директоры Нұрлан Ортаев егжей-тегжейлі таныстырды. Зерделеу арнайы жұмысшы тобының, облыстық, Талас, Меркі аудандық ауыл шаруашылығы басқармалары мен бөлімдерінің жауапты қызметкерлері қатысуымен жүзеге асырылыпты. Баяндамашы жалпы облыстағы ұсақ шаруа қожалықтарының ірілендірілуі жай-күйіне тоқталып, аталған екі ауданның бұл саладағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудағы жетістіктері мен кемшіліктерін де саралап шықты. Оның айтуынша, Талас ауданында суармалы егістік жерлері де пайдаланылмауда, мамандар мұның себебін көптен бері игерілмеуімен, инженерлік суару жүйесі науаларының жартысына жуығы істен шығуымен түсіндірген. Меркіде де игерілмеген жер көлемі жалпы көрсеткіштің 2,6 пайызын құрап отыр. Нұрлан Қасымбекұлы өңірдегі ауыл шаруашылығы техникаларының жаңартылуы қажеттігін де атап өтті. Осы тұрғыда олардың 80 пайызы ескіргені, ал 20 пайызының мүлде жарамсыз күйде екені алаңдатады-ақ. Бұдан кейін сөз алған облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Аман біраз мәселенің басын қайырды. Оның айтуынша, өңірімізде 2016-2017 жылдары 151 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, оларға 3 мыңға жуық шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтар бірігіп отыр. Баяндамашы бұл істің Сарысу, Талас, Мойынқұм аудандарында өз деңгейінде еместігін, оларда құрылған ауыл шаруашылығы кооперативтерінің әлі несилендірілмегенін де атап өтті. Сонымен қатар, индикативті жоспарға сәйкес кооперативтерді модульді пункттермен жарақтандыру жұмыстары Қордай, Шу аудандарында жандандыруды қажет етеді екен. Ол облыстың аграрлық секторында ауыл шаруашылығы өнімдерінің, суармалы жерлердің, қант қызылшасы мен үдемелі бақтар көлемін ұлғайту, тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиясын енгізу бойынша алға қойылып отырған жоспарларға да тоқталып, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға да жауап берді. Облыс әкімдігі жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Серікбай Тәпеев күн тәртібіндегі мәселеге орай ой, пікірін ортаға салып, осы күнге дейін жер есебіндегі орын алып отырған олқылықтардың кесірінен пайдаланбаған жер көлемі әр ауданда әртүрлі есеппен жүргізілгенін атап өтті. Бұған нақты дәйектер де келтірді. Оның айтуынша, облыстың 4 ауыл шаруашылық статистикалық есепке сәйкес 2015 жылы – 62 291, 2016 жылы – 45 369 гектар игерілмеген егістік жерлер тіркелген. Биылғы жер есебін анықтау аудандық бөлікте толық аяқталмай отыр. «Дегенмен, пайдаланылмаған жердің көлемі жылма-жыл кему үстінде» деген С. Тәпеев өз жұмыстарында кездесетін кедергілерді жоюға байланысты ұсыныстарын да жеткізді. Шынында да күн тәртібінде қойылған мәселелердің оң шешілуі көбінесе осы жер қатынастары реттелуімен де байланысты. Бұл орайда облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Б.Молдабай біраз жайдың бетін ашып берді. Ол бүгінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің ұсақталып кеткендігіне назар аударып, «Бұл қарқынды дамуды тежеп, ірі жобаларды іске асыруға және озық технологияларды тәжірибеде қолдануға, қомақты қаржылық инвестиция тартуға кедергі келтіреді. Облыста бүгінде жалпы жер көлемі 99,9 мың гектарды (оның ішінде егістігі 14 мың) құрайтын 27 кооператив тіркелген. Облыстағы шаруа, фермерлердің саны 18 294-ті құрайды. Олар жер есебіне сәйкес 3 миллион 225 мың гектар жер көлеміне ие. Қожалықтардың егістік жерді игеру көрсеткіші төмен. Олардың басым денінің жері 50 гектардан аспайды. Мониторингтік талдау Қордайда – 6,7 мың, Меркіде – 7,2 мың, Таласта – 1,6 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік жерлер игерусіз қалғанын көрсетті. Жердің ең төменгі игерілу көрсеткіші Шу ауданында қалыптасып отыр. Өткен жылы бұл ауданда 22 мың гектардан астам жер пайдаланылмаған», – деді. Талас және Меркі аудандары әкімдерінің орынбасарлары Қ.Рахымжанов пен Б. Әбжановтың зерделеу жұмыстарының қорытынды нәтижелері бойынша есептері де тыңдалды. Жиында облыс әкімінің орынбасары М. Мұсаев «Зерделеу жұмыстарының барысында өңіріміздегі 183 мың гектар жердің (біраз бөлігі Шу ауданы аумағында) пайдаланылмауы себептерін егжей-тегжейлі анықтап, қайта айналымға енгізу жайы қарастырылуда. Жалпы, аудандардағы егістік жерлер нақты игерілуде ме, есеп пен нақты жағдай сай келе ме, бұл іс облыстық прокуратура тарапынан да тексеріле бастады» деп, аудан әкімдеріне бұл мәселеге айрықша назар аударуды тапсырды. Мәден Тоқтарбайұлы шың басындағы мұздақтардың қабаты жылдан-жылға жұқара түсуі ғылыми әлеуетті алаңдатып отырғанын, осыған байланысты енді таяу жылдардан соң басын Қырғыз Алатауынан, басқа да таулардан алатын Шу, Талас өзендерінің ағысы едәуір кемитінін, ағын судың тапшылығы туындайтынын еске сала келе, суды үнемдеп пайдалануға қазірден бастап бейімделудің, тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиясына көшудің өте-мөте қажеттігін атап өтті. Партиялық тыңдау қорытындысында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісінше шешімдер қабылданды.

Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».