Байлықтың атасы – еңбек, анасы – жер
Байлықтың атасы – еңбек, анасы – жер
немесе жайылымдықты тиімді пайдаланып жүрміз бе?
Мен бала кезімнен ауылда тұрып, ауыл өміріне қанық болып өстім. Кейін мектеп бітіргеннен соң, бірден жоғары оқу орнына түсіп, мамандық алуға отбасы жағдайым көтермеді де, жұмыс істеп әжем мен анамды бағып-қағуды ойладым. Сөйтіп, аты сол кездегі кеңестер одағына мәлім «Талас» қаракөл қой совхозында шопан болып, табаны күректей он жыл еңбек еттім. Еңбекті оқумен ұштастырып, Алматы зооветеринарлық институтын бітіріп, ғалым-зоотехник мамандығын меңгеріп шықтым. Облыстың бірқатар шаруашылықтарында зоотехник, бас зоотехник болдым. Облыстық ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасында кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, мал шаруашылығы бөлімінің басшысы қызметтерін де абыроймен атқардым. Осында жүріп зейнет демалысына шықтым. «Орайы келгенде айтпасаң, сөз атасы өледі» демекші, кейінгі кезде мал шаруашылығын дамыту ісі осы саланың байырғы маманы ретінде мені көп ойландырумен жүр. Бүгінде заман, қоғам өзгеріп, социализмді мансұқ етіп, капитализмге бет бұрып, бар дүние жекенің меншігіне өтіп, жаңа байлар пайда болып, олар өздерінше мал басын көбейтіп жатқан жайы бар. Бірақ осы байлар жаңаша ғылыми негізде немесе нағыз қазақи шаруа тұрғысында мал өсіріп жатыр деп айта алмаймын. Әлі есімде, кезінде өзім алғашқы еңбек жолымды бастаған «Талас» совхозы сонау 1928 жылы құрылып, 1968 жылы 40 жылдан соң ғана «Асыл тұқымды қой шаруашылығы» атанып еді. Осында еңбек еткен «сен тұр, мен атайын» небір ай маңдай азаматтар, малмен көзін ашқан, істі білетін малсақ жандар маңдай терлерін тамшылатып төгуінің арқасында шаруашылықтың тасы өрге домалады. Олардың өсірген малының асыл тұқымды екендігі танылып, осы жерден алған мал тұқымымен-ақ Сарысу, Талас, Мойынқұм аудандарында жаңадан ашылған совхоздардың көсегесі көгеріп, көрпесі ұлғайып, өркендеп өсіп еді. Таластық асыл тұқымды қошқарлар республикадан тыс жерлерге де үлкен сұраныспен әкетілді. Ал қазір бір-екі жылда 1000 бас малдың басын құраса болды, «асыл тұқымды» мал шаруашылығы атанып шыға келгендердің қарасы көбейді. Мұндай шаруашылықтарда негізінен етті, қылшық жүнді еділбай қойы өсіріледі, отарларда басқа да неше алуан қой тұқымдары аралас, ешкі-лақ болса да өріп жүреді. Ал негізінен шаруашылық қандай мал тұқымына ден қойса, тек сол мал түрін ғана өсіріп, тұқымын тазалап, жетілдіріп, өнімділігін жоғарылатуға күш салуға тиіс. Ал сол «саңырауқұлақтай» қаптаған шала асыл тұқымды шаруашылықтарда қандай зоотехник-селекционер жұмыс істепті, кім сұрыптау жұптаумен айналысыпты? Ешкім де. Селекциялық жұмыс егін шаруашылығында да көз майын тауысып, өте ыждаһаттылықпен жүзеге асырылатын үдеріс. Көптеген журналдар, тұқым кәртішкелері толтырылуы қажет. Мұның бірі де атқарылмай-ақ, табан астынан тап болған қандай «батпан құйрық» екенініне менің де күмәнім бар. Кезінде облыстық ауыл шаруашылығы тәжірбие стансасында менен бұрын да қыруар іс тындырылған екен. Мен келгеннен кейін көп жылдар бойы жүзеге асырылып келген сол жемісті жұмыстардың нәтижесінде ғана әр сауын сиырдан 5000-5500 литр сүт сауылуы межесіне жеттік. «Әулиеата» сиырының тұқымдық сапасын түбегейлі жақсартқандықтан, «асыл тұқымды шаруашылық» мәртебесіне ие болып, сыртқа асыл тұқымды бұқалар мен тайыншалар сатуға қол жеткіздік. Бұл шаруашылыққа көл-көсір пайда әкелген. Көбінесе Қызылорда облысының шаруашылықтарын асыл тұқымды мүйізді ірі қара малымен қамтамасыз етіп отырдық. Бұл жұмыстар малды ғылыми негізде өсірудің бірегей жолы еді. Енді таза қазақы шаруа негізінде мал өсірудің жолдарына да аз-кем тоқтала кетелік. Жаһанда қазақтан асар малсақ, қазақтан асар шаруа халық жоқ болар, сірә! Бұл қазақтың бағы ма, әлде соры ма – ол арасын білмедім. Осындайда орыс ағайынның қазақтарға арнап айтылатын «Вами только баранов пасти» деген тоғышарлық сипаттағы бір сөзі еске түседі. Мұны бір тауып айтылған сөз деп есептеуге болмайды. Сол орысқа «Мың құлаш жерасты шахтасына түсесің бе, жоқ бір сағат қой бағасың ба – өзің таңда» десең, шахтада тұншығып өлуге пейіл, шахтаға түсуді қалар еді. Табиғи жайылымда өз төлінен көбейіп, өскен малдың өнімінің сапасынан асар, тіпті оған тең келер еш өнім жоқ дүниеде. Қазір көп айтылып жүрген экологиялық таза өнім дегеніміз осы өнім екендігіне ешкім таласа алмас. Кеңестік кезде айы оңынан туып, «малшылар маршалы» атанған Жазылбек Қуанышбаев анау айтқан сөзге шешен адам болмаса да, нағыз шаруа адамы еді ғой. «Жайылымда семірген қой етінен өткен құнарлы ет болмайды» деп отырушы еді, жарықтық. Жайылымды тиімді пайдалану жолдарына келетін болсақ, жоғарыда аталған «Талас» совхозы малшыларының іс-тәжірибесі мына төмендегідей еді. Совхозда бас-аяғы бес бөлімше (ферма) болды. Бір ғана ірі қара фермасының екі-үш мыңдай жылқы, сиыры, түйесі Талас өзенінің бойындағы ну жыныс болып өскен қамыс, шеңгел, жиденің арасында жататын. Ал 70-80 мың қаракөл қойы әр фермаға 15-20 мың бастан, ұшан-теңіз жайылымдық жер де теңдей бөлініп берілетін. Оты қалың өрістерге қаншама түйе мен жылқы мыңғырып өрді десеңізші! Осыншама малды шаруалар ың-шыңсыз бағып-күтіп, жайылымдықты тоздырмай, шаңын аспанға шығармай-ақ шаруашылықтың береке-ырысын арттырып жатушы еді. Мен өзім көзім көріп куә болған бір фермадағы жағдайға тоқталайын. Көктемде мал төлдеп болған соң, қозылы қой қора маңынан аса ұзатылмай күтіліп, дембіл-дембіл өрісі жаңартылып отыратын. Ал қозысы елтіріге сойылған бойдақ қойдың 600-700 шамасында басы біріктіріліп, қозылы қойдың (сақпан) өрісінен оншақты шақырым ұзаққа өрістетіліп, соны жайылымдық тиімді пайдаланылатын. Малшы қауымы құдық басындағы жайылымды да тоздырып шаңдатпай, түс қайта бесін шамасында малды өргізіп, түнетпеге мал аяғын басқызбайтын. Соныға айдап кетіп, түнімен жайып, ертеңіне сағат 10-11-лерде құдық басына суатқа құлататын. Мал күн ыстықта құдықтың мұздай суына қанып, бесін ауғанша тырп етпей үйездеп жатушы еді. Осы іс ала жаздай бір үзілмейді. Күздегі мал семірту, қыста мал қоңын жоғалтпай, қыстан дін-аман шығару – мұның барлығы өз алдына үлкен ғылыми жұмыс. Жаздың шіліңгір шілдесінің өзінде қозылы қойдың өзі қоңы бір елі де түспей, шетінен союға жарайтын. Міне, осындай мал бабын таба білер малсақ шаруаны қазір майшаммен іздесең де, табуың қиын. Адамзаттың аузынан ақ май ағызған асыраушы сала еңбеккерлері – еңбегі еш, тұзы сор малшы қауымы кешегі кеңестік кезең құлап, келмеске кеткенде алдындағы малынан айырылып, өздері басында баспана да жоқ, қаңғып далада қалды. Кеңестік кезде «екінші тың» ерлері атымен аздап болса да атақ иеленіп, кеуделеріне даңғазалатып темір-терсек тағылды... Алайда олардың еткен еңбек, төккен тері ақталмады. Сол кездің өзінде қаладағы зауыт-фабрикаларда жұмыс істейтіндердің бір айда алатын айлық жалақысын бір отарды бағып-күтетін төрт адам ала алмайтын. Қысқарта айтқанда, кеңестік кезеңдегі арқалағаны батпандаған жүк болса да, ішкен-жегені у мен зәр малшы қауымының көрген күні осыдай болды. Қазіргі заманғы малшы деп жүргеніміз – бағзы кездегі шаруа-малшы емес. Олар басқа жұмысқа икемі болмағаннан кейін, амалсыздан мал соңына ілесіп жүр. Малдың не тілін, не бабын білмейді, әйтеуір, күнін өткізгенге мәз. Ал бұдан кейін олар баққан малдан қандай нәтиже күтуге болады? Солай бола тұра, оларға да «табан ақы, маңдай тер» ақысын төлеу керек. Өйткені, заң бойынша да, шариғат бойынша да кісі ақысын жеу –үлкен күнә. Қазақ шаруасының құбыласынан жаңыла бастағанының бірер мысалы осындай. Ата кәсібіміз жаңғыртуды қажет етеді-ақ. Жалпы момын қазаққа бірінші Құдай да қарасқан, екінші бұрынғы өткен батыр бабаларымыз ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен осыншама ұлан-байтақ жерді біздің иелігімізге қалдырды. Жер бос жатпау керек. Бос жер өзгенің көз құртына айналады. Алуан шөпті талғап жемеген малдың еті де анау айтқандай құнарлы, сапалы, таза болмасы анық. Демек, малды жазда қорада ұстамай, жайылымға жіберу жөн. Сонда еттің өзіндік құны арзандап, бәсекеге қабілеттілігі артады. Жайылымдағы мал күніне 0,8-1 граммнан салмақ қосады. Тағы бір айта кетерлік жай, бүгінде әр жерде 3000-5000 басқа арналған мал бордақылау алаңдарын салу үрдісі басталып кетті. Жақында бір газеттен Мойынқұм ауданында 20 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын салу қолға алынды дегенді де оқыдық. Мен мұны қате пікір деп ойлаймын. Себебі, осыншама малды бордақылау үшін жаздың бір күнінде қаншама көк пішен, қаншама құрама жем қажет болады десеңізші! Мұны ыждаһаттылықпен есептеу керек. Кешегі төрт құбыласы тең кеңес заманындағы колхоз-совхоздардың да мұндай іске батылы барған емес. Жаздай шұрайлы жайылымды тиімді пайдалану арқылы малды семіртіп, күзде ет комбинаттарына қора-қора қылып өткізіп жататын. Келесі бір өзекті мәселе – малдың дені-басы сау болуы, түрлі жұқпалы аурулардан таза болуы керек-ақ. Мал ауырса, бүкіл адамзат ауырады, бүкіл табиғат залалданады. Қазіргі қорасына құт біткен бай-бақуаттылар үшін, әйтеуір, малының басы көбейсе болды, олар бұл жағына аса көп мән бермей ме деп ойлаймын. Өйткені, әр жерде жұқпалы ауру тарап пәлен жүздеген, мыңдаған мал шығыны орын алыпты дегенді де жиі естиміз. Қайталап айта кетейін, жоғарыда аталған «Талас» совхозында кезінде бір бас мал дәрігері, оның орынбасары -ветеринариялық зертхананың меңгерушісі, бес фермада 5 веттехник, 5 ветсанитар жұмыс істейтін. Осыншама мамандар армиясы қызмет еткеннен кейін бе, совхоз өмір сүрген 70-80 жылда бірде-бір рет не туберкулез, не бруцеллез ауруы тарады дегенді естіген де, көрген де емеспіз. Әсіресе, асыл тұқымды мал шаруашылықтарында мұндай келеңсіз жағдайлар орын алса, барлық байланыс күрт тыйылып, бұл үлкен қылмыс болып есептелінетін. Өйткені, бұл болашақта жаңа құрылатын шаруашылықтар малының бастауын алар, түп-тегі де болып саналады ғой! Жалпы, мал шаруашылығы өркендеуіне кері әсерін де тигізеді. Сайып келгенде, миллион, миллиардты жоғалтып, ұрлатқанша адамзат өміріне, табиғатты таза сақтауға үлесімізді қосқанымыз абзал деп есептеймін.
Қазбек ӨМІРЗАҚОВ, ауыл шаруашылығы өндірісінің ардагері.
Тараз қаласы.