Саясат

Жастар жаңа жобаны қолдайды

Жастар жаңа жобаны қолдайды

Уалихан Болатбек, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы.

Мемлекет басшысы латын қарпіне көшуге асықпай, мың ойланып, жүз толғанып қадам жасау қажеттігін ескерткен болатын. Президент әр әріптің, әр дыбыстың тағдырын ойлап, жіті қадағалап отырғаны белгілі. Қоғамдық қозғау туғызып отырған бұл мәселеге жастар да назар аударып, мән беріп отыр. Олардың да өз пікірлері бар. Маған ұнағаны – әр әріптің өзінше дербес таңбаланғаны. Бұрынғыдай қосарланған әріптер жаңа ұсынылған қаріпте жоқ. Жаңа нұсқа бойынша әріптер 32 болып отыр. Сын ескертпелерден кейін алдыңғы олқылықтардың бәрі ойластырылып, қалпына келіп жатыр. Біз жастар әлеуметтік желілер және смартфондағы нұсқалар арқылы бұл қаріптермен негізінен таныспыз. Бүгінде әлем мемлекеттерінің 70 пайызы латын қарпін қолданатын болса, біздің мұндай өркениеттен қалып кетуге еш қақымыз жоқ. Сондықтан, елімізде осындай қозғау болып жатқанына жастардың өкілі ретінде қуаныштымын. Бұл да өрлеуге жасалған бір қадам деп білемін. Латын әліпбиіне көшу – бұл Қазақстанның әлемдік кеңістікке бәсекелестік ортаға кіруге жасаған мүмкіндігі. Сонау ХХ ғасырдың басында латын әліпбиімен жазу жазып, қолтаңба қалдырғанбыз. Бұл әріп бізге бөтен емес. Бұл – тарихи құжатқа айналған мұраларымызбен қауышуға мүмкіндік. Сондықтан, бұл қаріпке көшуді қуана құптаймын. Облыс жастары бұл ретте белсенділік танытып, зор қолдау білдіреді деп ойлаймын. Өзіміз үйреніп қана қоймай, жалпы ортаға қозғау салып, жастық жалынымызды көрсетуге дайынбыз. Тараз қаласы.