Еркін елдің есті қадамы
Еркін елдің есті қадамы
Әбдімомын Желдібаев, күйші, композитор, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері.
Азат елдің латын әліпбиіне көшуі – заңды құбылыс. Азаттықтың елең-алаңы саналған тоқсаныншы жылдардың басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастап, зиялы қауым қоштап, латын әліпбиін енгізу туралы әңгімелер ел ішінде аз болса да тақырып тұздығына айналған еді. Еліміздің дамушы мемлекетке тән процесті бастан өткеретінін сезген Мемлекет басшысы асқан көрегенділік таныта білді. Елбасының «Алдымен экономика, одан кейін саясат», – деген сөзінің жаны бар-ау... Иә, жылдар жылыстады. Зымырандай жүйткіген уақыт шіркін бір орнында дамыл тауып тұрсын ба? Әр мәселені асқан байыптылықпен, көрегенділікпен, кең ауқымда ойлайтын сұңғыла саясаткер Нұрсұлтан Назарбаев ел дамуының тағы бір сатысы келіп жеткен шақта, мемлекетіміздің экономикалық иммунитеті нығырланған кезеңде өте орынды мәселені қалың қазағының талқысына салып отыр. Бұл да Президенттің қабырғалы халқымен санасатынын айқындап тұрған жоқ па? Әйтпесе, қай елде әліпбиді ел болып талқылап, барлық тараптардың пікірін тыңдап барып, шешім қабылдап еді. Тіпті, диктатуралық режімдегі мемлекеттер «Айтқаным айтқан, орындағаның орындаған» қағидатына салып, қалауын сәтінде-ақ іске асырып жатқаны баршамызға аян. Тәуелсіздіктің ширек ғасырын тарих қойнауына тапсырған мерейі үстем, абыройы асқақ қазақ үшін латын әліпбиіне көшудің уақыты пісіп жетілді. Бұл мәселе Парламент отырысында да талқыланды, зерделенді. Әуелгіде ұсынылған латын графикасы қоғам тарапынан резонанс туындатқаны да мәлім. Ондағы кейбір олқылықтарды тіпті тіл саласының білгірлері саналатын ғалымдар да ашық айтып, көзқарастарын ортаға салды. Мұның бәрі – ел болашағы үшін. Ұрпақ қамы үшін. Ақпараттық жылдамдық үдей түскен бүгінгі жаһандану дәуірінде әлем үшін латын графикасының орны бөлек екені айтпаса да түсінікті. Осыны ой зердесінен шығармаған әрбір азамат өркениет көшінде өзіндік сара жолы бар Қазақстанның жаңа әліпбиі озық үлгіде болса деген ниетте еді. Елбасының назарына ұсынылған жаңа әріптер менің де көңіліме қонып отыр. Неге десеңіз, онда бастапқыда назарға ұсынылып, түсінбестік тудыратын қосарланған дыбыстар жоқ екен. Әсіресе, жасы келген азаматтар үшін бұл қиындық туындататыны сөзсіз еді. Ал жаңа латын графикасы өте сауатты жасалған деп пайымдаймын. Артық кемі жоқ. Жалпы жаңа нұсқадағы әліпби бұқара халық үшін ешқандай қиындық туындатпауы тиіс, жалпы жұртшылықтың жедел меңгеріп кетуіне ыңғайлы болғаны ләзім деп есептеймін. Осы тұрғыдан келгенде Мемлекет басшысының назарына ұсынылған осы латын графикасы озық үлгі шығар деген ойдамын. Қазақта «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді», – деген әдемі сөз бар. Бүгінде тұтас ел болып талқылап жатқан еліміздің жаңа әліпбиіне қатысты пікірлер тоғысына әрбір азаматтың жанашырлықпен қарап жатқаны менің жүрегімде қуаныш сезімін ұялатады. Бұл біздің қоғамның ел ертеңі үшін бейжай қарай алмайтындығын білдірсе керек. Латын қарпі – біз үшін таңсық емес. Өйткені, кезінде сол әліпбиде алдыңғы буын ағалар жазған, оқыған. Ендеше Мемлекет үшін маңызды, еркін ел үшін есті қадам жасалып жатыр. Адамдық деңгейден ғаламдық деңгейге дейін өсуіміз, өркендеуіміз керек. Сондықтан мен бұл реформаны қос қолдап қолдаймын. Елбасымыздың ел мүддесі үшін атқарып жатқан жұмысы баянды болсын демекпін!
Шу ауданы.