Тотыдай таранған Таразым!
Тотыдай таранған Таразым!
Биыл жиырмасыншы рет мерекеленіп отырған «Қала күніне» орай орталық Достық алаңында кешкілік осындай тақырыпта ауқымды шара ұйымдастырылды. Оған облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, облыс әкімі аппаратының жетекшісі Нұржан Календеров, сондай-ақ, Астана мен Алматыдан қонақтар келіп қатысты. Алаңда өткен мереке көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлауымен де әсерлі болды. Бәйдібек баба ескерткішіне қарама-қарсы сахна мерекеге сай безендіріліп, ЛЭД экрандар, сондай-ақ, көрермендерге арналған орындықтар қойылса, турникеттерге Қала күніне арналған баннерлер ілінген. Мерекелік шара Тараз қаласына деген махаббат пен сүйіспеншілікті паш ететін хореографиялық композиция орындалуымен басталды. Мұнан кейін Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулет құттықтау сөз сөйлеп, тараздықтар Елбасының биылғы Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасында алға қойылған міндеттерді нақты іс жүзіне асырып жатқанын, сондай-ақ, түрлі салаларда қол жеткен жетістіктерді атап өтті. Шара барысында Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы Ерболат Саурықовқа «Жыл адамы» атағының белгісі салтанатты жағдайда табыс етілді. Осы күні Тараз қаласынан «100 жаңа есім» жобасына үміткерлер ретінде ұсынылған, ерекше дарынымен, талантымен көзге түскен, жастарды патриотизм мен туған жерге деген адалдыққа тәрбиелеуде үлгі көрсеткен, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына белсенді атсалысқан, меценаттық көмек берген азаматтардың есімдері де жария етілді. Олардың арасында білім, өндіріс, денсаулық, әлеуметтік, спорт салаларының үздіктері бар. Майталмандар құрметіне 100 қыздың биі орындалуы да әсерлі шықты. Бұдан әрі отшашу шашылып, мереке «Қазақ эйр» авиакомпаниясының перфоманс «Колор пюпл» би тобының бишілері, қазақ эстрадасының жұлдыздары Ерке Есмахан мен Төреғали Төреәлі қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты.
«Ақ жол-Ақпарат».