Мәдениет

Делфийлік ойындар дүбірі бәсеңдемейді

Делфийлік ойындар дүбірі бәсеңдемейді

59 өнерпаз жүлделі орындардан көрінді

Елімізде XXI ғасырдың басында ғана қайтадан жандандырыла бастаған дельфийлік ойындар, бұл – бүгінгі таңда өнер кеңістігіндегі сан-алуан бағыттарды біріктіретін әлемдегі бірден-бір сайыс. Биыл елімізде, оның ішінде облысымызда да бұл жарыс сегізінші мәрте жалауын желбіретті. Бір қуантарлығы, бұл сайысқа қатысушылар қатары жылдан-жылға артып, байқаудың сапасы да жақсарып келеді. Тараз қаласы мен облысымыздың 10 ауданынан келген 300-ге жуық жас өнерпаз ТарМУ-дың «Жастар сарайында» он үш аталым бойынша өзара сайысқа да түсті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің сәттілік тілеуімен қызу басталған сайысқа жас өнерпаздар барын салды. Бұл жарыстың облыс, аудан орталықтарынан жырақтағы ауылдарда жүрген шынайы таланттардың жарқырай көрінуіне де үлкен септігі тиді. Облыстық деңгейде өткен дельфийлік ойындарға өңірімізге белгілі өнер майталмандары қазылық етті. Оның қорытынды нәтижесінде үлкен және кіші топтарда өнерлерін көрсеткен «Томирис» (Тараз қаласынан), «Еркежан» (Шу ауданынан) бишілер ансамбльдері «Халық биі», Бауыржан Тәжімұратов (Жуалы ауданынан), Сәния Берсүгін (Тараз қаласынан) «Бейнелеу өнері», Айнұр Омарова (Сарысу ауданынан), Әсем Құдайбергенова (Тараз қаласынан) «Фотосурет», Гүлсезім Тазабекова, Бақыт Құлтас (екеуі де Талас ауданынан) «Халықтық әншілік», «Әдемі-ай» ансамблі (Жамбыл ауданынан), Мейірім Хамзина (Талас ауданынан) «Эстрадалық әншілік», Шыңғыс Расылхан (Тараз қаласынан) «Академиялық әншілік», Перизат Беделбаева (Тараз қаласынан) «Ұлттық аспаптар: домбыра», Назерке Қалмен (Сарысу ауданынан) «Ұлттық аспаптар: қылқобыз, прима қобыз», Назима Жұбандықова (Байзақ ауданынан) «Журналистика», Альбина Синявская, Алтын Махажан (екеуі де Тараз қаласынан) «Халықтық көркем кәсіптер мен қолөнер», Жібек Шәкірова (Тараз қаласынан) «Киім дизайны», Нұрболат Жолдасбек пен Балнұр Данияр (екеуі де Тараз қаласынан) «Көркемсөз» аталымдары бойынша бірінші орынды жеңіп алды. Жарыс жеңімпаздары биыл Орал қаласында маусым айының соңына қарай өткізілетін Ұлттық Дельфийлік ойындарға қатысып, еліміздің үздік дарын иелерімен бақ сынасатын болады.

«Ақ жол-Ақпарат».