Өңіріміздегі асыл тұқымды малдың үлесі қанша?
Өңіріміздегі асыл тұқымды малдың үлесі қанша?
байыбын тапса, бағдарламалар сізден бақуатты адам жасайды
Бірден айта кетерлік жай, мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде өңірімізде асыл тұқымды мал үлесінің жылма-жыл көбейтілуі республикалық орта көрсеткіштен 2-3 есе жоғары деңгейде орындалуда. Агроқұрылымдар көптеп асыл тұқымды мал сатып алуда да белсенді. Осылай бұл істе облысымыз еліміз бойынша көш бастап тұр. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының деректеріне сүйенсек, өңірде малдың барлық түрінің өсімі байқалуда. Ет, сүт өндіру көлемі де өскен. Мұның бәрі де облыста «Агробизнес-2020», «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан», «Жайылымды суландыру» бағдарламаларының қарқынды жүзеге асырылуының жемісі екені айдан анық. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы А. Қошамбеков: – Үкіметтің субсидиясы елге үлкен көмек болуда. Жыл басынан бастап аграрлық несие корпорациясы, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры секілді қаржы мекемелерінің мамандарымен бірлесе аудандарды аралап, тұрғындармен кездесулер өткіземіз. Міне, осындай басқосуларда кімге, қанша көлемде, қандай негізге сүйеніп субсидия, несие берілетіндігі егжей-тегжейлі түсіндіріледі. Талқыға түсетін өзекті мәселелер де аз емес. Кездесулерге мал өсіруге ынталы азаматтар көптеп қатысады. Бұл іске немқұрайдылықпен қарайтындар да бар. Осы мәселе жөнінде облыс жұртшылығының жетпіс пайыздай бөлігі хабардар деген ойдамын. Жалпы, халық біледі. Алайда кепілдікке қояр мүлкі болмаса, несие берілмейді. Субсидия да солай. Көмектескіміз-ақ келеді. Ал субсидияның түрлері көп-ақ. Басқасын былай қойғанда, тек мал шаруашылығының өзінде облыс бойынша былтыр тиісті тұлғаларға 7,5 миллиард теңге көлемінде несие таратылып берілді. Биыл бұл мақсатқа 3 миллиард 300 миллион теңге қарастырылған-ды. Сол ақшаның өзі өтінімдерді толықтай қанағаттандыруға, мысалы, бұқа, қой сатып алуға жетпей қалды. Сондықтан ауыл шаруашылығы министрлігінен қосымша тағы да 2-3 миллиард теңге көлемінде қаражат сұралып отыр. Ақша келсе, аудандардан түскен осыған байланысты сұраныстар толығымен өтеледі. Ал олай болмаған жағдайда өтінімдерді жыл соңына дейін 50 немесе 70 пайыз бола ма, қолда бар қаржының жалпы көлеміне қарай қанағаттандыруға күш салатын боламыз. Біздің істе олардың біреуіне аз, біреуіне көп бөлу, «шөміштен қағу» деген жоқ, бәріне бірдей болса дейміз. Олар сұралған қаражаттарының қалған бөлігіне келер жылы толық көлемде қол жеткізе алады. Ауыл шаруашылығы саласына жасалып жатқан мұндай үлкен қолдау, көмек үшін тұрғындар Елбасына айрықша ризашылықтарын білдіріп отыр. Дәл бұлайша жағдай жасалмаса, мал өсіре алмас едік дейтін азаматтар көп. Соны естігенде осы іске аз да болса үлесімізді қосқанымызға өзіміз де әжептәуір марқайып қаламыз, – деп мұның жайын тарата айтып та берді. Үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне облыста мал сатып алу бойынша «Сыбаға» бағдарламасы – 90,5, «Алтын асық» – 60,5, «Құлан» 138,4 пайызға орындалған. Сондай-ақ асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдауға – 438 242, мал шаруашылығының өнімділігі мен өнім сапасын арттыруға 435 758 теңге субсидия бөлініп, ол толығымен игеріліпті. Жайылымдарды суландыру нысандарының құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, бүгінгі күнге дейін 66 ұңғы қазылып, іске қосылған. Бұл тұрғыдағы жоспар қазірдің өзінде 122,2 пайызға асыра орындалып отыр. «Мал өсірсең, қой өсір, табысы оның көл-көсір» делінеді халық даналығында. Қой өсірудің қыр-сырына қанық халықпыз. Бұл ретте ешкімнен ақыл сұрарлық жайымыз жоқ. Ата кәсібіміз, үздік ұлттық тәжірибеміз қазіргідей өткір қойылып отырған ет өнімі бәсекеге қабілетті, жоғары сапалы болуы керектігі жөніндегі талаппен де үндес, тамырлас. Қазақы шаруамыз құбыласынан жаңыла қойған жоқ. Ең бастысы да осы ғой!
малыңыздың тұқымы қандай? Енді «Алтын асықтың» асылдандыру ісіне тигізер септігі жөнінде бірер сөз. Жалпы, аталған несиеге әрбір 30 бас аналық үшін біреуден қошқар не бұқа сатып алынуы шарт. Бұл тұрғыдағы арнайы нормативте 100 саулыққа 4 қошқардан, 90 қазақтың ақбас сиырына 3 бұқадан келуі белгіленген. Бағзы кездерде туысаралық қайыту орын алып, мал тұқымы майдаланып кетпес үшін шаруашылықтардағы асыл тұқымды қошқарлар мен бұқаларды жылма-жыл алмастыру үрдісі бар-ды. Ол қазір де маңызды. Еркек мал екі жыл сайын міндетті түрде ауыстырылып тұруға тиіс. Өңіріміздегі республикалық қой палатасы құрамына енген асыл тұқымды шаруашылықтар өндіргіш мал басын өткере де бастады. Оларды көбінесе Оңтүстік Қазақстан облысынан келіп алып кетуде. Меркіде 2-2,5 мың басқа жуық қазақтың ақ бас сиыры өсірілуде. Мұндай асыл тұқымды мүйізді қараларды Қордай, Жуалы аудандары шаруашылықтарынан да сатып алуға болады. Қазір олардың алымсақтары да көп-ақ. Бұл жамбылдық шаруалардың асылдандыру ісіне біржола бет бұруына мүмкіндіктері мол деген сөз. Содан да өңірде мал тұқымын асылдандыру жұмыстары жақсы деңгейде жүріп жатыр деуге әбден болады. Мамандардың айтуына қарағанда, бүгінгі таңда облысымыздағы асыл тұқымды малдың үлесі қойда – 29,7, сиырда – 26, жылқыда 25 пайызды құрап отыр. Әрине, бұл дерек шаруашылықтар мен жеке тұрғындардың иелігінде тұқымы азған, қара құс іліп кетерліктей тұрқы пәс, ет, сүт, жүн өнімдері бойынша өндірімділігі төмен мал басы әлі де көптеу екенін көрсетеді. Міне, осы жерде өз-өзінен мал тұқымын асылдандыру мәселесі туындайды. Қораңда бір бас болса да өнімі бәсекеге қабілетті, жоғары сапалы, нарықтық сұранысқа ие мал ұстағанға не жетсін! Мал өсірудегі бүгінгі басты ұстаным да осы. Сапасыз өнімді күні ертең уақыттың өзі-ақ нарықтан ығыстырып шығарып тастайтыны анық. Сондықтан сөзіміз бен ісіміз уақыт талабына сай болуы керек-ақ.
Еділбай, меринос, қаракөл...
Рас, бүгінде өңірімізде негізінен еділбай, қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойы, қаракөл, Оңтүстік Қазақстан мериносы, аздаған ет-жүн бағытындағы қой түрлері аралас өсірілу үстінде. Бұл қой түрлерінің қай-қайсысы да өздерінен өндірілер өнімі тұрғысынан саланың дамуына түрлі деңгейде пайда келтіруі ықтимал. Мысалы, қаракөл қойының елтірісі кезінде қымбатқа бағаланды. Қазір де оған сұраныс жоқ емес. Шымкенттен де келеді. Арнайы қабылдау орны жоқ. Талас ауданындағы Ә. Сағынтаев атындағы ЖШС-ның 2,7 мыңдай, Оязбеков атындағы АҚ-ның 5500-дей қаракөл қойы бар. Кезінде елтірілер Мәскеуде аукционмен шетелдерге сатылатын. Ал қазіргі таңда қаракөл аймағындағы жағдай төмен, малдың не еті, не елтірісі, не жүні өтіп жатқан жоқ. Сатса да арзанға өтеді. Базарларда, мысалы, еділбай қойы – 20 мың, қаракөл 8 мың теңгеге бағаланады. – Рас, қаракөл қойын өсіру шаш-етектен шығын әкелуде. Бірақ, керек. Осы күні генералдардың папаха-бөркін кімдер, қайда тігіп жатқанын білмейміз. Бірақ мұндай әскери бас киімдерге сұраныс бағзы күйінде. Өңіріміздегі қаракөл қойын өсіретін агроқұрылымдардың белгілі бір көлемдегі тапсырыстар негізінде жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселесі де кезінде әлденеше мәрте көтерілгені есте. Әзірге пәлендей нәтиже жоқ. Міне, осы қой түрін өсіруден етінің, жүнінің сапасы төмендігіне бола мүлде бас тарту да қисынсыз. Керісінше, оның тұқымын үзбей, өз төлі есебінен еселеп көбейту де керек секілді. Мемлекет тарапынан тиісінше жағдайлар жасалып, өнімін өткерудің сенімді де табысты жүйесі жасалса, оның елтірісінің өзіндік құны болашақта аспандап та кетуі бек мүмкін, – дейді бір кездері өзі де қаракөл қой шаруашылығының басшысы болған А.Қошамбеков ағынан жарылып. Ал дүниежүзіндегі қой тұқымдарының ішінде ең көп салмақ беретін және күтіп-баптауы аса көп қиындықты қажет етпейтін еділбай қойы біздің ұлттық брендімізге де айналып үлгерді. XIX ғасырдың аяғында Еділ-Жайық бойынан тараған бұл қой түрін өсіруге өңірімізде де едәуір бетбұрыс бар. Мәліметтерге көз жүгіртсек, әлемдегі 14 түрлі қойда еділбай қойының қаны бар екен. Бұл оның бар қойдың атасы екенін тағы бір қырынан айғақтайды. Әрі жыл санап оның етіне сұраныс артуда. Әсіресе қозыларының алатын орны бөлек. Өйткені олар тез-ақ өсіп-жетіледі. Төрт айлығының өзінде салмағы 23 келіні тартады. Және еті дәмді, құнарлы, құйрық майы бағалы келеді. Меринос қойын өсіру де тек тиімділік әкелуде. Әдетте еділбай қойының түсі 95 пайыз қара, қоңыр, қызғылт болып келеді, алынған жүнін басқа түске бояуға келмейді, ал ақ жүн өзінің физикалық-химиялық қасиеттерін жоймастан бояла береді және нарықта қара жүнге қарағанда 40 пайызға қымбат тұрады. Ақ және ақшыл түсті қылшық жүндерге шетелдіктердің де сұранысы жоғары, олар бұдан еденге төсейтін линолеум жасап шығарады екен. Ал Иранда шығарылатын кілемдердің 8 пайыз материалы осы ақ түсті қой жүнінен алынады. Т. Рысқұлов ауданындағы «Шәушен» шаруа қожалығының иелігінде бүгінде 38 мың қой бар. Негізінен еділбай және меринос қойлары өсіріледі. Осы бағытта ғалымдардың арнайы тобы жұмыс істеуде. Меркі ауданындағы «Жылыбұлақ» серіктестігінде 14 мыңдай, «Сыпатай» шаруа қожалығының меншігінде 10 мыңның үстінде биязы жүнді қой бар. Облыс шаруашылықтарының дені тиімділігіне бола меринос өсіруге бағыт ұстана бастағандай. Ол да негізсіз емес. Бұл тұрғыда қой өсірушілер биязы жүннің әр келісіне бес жүз теңге көлемінде субсидия алады. Оның үстіне жүнді алғашқы өңдеу мекемесі ақ қойдың жүнінің әр келісін 300-350 теңгеден кедергісіз қабылдайды. Сөйтіп, мериностың жүні де жерде қалып жатқан жоқ. Мамандардың айтуынша, бүгінде мал өнімінің барлығына да, жылқының қымызы мен түйенің шұбатына, етке, сүтке, биязы жүнге субсидия бар. Ал елтіріге жоқ. Сонда қалай болғаны? Елтірі мал өнімі емес пе? Осылай еті аздығына бола қаракөл аймағындағы жағдай төмен болып қалуда. Қылшық жүнді қой үшін де биязы жүнді «әріптестеріндегідей» жеңілдік қарастырылмаған. Жүнін базбір жерлерде жеке адамдардың арзан бағаға қабылдап алып жатқандары да бар. Алайда ол үшін арнайы субсидия беретін мекеме жоқ. Бұл мәселе облыстық басқарма тарапынан Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдына да қойылған екен. Әлі күнге шешімін таппай отырған бір іс осы. Өңірімізде шаруашылықтарда, жеке тұрғындар иелігінде қаншама қылшық жүнді қой бар десеңізші! Бәрінің де жүнін сатып алатын, ұқсатып, өңдейтін жер жоқ. Жүнді ауылдардан алып келудің өзіндік машақат, шығыны да жетіп артылады. Содан да түкке аспай, текке өртелуде.
елімізде мал басын 50 миллионға жеткізуге бола ма?
Әрине, болады. Бұған өңіріміздегі өркенді істер толық айғақ бола алады. Бүгінде өзге жерлердегідей Жамбыл жерінде де мал шаруашылығы жан-жақты дамытылу үстінде. Бірнеше ондаған мың адам осы істің басы-қасында жүр бүгінде. Соның нәтижесі емес пе, соңғы бес жыл ішінде өңірімізде ет өндіру ауқымы 19 пайызға артқан. Жамбыл ауданында ет өңдеуші «Оңтүстік халал тағамдары» ЖШС кәсіпорны іске қосылуымен ет және ет өнімдерін өндірудің айналым жүйесі мен ет кластерін қалыптастыру жұмыстары мәреге жетті. Аталған ет комбинаты әлі де толық қуатында жұмыс істеп жатқан жоқ. Тек аз көлемдегі етті экспортқа шығарумен ғана шектеліп отыр екен. Олар өз өнімдерін негізінен Араб елдеріне өткереді. Қуаттылығы жоғары, тәулігіне 200 бұқашық, 1200-1500 қой сойып, етін жіліктеп, ұқсатып, өңдеуге есептелінген. Малды өз бордақылау алаңдарында да байлап, семіртеді, тұрғындардан да қосымша мал қабылдап алады. Мұнда сойылатын сойыс малының жасы бір жастан, салмағы 20-22 келіден аспауы шарты қатаң сақталады. Саланың бүгінгі және таяу болашақтағы даму бағдарын қадери-халімізше саралап та бердік қой дейміз. Ең бастысы, ата кәсіп – мал шаруашылығы бүгін де өзінің маңыздылығын жойған жоқ. Бұл салаға мемлекет қамқорлық танытып-ақ жатыр. Соның нәтижесінде асыл тұқымды мал шаруашылығы қанатын кеңге жаюда. Тиісінше қамқорлық, қолдау көрсетілумен бірге, жастардың үлкен күші жұмылдырылуы керек бұл іске. Кеңес өкіметі кезінде Қазақстанда қой санын 50 миллионға жеткізу жөніндегі бастама – «екінші тыңға» қайталап, тереңдеп түрен салатын кез келді. Алайда кедергі де, қиындық та көп. Атап айтқанда, мал көп жерлерде суаты сайлы, жайылымы жайлы емес. Мал азығы – жемнің бағасы да «аспандаумен» тұр. Осының бәрі айналып келгенде мал өнімінің нарықтағы құнының қымбаттауына әкеліп соғатыны белгілі. Өнімнің толық өтпеуі, арзанға сатылуы біраз шаруашылықтың жұмысына кері әсерін тигізуде. Және бір мәселе – қойшының таяғы иесіз қалды. Көп жерлерде. Ауыл-елдегі малдың айналасында жүрген жастар бүгінде өте аз. Мектеп бітірген түлектердің арасында да ата кәсіпті алға оздырамын деп құрық ұстап кететіндері жоқтың қасында. Тәжірибелі шопан кадрлар жайы бөлек әңгіме. Мал бағуға жаңаша көзқарастың қажеттігі осындайдан туындайды.
Салада серпіліс бар
Кеңес одағы кезінде елімізде 37 миллион бас қой болған. Кейін бұл көрсеткіш құлдырағанымен, қазір өріс қайтадан қойға толып, түлік саны 18 миллион бастан асты. Мұның ішінде біздің облысымызда 3 миллионнан астам қой өсірілуде. Өкінішке қарай, отандық қой етінің дені экспортқа шығаруға сай емес. Сыртқы нарықтағы бәсекелестігі, рентабельділігі төмен, тауарлық түрі нашар. Сондықтан қойдың санын өсірумен қатар, оның өнімінің сапасын жоғарылату үшін Үкімет тарапынан «Алтын асық» бағдарламасы қабылданып, жүйелі жұмыс атқарылуда. Десе де, бұл қой шаруашылығын дамытудың күрмеулі мәселесін түбегейлі шешпейді. Сондықтан 2010 жылдан бастап елімізде қой шаруашылығын нарықтық қатынасқа сәйкес дамытудың кешенді бағдарламасы жасалғаны белгілі. Оны аяғына дейін жеткізу мақсатында республика бойынша қой шаруашылығы палатасы құрылып, жұмыс істей бастағанына көп уақыт өте қойған жоқ. Міне, осы құрылымның араласуымен бүгінде саладағы көптеген түйткілдер оң шешімін таба да бастады. Жалпы, салада еліміз бойынша 1990 жылы 284 мың тонна, 2015 жылы 164 мың тонна қой еті өндірілген екен. Ғалымдардың дәлелдеуінше, әрбір қазақстандық орта есеппен жылына 48 келі ет жейді екен. Оның 10 келіге жуығы қойдың еті болуы міндетті. Енді 164 мың тонна етті 18 миллион тұрғынға шағатын болсақ, бүгінде елімізде өндірілетін ет ішкі сұраныстан артылып жатқан жоқ. Экспорт көлемін қарайтын болсақ, 2015 жылы – 100, былтыр 191 тонна ғана қой еті экспортталған. Демек, қазіргі қой шаруашылығының өнімділігі экспорттың жағдайын айтарлықтай өзгерте қоймайды. Қытай мен Ресей өзге мемлекеттерден 1 миллион тонна ет импорттайды екен. Бұл нарықты қазақстандық ет өндірушілер алмастырса жаман ба? Ал ұлан-байтақ даласы бар қазақтар еттен өнім ала алмаса, бұл әлемдік тұтыну көлемінің едәуір азаюын туындатады. Сондықтан біз қой шаруашылығын дамытуды өз дастарханымыздың төңірегінен емес, әлемдік тұтыну нарығы тұрғысынан қарастыруымыз керек-ақ. Тағы бір толғағы жеткен мәселе – қой жүнінің керекке жарамай жатқандығы. Бүгінде елімізде жылына 37 мың тоннаның төңірегінде жүн өндіріледі. Бұл жүннің 5500 тоннасы шетелге жөнелтілсе, 5500 тоннасы өзімізде өңделеді, 26 мың тоннасы іске жарамай қалып жатыр. Ал елімізде жылына 7 миллионнан астам қой сойылады екен. Олардың 10 мың данадай терісі шетелге өткеріледі екен. Ішкі сұраныс та шамалы. Демек, бұл қой терісінің 99,8 пайызы далаға тасталып жатыр деген сөз. Жоғарыда айтқанымыздай, нормативтік көрсеткішке сәйкес 30 саулыққа бір қошқардан келеді десек, 500 саулығы бар шаруа қожалығы 16 қошқар сатып алуы керек. Сондықтан олар қошқардың бағасын тым қымбатсынып, 17 қошқардың орнына 10, тіпті 5 қошқар сатып алып, ұрықтандыру жоспарын орындай алмай жататыны кездескенін де жасыра алмаймыз. Расында бір қошқар 40 мың теңге тұрады десек, 700 мың теңге шаруа үшін аз ақша емес. Сондықтан палата мүшелері тиісті инстанцияға осыған дейін әр қошқарға беріліп келген 8 мың теңге субсидияны 25 мың теңгеге дейін көтеру туралы ұсыныспен шыққан болатын. Ақыры бұл ұсыныс Үкімет тарапынан қолдау тауып, биылдан бастап субсидия көлемі 20 мың теңгеге арттырылды. Демек, ендігі жерде әрбір шаруашылық 40 мың теңгелік асыл тұқымды қошқарды жарты бағасына сатып ала алады. Базардағы тауарлы қойдың өзі 20 мың теңгеден саудаланып жатқанын ескерсек, мұның өзі шаруаларға үлкен көмек болып отыр. Бұл да палатаның атқарған ауқымды шараларының бір парасы ғана. Мал шаруашылығы палатасы тек қана асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтардың ғана емес, тауарлы мал өсіретін тұрғындардың да малын асылдандыруға көмек көрсете бастады. – Бүгінде облыс бойынша сүт бағытындағы сиырлардың тұқымын асылдандыру белгіленген көлемде кедергісіз жүзеге асырылу үстінде. Жергілікті бюджеттен жеткілікті қаражат бөлініп, үш жылдан бері ұрықтандырушы-техниктерге де айлық жалақы тұрақты төлене бастады. Бұған дейін бұл жұмысқа мамандар тұрақтамай келген еді. «Асылдандыру-Тараз» мекемесі сұранысқа сай аудандарды аралап қызмет көрсетеді. Мекеменің аудандық бөлімшелерінің мамандары сиыр малын күйі келісімен ұрықтандырумен қамтып, асылдандыру ісіне өзіндік үлестерін қосуда. Жеке тұрғындардың иелігіндегі сиырларын тегін қолдан ұрықтандырып беріп жатыр, – дейді бұл тұрғыда «Асылдандыру-Тараз» ЖШС-ның директоры Нұрболат Тайтенов. Бәрін айт та, бірін айт, республикалық қой шаруашылығы палатасының алдағы жұмысы да ауқымды. Олар шаруа қожалықтарының қой тұқымын асылдандыру, будандастыру, тауарлы шаруашылықтардың өнімін, саулықтың үлесін арттыру, қой бордақылау алаңдарының жұмысын жандандыру, өндірілген өнімнің сапасын жақсарту, тері, жүн өңдеу саласын ретке келтіру, жайылымды тиімді пайдалану, құнарлылығын арттыру, суландыру мәселелерін шешуді де қолға алмақшы. Осы жұмыстар нақты жүзеге асырылған кезде еліміз қой етін экспорттайтын әлеуетті бірегей мемлекет қатарына енетін болады. Солай боларына сеніміміз де мол.