Экономика

Қытай компаниясының фермаларында 1 миллион 500 мың бас сиыр бағылады

Қытай компаниясының фермаларында 1 миллион 500 мың бас сиыр бағылады

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барды

Кеше облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған жамбылдық делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барды. Іссапардың алғашқы күні Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына орналасқан асыл тұқымды мал басын көбейтумен айналысатын «Xinjiang Silk Roab Huashuo Eguity Investment Co.LTD» компаниясының жұмысымен танысты. Төрт түрлі бағытта жұмыс істейтін бұл компания 2003 жылы кұрылған. 2013 жылы ет, сүт бағытындағы арнайы өсімтал ферма кұру жұмыстарын аяқтап, Америка Құрама Штаттары және Австрия мемлекетімен іскерлік қарым-қатынас орнатқан. Жобаның жалпы құны – 300 миллион юань. Компанияның фермаларында 1миллион 500 мың бас сиыр бағылып, оның жылына 600 мың басы етке өткізіледі. Сондай-ақ, әлемдегі озық технологиялардың арқасында мал басын қолдан ұрықтандыру мен асылдандыру жұмыстары осында жүргізіледі. Өз кезегінде компания президенті облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевқа бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығын айтты. – Аталған фермалар үшін ауа райының қолайлылығы өте қажет. Осындай жұмыстарды Жамбыл өңірінде өздеріңізбен бірге қолға алып, инвестиция салуға әзірміз, – деді компания президенті Изян Вэй. Іссапар соңында қос тарап арнайы жиын өткізіп, пікір алмасты. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев өңірдегі ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, озық технологияларды енгізуге дайын екенін жеткізді. Жиын соңында қос тарап мал басын көбейту мен асылдандыруға, жоңышқа егуге, томат сығындысы мен қызанақ өңдеуге қатысты меморандумға қол қойды. Жамбылдық делегацияның жұмыс сапары енді Шаньси провинциясының Сиань қаласында жалғасын таппақ.

Гүлбаршын Құланбаева, облыс әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі.

Қытай Халық Республикасы.