Кооператив – кәсіпті кедергісіз дамыту кепілі
Кооператив – кәсіпті кедергісіз дамыту кепілі
Ауыл тұрғындарының дені мал өсіріп, оның еті мен сүтін сатып күн көріп келеді. Олардың көпшілігі өнімдерін лайықты бағаға өткере алмай, делдалдарға «жем» болуда. Осы қиындықтарды еңсерудің жолы – ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне бірігу екенін біраз шаруалар айқын сезінуде. Елбасы үстіміздегі жылғы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында: «екіншіден, бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау керек» деп ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы біраз күн бұрын облысымызға жұмыс сапарымен келген кезде кооперативтерді көптеп құруға және жергілікті атқарушы органдарға оларға қолдау көрсетуге тапсырма берді. Т.Рысқұлов ауданында жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру, оның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда.
Ауданда қазірге дейін ұсақ шаруашылықтар және жеке тұлғалар біріккен 15 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылған. Солардың арасында Құлан ауылындағы «Құлан Агрогруп» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің игі ісі атап өтуге тұрарлық. Агроқұрылым мал бордақылап, ет өндірумен шұғылданады. Оған ауылдағы 22 отбасы мүше болып енген.
Әр отбасы өздерінің үй-жайларын кепілге қойып, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы өсімі 6 пайыздық жеңілдікпен әртүрлі көлемде несиеге қол жеткізген. Бұл қаржыға олар 9 айдан 2 жасқа дейінгі өгізшелер сатып алған. Жалпы, бүгінде кооперативте 190 бас өгізше бар. Бірқатар кооператив мүшелерінде 36 басқа дейін ірі қара болса, ең аз дегені 20 бас ірі қара бордақылап отыр. Бұрын олар өсірген малының етін өткере алмай қиналатын. Енді бұл мәселе жөнінен алаңдамайды. Бордақыланып, сойылған малдың етін кооператив төрағасы Ардақ Әуезбеков өткереді. Агроқұрылым мүшелері енді әрбір бордақылап, өткерілген малы үшін мемлекеттен 20 мың теңге субсидия алады. Мұның өзі шаруаның жемшөп сатып алуға жұмсалған шығынын өтейтіні сөзсіз. Семіртілген әр өгізше ветеринариялық талаптарға сәйкес сойылып, сату үшін рұқсат қағаз берілу керек. Сондықтан да кооперативке ауыл маңында мал сою алаңын салу үшін арнайы жер берілген. Оған жұмсалатын 22 миллион теңге қаржының жартысы мемлекет есебінен жабылатын болады. Нысанға «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында газ құбыры тартылып, жарық жеткізіледі. Олар бұған қоса, таяуда 7 226 мың теңгеге рефрижератор сатып алуды көздеуде. Оның да жарты бағасын мемлекет жауып береді. – Бізге бұл істе аудан әкімі Асқар Қырықбаев және басқа да атқарушы орган өкілдері үлкен көмек, қолдау керсетуде. Соның нәтижесінде жеңілдікпен алатын несиеге қиындықсыз қол жеткізілуде. Келешекте әлі де несиеге 60 бас мүйізді ірі қара сатып алуды жоспарлап отырмыз. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ несиені қайтаруда бізге үлкен жеңілдік жасауда. Мал бордақылаушыларымыз мекемеге қарыздарының бір бөлігін 6 айдан соң өгізшелерін семіртіп, өткергеннен кейін төлейді. Әлбетте, мұның өзі біз үшін үлкен жеңілдік, – дейді «Құлан Агрогруп» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Ардақ Әуезбеков. «Құлан Агрогруп» келешекте сүт өндіруді де көздеп отыр. Екі жүз басқа арналған тауарлы сүт фермасы салынып, онда мол өнім беретін асыл тұқымды сауын сиырлар сатып алынады. «Істің басы – ниет» дейді. Ардақ Әуезбеков бұл мақсатқа көп ұзамай қол жеткізетініне нық сенімді.
Т.Рысқұлов ауданы.
Ақылжан мамыт, «Ақ жол».