Жаһан

Тұрақтылық пен халқымыздың бірлігі – дамуымыздың кепілі

Тұрақтылық пен халқымыздың бірлігі – дамуымыздың кепілі

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев облысымызда жұмыс сапарымен болдыТараз – еліміздің көне тарихының куәгері

Мемлекет басшысы облысқа жұмыс сапарын «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығындағы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйі ғимаратымен танысудан бастады. Жаңа ғимарат үш қабаттан тұрады, биіктігі – 10 метр. Былтыр 10 қыркүйекте пайдалануға берілген. Республикалық бюджеттен оның құрылыс жұмыстарына 1 миллиард 277 миллион теңге бөлінген. Облысты мекен ететін 87 этнос өкілінің басын қосатын ауқымды да айшықты ғимаратта 240 орындық мәжіліс залы, 100 орындық акт залы, ғылыми-тәжірибелік кабинет, хор залы бар. Елбасының сындарлы саясатын көп ұлтты өңірде жүзеге асыру үшін түрлі іс-шаралар өткізіп отырады. Достық үйінде 175 қоғамдық келісім кеңесі, 27 аналар кеңесі, 12 медициналық кабинет және басқа да қоғамдық ұйымдар қызмет етеді. 73 этномәдени бірлестік осында Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуі жолында жұмыс жасайды. Елбасы достық пен бірлікті ту еткен Ассамблея ғимаратын аралап көріп, танысты. Мұнда Елбасын облысты мекен ететін тілі басқа, тілегі – бір, жүзі басқа, жүрегі – бір алуан ұлттың өкілдері қарсы алды. Мемлекет басшысы облыс жұртшылығы мен орыс, өзбек, ұйғыр, украин, басқа да этностар өкілдерінің жағдайларымен танысып, емен-жарқын әңгімелесті. Нұрсұлтан Әбішұлы өңірге әр жылдардағы жұмыс сапары барысында жүздескен, өзінің тікелей қабылдауларында болған жамбылдықтардың бірқатарын жақсы танитындықтан да әңгіме ауаны бірден жарасып сала берді. Өзбек және ұйғыр этномәдени орталықтарының жетекшілері Бахром Муминов пен Мухаббат Турдиева облыста да талай ұлттың өкілі ұлы достықты ту етіп, тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқанын жеткізе келе, «Еліміздегі ынтымақ пен бірлік, береке мен табыс тікелей сіздің еңбегіңіздің жемісі, сіздің сарабдал саясатыңызды бірауыздан қолдаймыз. Біз, барша жамбылдықтар сіздің тапсырмаларыңыз бен міндеттеріңізді орындау жолында ерекше қажыр-қайратпен еңбек ете береміз» деді. М.Турдиева Қазақстан халқы Ассамблеясының алқалы бір басқосуына барғанда Елбасының «Сіздердің барлығыңыз мемлекеттік тілді меңгерсеңіздер, мен бақытты Президент болар едім» деген сөзін еске алып, өзінің мемлекеттік тілді жетік меңгеріп алғанын, «Тіл жанашыры» төсбелгісімен де марапатталғанын жеткізді. Тәуелсіз Қазақстанның ертеңі – жастар атынан сөз алған «Қазақстан-Тараз» телеарнасының аудармашысы, орыс қызы Карина Картошова өзінің қазақ ауылында туып- өскенін, қазақ ағайындар өз қызындай көретінін, мемлекеттік тілді ана тіліндей ардақтайтынын айтты. Ассамблея мүшелері, сондай ақ, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы дер кезінде қолға алынған игілікті іс екенін атап көрсетіп, одан туындайтын міндеттерді орындау үшін аянбай тер төгетіндерін тілге тиек етті. Латын әліпбиіне көшу де мезгілі жеткен үлкен мәселе екенін алға тартып, мұны да қызу қолдайтындықтарын жеткізді. Өзбек, ұйғыр және орыс этностары атынан сөз алған Ассамблеяның қай мүшесі болсын әуелгі айтарын мемлекеттік тілде бастап, одан кейін ғана ресми тілге көшіп жатты. Сөз алғандардың қай-қайсысы да жергілікті ұлтқа деген құрметтерін осылайша білдірді. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің іргелес жатқан Өзбекстан мен Түрікменстанға сапарынан кейін келіп отырғанын еске сала келе, «Біздің кездесулеріміз бен уағдаластықтарымыздың нәтижесінде осыған дейін болған кедергілердің барлығы алынып тасталды. Бүгінде жақын көршілерімізбен тиімді ынтымақтасу үшін барлық жағдай жасалған» деп атап көрсетті. Өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының мәні мен маңызына тереңірек тоқталып, санамызды жаңғырту қоғам үшін қай кездегіден де өткір мәселе екендігіне, ақпараттық-цифрлық заманда бір орында тұруға болмайтынына айрықша назар аудартты. Елбасы бүгінгі талаптар мен жағдайға сәйкес ұдайы білім жетілдіріп отырудың қажеттігін, адамдармен бірге бүкіл қоғамның да бәсекеге қабілетті болуы тиіс екенін, Қазақстан халқы Ассамблеясының бірегейлігіне және мемлекеттік тіліміздің латын әліпбиіне көшуінің маңызды екенін айрықша атап көрсетті. «Мен тұрақтылық пен халқымыздың бірлігі дамуымыздың кепілі болып саналатынын әркез айтып жүрмін. Латын әліпбиіне өту мәселесін дұрыс түсінген жөн. Тіл – халқымызды одан әрі біріктіру үшін жетілуге тиіс» деді. Соғыс жүріп жатқан Сирия еліндегі ауыр жағдайды, небір дүниелердің тас-талқаны шыққанын, 5 миллион адамның босқынға ұшырағанын жеткізген Мемлекет басшысы Астанада өтіп жататын халықаралық түрлі саяси шаралардың мақсаты да әлемде бейбітшілік орнатуға қол жеткізу екенін атап көрсетті. Жастар тәрбиесі жайлы да тоқтала келе, бүгін үйленіп, ертең ажырасып жатқан жастардың тірлігіне қынжылысын да жасырып қала алмады. Нұрсұлтан Әбішұлы «Адам – қоғаммен адам» дей келе, жастарға жол көрсетіп, жан-жақты тәрбие беру қажет деп, тіл туралы тартымды ойымен бөлісті. «Бір елдің тілін білсең, ол елдің халқы сені жақсы көреді. Ағылшын немесе неміс тілінде сөйлесең, ондағы адамдардың құрметі ерекше болады» деп түйіндеді ол өзінің бұл тұрғыдағы ойын. Елбасы өзіне зор құрмет көрсетіп, ыстық ықыласпен қарсы алып жатқан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелеріне ризашылығын білдіріп, олармен ескерткіш суретке түсті. Мемлекет басшысы одан кейін «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығындағы ежелгі қаланың орнынан биыл аршылып алынған, Достық үйінің фойесіне қойылған орта ғасырлық жәдігерлерге де назар аударды. «Қазархеология» жауапкершілігі шектулі серіктестігінің директоры Жұман Смаилов қолдан жасалған шырағдан, қыш құмыралар, алтын, күмістен жасалған әйелдердің әшекей бұйымдарының орта ғасыр заманына тиесілі екенін айтты.Нұрсұлтан Әбішұлы Тараз – еліміздің көне тарихының көзі, куәгері екенін тағы да бір еске салып, қазба жұмыстарын одан әрі қарай жалғастыра беруді тапсырды. IMG_4354 IMG_4411Өңірде өндірілген өнімге сұраныс көп Инновациялық белсенді кәсіпорындардың санын көбейту үшін шетелден инвестиция тартудың маңызы зор. Бұл қадам халықаралық стандарттарға сай келетін сапалы өнім шығаруға әрі өнеркәсіптердің өндірістік қуатын арттыруға мүмкіндік береді. Мұны Жамбыл өңірінің өз тәжірибесінен көріп жүрміз. Мәселен, Үдемелі индустриялық -инновациялық даму бағдарламасының екінші кезеңінде аймақта 34 жобаны жүзеге асыру жоспарланған болатын. Жылына 150 мың тонна гипс өндіретін «ҚазУпакТрейд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инвестициялық жобасы – соның бірі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев облыстағы жұмыс сапары кезінде құрылыс материалдарын шығаратын осы зауытқа келіп, өндіріс орнының тыныс-тіршілігімен танысты. Жалпы, аграрлы-индустриалды Жамбыл өңірі – шетел инвесторлары үшін қолайлы аймақтың бірі. Облысымызда индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығында құны 557,2 миллиард теңгені құрайтын 34 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып, қазіргі таңда соның 20-дан астамы іске қосылғаны – соның дәлелі. Бұл жобалардың құны – 35,8 миллиард теңге. Ал ашылған жаңа өндіріс орындары жамбылдықтар үшін 1215 жаңа жұмыс орнын ұсынған. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекованың сөзіне сүйенсек, жыл соңына дейін сомасы 17,3 миллиард теңге болатын 13 жоба толық қуатында жұмыс істей бастаса, тағы 1400 тұрғын жұмыспен қамтылады екен. Зауыт аумағында Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа осы Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған және жүзеге асырылып жатқан «Қазфосфат», «ЕвроХим-Удобрение», «Talas Investment Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Тараз химиялық паркі» АЭА, «Aurum Deutschland», «Тенир Логистик», «Мынарал Тас Компани», «Каз Мия», «БиоВет КЗ», «Burnoye Solar», «Higer Quazar» ЖШС-тарының инвестициялық жобалары таныстырылды. Ал гипс және гипсокартон өндіретін зауыттың басшысы Нұрлан Алжанқұлов Елбасына кәсіпорынның алдағы жоспарлары туралы айтып берді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, кәсіпорын индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде іске қосылған. Жылына 150,0 мың тонна өнім өндіруге қуатты кәсіпорында дәл қазіргі кезде 50-ден астам адам жұмыспен қамтылған. Серіктестік директоры Нұрлан Лесбекұлының айтуынша, зауытта 5-6 айдың ішінде 20 тонна құрылыс гипсін өндіріпті. Қазірдің өзінде отандық өнімге сұраныс көп. Қырғыз елінен де сұраныс көп түсіп жатқан сыңайлы. Алдағы уақытта гипсті Өзбекстан және тағы басқа елдерге экспорттау да жоспарланып отыр екен. Елбасы түрлі мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларды іске асыру арқылы Жамбыл облысы қуатты индустриялық өңірге және еліміздің химия өнеркәсібінің орталығына айналуға тиіс екенін атап өтті. Соңында Елбасы «ҚазУпакТрейд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшыларымен және басшылығымен әңгімелесіп, еңбектеріне табыс тіледі. Негізі қазірдің өзінде инвестиция тарту арқылы өңірімізді бірте-бірте аграрлы-индустриалды аймақтан индустриалды-аграрлы өңірге айналдыратын нақты бастамалар бар. Мемлекет басшысына осы жобалар да таныстырылды. Қ.Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық технологиялық зерттеу институтының ректоры Ескендір Бейсембетов Қазақстанда құрастырылған электр-гибридті автобустарға арналған батареяларды шығаратын өндіріс орнын Таразда ашу жоспарланып отырғанын айтады. Былтыр Алматыда электр қуатымен жүретін автобустарды құрастыратын қазақстандық-қытайлық біріккен кәсіпорын іске қосылғаны мәлім. Осы өндіріс кешенінде жасалған көліктердің алғашқылары бұған дейін Астана, Алматы қалаларында қолданысқа берілген болатын. Енді, міне, жаңа автобустың бірі– Жамбыл жеріне де жетіпті. Ескендір Бейсембетовтың айтуынша, өндіріс кешені 58 адам сиятын ұзындығы 8,5 және 90 жүргіншіге арналған ұзындығы 12 метр болатын автобустарды шығара алады екен. «Көлік құралының бар жылдамдығы сағатына 70 шақырым. Автобустардың батареялары 10-12 минут қуаттаудан кейін 70 шақырым жүре алады», – дейді. Жаңа көпірдің пайдасы мол Мемлекет басшысы Тараз қаласының Айша бибі көшесіндегі біраз жылдардан бері «сақалды құрылысқа» айналған көпірді жаңғырту жобасы аясында атқарылған жұмыстармен де танысты. Елбасыға облыс әкімі К. Көкірекбаев осынау темір жол үстінен өтетін көпірдің маңызы жөнінде қысқаша баяндады. Бүгінде Тараз тұрғындарының саны 369 мыңға жетіп отыр. Оның жүз мыңнан астамы қала арқылы өтетін темір жол желісінің арғы жағында тұрады. Шаһардың осы екі бөлігінің жол-көлік қатынасы Абай даңғылы арқылы жүзеге асырылып келген болатын. Соңғы жылдары қалада автокөлік қозғалысының жиілігі 2-3 есеге артып, қала жолдарында кептеліс те көбейген-ді. Әсіресе, Қырғыз Республикасының шекарасындағы «Айша бибі» кеден бекеті бағытындағы жол-көлік қозғалысының қарқындылығы тәулігіне 4-5 мың автокөлікті құрағаны да Айша бибі көшесінің бойындағы құрылысы осыдан ширек ғасырдан астам уақыт бұрын басталып, тоқтап қалған автокөлік көпірі құрылысын соңына дейін жеткізудің қажеттігін туындатқан. Былтыр қолға алынған бұл іс өзінің мәресіне де жетті. Жалпы құны 1 917,311 миллион теңгені құрайтын жобаны іске асыруға 2016 жылы республикалық бюджеттен 1 119,0 миллион теңге, 2017 жылы облыстық бюджеттен 709,1 миллион теңге бөлінді. Жол өткелінің құрылысын «АрайСтройМаркет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Мердігер компания өткен жылы келісімшартқа сай бөлінген 1 828,1 миллион теңге көлеміндегі қаражатты толығымен игерді. Аталған жол өткелінің қозғалыс жолақтарының саны – 6, бұл көліктердің кедергісіз өтуіне мүмкіндік береді. Оның іске қосылуымен Тараз бен оның маңындағы тұрғын жай алқаптары арасындағы айналма жол 14 шақырымға қысқарып, облыс орталығы мен қала маңындағы 12 елді мекен аралығындағы көлік ағыны 40 пайызға төмендейтіні есептеліп шығарылған. Алдағы уақытта Тараз қаласынан осы өткел арқылы көршілес қырғыз елі шекарасына дейінгі айналымда жаңадан ұзындығы 16 шақырым жол салынатын болады. Жобаның құны – 3,2 миллиард теңгені құрайды. Бұдан әрі Президент Нұрсұлтан Назарбаев облыстық және республикалық маңызға ие жолдардың диаграммалық көрсеткішімен танысты. Облыс әкімінің орынбасары Ғ.Әбдірайымов өңірде 2020 жылға қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы көлік жолдарын 81, 5 пайызға жеткізу міндеті алға қойылып отырғанын айтып, бірқатар жаңа жобаларды алға тартты. Мемлекет басшысы бүгінде «ғасыр жобасы» аталып отырған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік жолының жергілікті тұрғындар қаншалықты игілігін көріп отырғандығына ықыластана назар аударды. Жалпы, облыс аумағынан 1 237 шақырым республикалық маңызға ие жолдар өтеді. Сонымен қатар өңірде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің 495 шақырымдық бөлігін жаңғыртудан өткізу өзінің мәресіне жетті. Автомагистральді жаңарту барысында 22 көпір, 15 өткел, 643 су құбыры желісі, 11 көлік көпірі іске қосылған. Бүгінде көлік дәлізі арқылы тәулігіне 7 500 автокөлік қатынайды. Бұдан басқа облыс аумағында республикалық маңызы бар тағы бір «Меркі – Шу – Бурылбайтал» автожолын жаңғырту жобасы жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Меркі – Шу – Бурылбайтал» автомобиль жолының 7-273 шақырымы аралығындағы жолдарды сапасына қарай І және ІІ санатты етіп қайта жаңғыртудан өткізу жоспарлануда. Жобаны іске асыру бойынша «Каздорпроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен әзірленген техникалық-экономикалық негіздеме мемлекеттік сараптамаға ұсынылды. Айта кетерлігі, ағымдағы жылдың қаңтар-шілдесіне облыс көліктерімен (коммерциялық тасымалдаумен айналысатын ұйымдар мен кәсіпкерлер тасыған жүк көлемін бағалауды есепке алғанда) 49419,6 мың тонна жүк тасымалданды, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда оның көлемі 5,3 пайызға көбейген. IMG_4546 IMG_4428Жағдай жақсарып келеді Елбасының Тараз қаласындағы іссапары «Арай Плаза» кешеніндегі келелі жиынға ұласты. Өңірдің зиялы қауымымен «дөңгелек үстелде» бас қосқан Ұлт Көшбасшысы жамбылдықтардың тілек-лебіздерін тыңдап, мемлекеттің бүгіні мен болашағы жолында қолға алынған мүдделі бастамаларды талқылады. Басқосудың бастамасында сапарының мақсатын түсіндіріп, маңызды мемлекеттік бағдарламалар аясында облыста атқарылған жұмыстарға тоқталды. «Елді аралап, өңірлердің жағдайымен танысып, халықтың ойын білу мен үшін дәстүрге айналды. Өзбекстаннан іссапардан шығып, жолшыбай сендердің жағдайларыңды білуге келдім. Қаланы аралап, жасалып жатқан шаруаларды көрдім. Жамбыл облысының өндірісі көбейсе, экономиканың ауқымы көбейеді, халықтың жағдайы өседі. Жаңадан «Нұрлы жер» бағдарламасымен мөлтек аудандар, жолдар салынып жатыр екен. Облыс арқылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» даңғыл жолы бар, темір жол, газ құбыры өтті. Бұрынғымен салыстырғанда жағдай жер мен көктей. Мұның барлығы елдің ішіндегі тыныштық пен біздің ауызбіршілігіміздің арқасында болды», – деді ел Президенті. Халықтың әл-ауқатын жақсарта түсу үшін әр салаға бағытталып жасалған бағдарламалардың мән-маңызын түсіндіріп, бұл ретте біздің өңірдің қосып жатқан үлесін тілге тиек етті. Олардың арасында қысқа мерзім ішінде жеті мың шақырым автомобиль жолдарын салуды көздейтін инфрақұрылымдық бағдарламалардан айналып өтпеген Елбасы «Жол – өмір, жол – экономика» екенін, тақтайдай тегіс жолдар уақытты үнемдейтінін, ал уақыт – ақша екенін айтты. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев өз кезегінде арнайы уақыт бөліп, киелі Жамбыл жеріне келгені үшін барлық жамбылдықтар атынан Елбасыға разылығын білдірді. «Кезінде өзіңіздің «Тараз – тарихымыздың темірқазығы», – деп айтқан сөзіңіз өңірдің қазақ халқының тарихындағы рөлін дәл айқындап берді. Қазіргі таңда біздің облыс «100 нақты қадам – Ұлт жоспарын», «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауыңызды іске асыру жолында қажырлы еңбек етуде», деді өңір басшысы. Сондай-ақ, үстіміздегі жылдың 8 айында облыс экономикасының барлық саласында оң серпін байқалғанын атап өтіп, көрсеткіштерді баяндады. Инвестиция көлемі 0,9 пайызға артты. Өндірістік өнім көлемі 0,6 пайызға жетіп, 227 миллиард теңгені құрапты. Биыл ауыл шаруашылығы бойынша 104,6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 2,6 пайызды құраған. Ауыл шаруашылығы дақылдары 630 мың гектарға орналастырылыпты. «Біз Аграрлық университеттің ғалымдарымен бірлесе отырып, бидай тұқымының сортын ауыстырып, жаңа технология енгіздік. Нәтижесінде соңғы екі жыл қатарынан әр гектардан 24-25 центнерден дәнді дақылдар алдық. Жалпы өнім екі есе артып, 1 миллион 200 мың тонна астық жиналды. Бұл – облыста бұрын-соңды болмаған көрсеткіш», – деп облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев ауыл шаруашылығы саласының жетістіктерін алға тартты. Облысымызда жұмыс сапарымен болды Елбасы осы орайда облыстың негізгі ауыл шаруашылық дақылдары – қызылша мен жүгерінің жайын сұрады. «Қазір біз басым дақылдар – қант қызылшасы, жүгері, мақсары, соя алқаптарын ұлғайту жұмыстарын жүргізудеміз. Биыл қант қызылшасы алқабын 9,5 мың гектарға жеткіздік. Өткен жылы 5 мың гектар жерден 116 мың тонна қызылша жиналып, орташа өнімділігі 232 центнерді құрады. Биыл 180 мың тонна өнім жинап, одан 18 мың тонна қант шығару жоспарлануда. Ол үшін Меркі қант зауытына 1 миллиард теңгеге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді», – деді Кәрім Нәсбекұлы. Нұрсұлтан Әбішұлы шағын бизнеспен шұғылданатын адамдар санын сұрағанда, қазір 122 мың адам бизнестің төңірегінде жұмыс жасап жатқанын, одан бөлек, «ЕуроХим», «Талас инвест компани», «Тараз химия паркі», «Тараз металлургиялық зауыты» төңірегінде индустриалды аймақ құрып, оларға жерін бөліп, шағын бизнеспен айналысуға жағдай жасалып жатқаны баяндалды. Сонымен қатар, жиында Елбасы облыстағы халықтың 42 пайызы өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғанына көңіл толмастық білдірді. «Сонда өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар кімдер? Бұл салықтан қашу үшін жасалған мәселе», – деп Елбасы елді мекендердегі халыққа бизнес бастау үшін шағын несие беру немесе қалаға апарып мамандыққа баулу жұмыстарын қолға алу қажеттігін тапсырды. Жамбылдықтардың  жылы лебізі Өңірдің соңғы сегіз айдағы әлеуметтік-экономикалық есебі тыңдалғаннан кейін кездесуге жиналған облыс өкілдеріне сөз берілді. Онда алғашқы болып ойын ортаға салған облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібайұлы былай деді: «Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, осыдан жиырма жыл бұрын Сенаттың бір отырысында біздің еліміз үйренуші елден үйретуші елге айналады деп айтып едіңіз. Қазір бұл сөзіңіз айна-қатесіз орындалып жатыр деуге болады. Қазір қатарынан қалпы озық, ортасынан ойы озық мемлекет болдық. Өзіміздің жаңа тарихымыздың жарқын беттерін жазып жатырмыз. Мен қоғамдық кеңестердің, мемлекеттік емес ұйымдардың атынан сөйлеп отырмын. Өйткені, сіздің пәрменіңізбен құрылған қоғамдық кеңестер билік пен бұқараның ақылдасу алаңы әрі дәнекері болып, заң аясында осындай функциясын орындап жатыр». Өңірдің зиялы қауым өкілі Елбасыға ЭКСПО - 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі үшін де разылығын жеткізді. Ол өз сөзінде ЭКСПО-ға облыстан 150 мың адам, оның ішінде зиялылар, ардагерлер, студенттер, мектеп оқушылары, үй шаруасындағы кісілер барып, разы боп қайтқанына тоқталып: «Дүние жүзінде баламалы энергияға деген қозғалыс жүріп жатыр ғой. Соның Астанадан бастау алуы бізді өте тебірентті», – деді. Сәтін салғанда Ұлт Көшбасшысының еңбегіне алғысын жаудыруға бекінген Жандар Кәрібайұлы ойын былай қорытындылады: «Біздің бабаларымыз кезінде «Тамыры терең қара емен, қасқайып күтер дауылды. Бірлігі мықты ел болса, барлығы түгел бауыр-ды», деп айтып кеткен. Міне сол бауырластықтың шынайы көрінісін біз көріп отырмыз». Зейнеткер Александр Савченко былай деді: «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауыңыз еліміздің болашаққа қарқынды қадам жасай отырып, ауқымды даму кезеңіне аяқ басқанының айғағы. «Цифрлы Қазақстан» жобасы осы мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл жоба барлық саладағы мемлекеттік басқарудың нәтижелілігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді. Яғни, жаңғыртудың өзегі болмақ». М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков: «Сіздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақалаңыз қалың көпшіліктің арасында үлкен серпіліс, саналық қозғалыс бергені бәрімізге белгілі. Сіз қазақтың ғалымдарына бүгін немен айналысу керек, қандай жобалар қазақстандық қоғамға аса қажет екенін шегелеп көрсеттіңіз. Жақында ғана латын әліпбиіне көшу мәселелеріне арналған Парламент тыңдауларына қатыстық. Жұмыс тобы дайындаған жиырма бес әріптен тұратын жаңа стандарттың жобасы ұсынылды. Сөзсіз, латын әліпбиіне көшу әлемдік өркениетке ілесу, көштен қалмау деген сөз. Біз оны жақсы түсінеміз және қолдаймыз» деп, сондай-ақ үш тілде білім беру мәселесіне тоқталып, университет қабырғасында осының аясында атқарылған жұмыстарды баяндап өтті. Оның бір көрінісі ретінде ЭКСПО - 2017 көрмесінде шет тілдерін жетік меңгерген университеттің студент жастары волонтерлық қызмет атқарып оралғанын атап өтті. Облыстағы ірі агроқұрылымның бірі – Т.Рысқұлов ауданында орналасқан «Шәушен» шаруа қожалығы. Жиында аталмыш қожалықтың жетекшісі Сайрамбай Дөненбаев та ой бөлісті: «Сіздің 2005 жылы біздің шаруашылығымызға келіп, жиын өткізгеніңіз есімізде. Жиында Елбасы ретінде бізге біраз тапсырмалар беріп, ел ағасы ретінде ниетіңізді, алғысыңызды, ақылыңызды айтқан едіңіз. Сол әңгімелер бізге серпін болды. Қамқорлығыңыздың аясында шаруашылығымыз біраз табыстарға жетті. Қой басы 44 мыңға, жылқы 2500 басқа, егістік жеріміз он мың гектарға дейін өсті. Сол кезде «табыстарыңды елдің игілігіне салыңдар» деген едіңіз. Сол жылдан бері ауылымызға малшылардың балаларына арнап елу орындық заманауи интернат салдық. Ат спортын өткізетін үлкен алаң салдық. Соғыс пен ашаршылық құрбандарына үлкен ескерткіш орнаттық. Биыл 92 орындық балабақша салып, аяқтадық. Мал бордақылау мен соятын орын ауылдан және Астанадан аштық. Қымызхана аштық. Бүгінде шаруашылығымыздан жылына 120 тонна сүт өндіретін қымыз зауытын іске қостық. Және қымызбен емдеу-сауықтыру кешені есебінде жүз орындық демалыс орнын аштық». Облыстың бетке ұстар шаруасының ісіне сүйсінген Елбасы: «Ауылдың бәрі осындай болса, керемет болар еді», деді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылық кооперативтерін құру мәселесін сұрап, ауылдағы шағын кооперативтерге қарайласып, қолдауды тапсырды. «Дөңгелек үстел» басына жетімдер үйінен сегіз ұлттың баласын бауырына басып, бүгінде 11 баланың анасы атанып жүрген Әлия Көбейгенова да шақырылған екен. Ол өз сөзінде қосағы екеуі осы балаларды еліміздің үлгілі азаматтары етіп тәрбиелеу үшін бар күшін салатынын айтты. Келешекте елімізде жетім балалар болмаса екен деп аналық ақ тілегін айтты. Осы орайда Елбасы «Шынында да, әр уақытта «Бақыт деген не?» деген сөзге жауап іздейді адам. Оны ғалымдар да, институттар да іздейді. Сонда Гарвард университеті он мың адамға сұрау салып: «Қандай адам бақытты болады» дегенде, бірінші орында баланы айтқан екен. Екінші орында жанұямен тату болуды, үшінші орында достар, төртінші орында басқа жұртқа жақсылық жасау, көмектесу бақыт екен. Кейінгі кезде қарттар үйіне барам, бұрын қазақтың шал-кемпірлері болмайтын. Қазір бар. Жанына отырып: «Қалыңыз қалай, балаңыз бар ма?» дегенде: «Қайтесің, қарағым» деп орнынан тұрып кетеді. Сол әбден ішіңді ашытады, жүрегіңді ауыртады. Бұл біздің ұлтымызға, жанымызға өте жат нәрсе. Сегіз баланы алғаныңыз сізді Алланың алдында бақытқа жеткізеді. Сондықтан өте жақсы жұмыс жасап жатырсыз. Рахмет!» деді. Тараз қаласындағы «Интеллектум» логиканы дамыту орталығының негізін қалаушы кәсіпкер Айгүл Сахыбаеваға да Елбасымен тілдесу бақыты бұйырды. «Астанадан бастау алған Старт-ап жоба екінші рет Таразда ашылды. Орталық ерекшелігі – бала логикасын ойыншық арқылы дамытады. Бүгінде елуге жуық баланы оқытсақ, Тараз қаласындағы он мектеп интеллектумды факультативті сабақ ретінде енгізіп отыр»дейді ол. «Солнышко Тараза» мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізіндегі балабақша жетекшісі Наталья Воронова да өз бастамасы туралы айтып берді. «Балабақшамыз инновациялық режімде жұмыс істейді. Бұл республикадағы эксперименталды 77 балабақшаның бірі. Онда бүлдіршіндер үш тілді үйренеді. Мен елімізде латын әліпбиінің енуін қолдаймын. Ағылшынды үйреніп жүрген балаларымызға латын әріптері оңай қабылданады». Облыстағы мектепке дейінгі тәрбиемен қамту мәселесін шешуге атсалысып жүрген Н.Воронованың сөзінен соң Елбасы интеллектінің балада алты жасқа дейін пайда болатынын, баланың тәрбиесін осы жасқа дейін қалыптастыру қажеттігін ата-аналар ұмытпауы тиіс екенін айтты. Сондай-ақ, балаларды балабақшамен қамту өте маңызды екенін, бала үйде жалғыз қалғаннан гөрі, ортада тәрбиеленгені дұрыстығын меңзеді. Облыс өкілдерінің сөзін қорытындылаған Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Дария Қожамжарова Елбасының «Туған жер» бағдарламасын айрықша серпіліспен қабылдағанын айтып, Тараз тарихтың темірқазығы болғандықтан, осы бағытта институт базасында үлкен ғылыми орталық ашқандарын жеткізді. Онда жергілікті ғалымдар, өлкетанушылар, көршілес республика ғалымдары бас қосып, жеті бағытта жұмыс істеп жатыр екен. Жетістік жетерлік, кемшіліктер де  жоқ емес Бір топ жамбылдықтардың жылы лебізі мен ілкімді ойларына алғысын білдірген Елбасы тарихы бай, тағылымы терең Тараз жері қазыналы Қаратаудың қойнауында, татулық пен тұрақтылықтың бесігінде тербеліп келе жатқан өңір екендігіне айрықша тоқталды. Сонымен қатар, қоғамдық сананы жаңғырту, еліміздің атағын әлемге паш еткен халықаралық ЭКСПО - 2017 көрмесінің төңірегінде ой толғады. Елімізде өткен Ислам ынтымақтастық ұйымының конференциясы туралы сөз қозғап: «Бұл 57 елдің басын қосатын БҰҰ-нан кейінгі ең үлкен ұйым саналады. Мұсылман ағайындардың басын біріктіру үшін мен біраз жұмыс жасадым. Ішіндегі іріткі болу, сунниттер, шейттер боп бөлу, бір-бірімен соғыстырып отырған батыстың саясаты оларды бір-бірінен ажыратып алып, сосын басқару. Сондықтан, мұсылман халықтарын террористер күйесінен ажырату мақсатында көп жұмыс өткіздік», деді Нұрсұлтан Назарбаев. «Жамбыл – үлкен өңірдің бірі. Халқының саны бойынша елімізде алтыншы орында. Бұл өңір еліміздің бірден-бір химия өнеркәсібінің өркендеген жері. Облыс өнеркәсібінің жиырма пайызын алып отыр. Индустриалдық бағдарламамен 53 бағдарлама іске қосылайын деп отыр. Оған мемлекеттен 158 миллиард теңге бөледі», – деп өндірістік табыстарға тоқталып, сонымен қатар ауыл шаруашылығындағы жетістіктерді шолып өтті. Елбасы жиында кейбір салалар бойынша ақсап тұрған көрсеткіштерді сынға алды. Ол – облыстағы әлеуметтік дамудың көрсеткіштері. «Химия кластері, өндіріс, ауыл шаруашылығы тауарларын өңдеу қосымша өнім береді. Бұнымен көбірек айналысу қажет. Етті жай апармай, оны өңдеп, шұжық жасау керек. Еттен, ұннан неше түрлі тауарлар шығару керек. Сонда оның бағасы жоғарылайды, жалпы облыс өнімі көбейеді. Облыс өзін-өзі қаржыландыруға ұмтылуы тиіс», деді. Өңірдің өндірістік мүмкіндіктері толық ашылмағаны сөз болды. «Бүгінде заманауи химиялық кластер құру бойынша жұмыс жүруде. Қаратау, Жаңатас қалаларындағы жобалар, «Тараз химиялық паркі» АЭА өнеркәсіптік өндірістің көлемін бір жарым есеге арттырады. Сондықтан әкімдік осы нысандардың дер кезінде іске қосылуына, өнім беруіне айрықша назар аударуы керек. Бірақ Жаңатас қаласындағы негізгі зауыт әлі іске қосылмаған. Бес жыл бұрын «Тараз химиялық паркі» АЭА пайда болды, бірақ оның аумағында әлі бірде-бір жоба жүзеге асырылмаған. Бұлай болмайды. Су, жарық, жылу жүргізілген. Бұл кәсіпкер үшін нағыз жұмақ қой. Өйткені кез келген бизнестің 40 пайыз шығыны инфрақұрылымға кетеді» деді. Сонымен қатар, нәтижелі жұмыспен қамтудың проблемасына айрықша назар аударды. «Бүгінде өңірде 523000 экономикалық белсенді халық немесе 42 пайыз тұрғын өз-өзін жұмыспен қамтығандар. Бұл өте нашар көрсеткіш республикада» деген Елбасы облыс әкімінің осы салаға жауапты орынбасары Бекболат Орынбековке нақты тапсырма берді. Сонымен қатар, халыққа бизнес бастаудың жолдарын көрсетіп, бағыт беру бойынша жұмысты ширату қажеттігін тапсырды. «Әр адамға жұмыс істеуді, бизнесті үйрету керек» деді. Облыстағы игерілмеген жерлерді қайтару мәселесі де Президенттің сынына ілікті. Осы орайда Бас прокуратураға барлық прокурорларға қолданылмай тұрған жерлерді қайтару туралы тапсырғанын айтып, облыстың бас прокурорынан аталмыш тапсырманы қалай орындап жатқанын, мемлекеттің жерін не өзі игермей, не өзгеге берілмеген жерлердің қаншасын қайтарғандарын сұрады. «Пайдаға аспай жатқан жерлерді қайтарып, онда отбасылық фермалар ашып, жерлер жұмыс істеуі керек» деді Елбасы. «Қазір біздерге де, жастарымызға да еті тірі болатын заман келді. Елбасы біздің еліміз бәсекеге қабілетті мемлекет екеніне сенім білдірді. Жиын соңында сөзін түйіндеген Нұрсұлтан Әбішұлы: «Адамда бір ғана Отан болады. Миллиардтаған ақшаң болып, батыстың бір жерінде тұрып жатсаң да, күнде кемемен жүріп, мейрамханаларда уақытыңды өткізсең де, бәрібір жалығасың оның бәрінен. Сен ол жақта бөтенсің, ешкімге керегің жоқ. Ол бақытсыз адамдар. Мен олардың ешқайсысына қызыға қарамаймын. Отаның, жерің, жақындарың болмаса, қашанғы шалқып жүре бересің. Сондықтан, Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу – біздің Тәуелсіздігімізді сақтауымыздың негізгі кепілі» деді.

Амангелді Әбіл, Ардақ Үсейінова,  Баймаханбет Ахмет,  Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген  Ақәділ Рысмахан.