- Advertisement -

Жыланның кегі

448

- Advertisement -

Елуінші жылдардың ортасы болуы керек, «Сұлтанбектің бозы» деген жерде, көктеуде отырғанбыз. «Бүйрекбастау» мен «Қотырбұлақтың» арасындағы кең алқапты бұрын осылай атайтын. Мына ауылдағы Сүйінбай, Сүйінбектің (ол кісілер қазір қайтыс болған) әкесі Омархан, оның әкесі Тәлей болса, Тәлейдің әкесі Сұлтанбек деген кісі осы жерді жайлап, соның атымен аталған көрінеді. Қазір бұл жерді ешкім бұлай атамайды. Қайбір жылы Мәденнің әкесі Ақылбек ақсақалға арнап ас беріліп, ат шаптырылғандықтан «Ақылбектің сөресі» деп атайтындар бар.

Бір күні күзге салым сол жоғарыда айтылған қоныста отырғанымызда ауылымызға Ақшолақ, Ақыртөбе жақтан бір үй көшіп келді. Жалғыз ұл баласы бар. Орта жастарға келіп қалған кісілер екен. Отағасының түрі боп-боз, аурушаң, әлжуаз көрінді. Ол уақыттағы жұрт қандай ұйымшыл, екі аяқты өгіз арбаға тиелген жүгін түсіріп, бес қанат киіз үйін әп-сәтте тігіп тастадық. Шешемнің қатары Зибаның ол кезде жас кезі, дереу самаурынды қайнатып жіберіп, әлгі кісілерді ерулікке шақыра қойды.

Шай үстінде білгеніміз, үй иесі өз ауылының маңында әлдеқалай бір жыланды өлтіріп қойыпты. Содан бірнеше күн өткенде таңертең оянса, дәл төсегінің жанында білектей қара шұбар жылан жатады. Бұл атып тұрып сыртқа жүгіреді. Ал жылан асықпай керегенің көгінен өтіп, ауыл сыртына қарай ирелеңдеп кете барады. Бұл жайт күнде болмаса да екі-үш күнде қайталанып тұрады. Бір таңғаларлығы, жылан шақпайды, тек таңертең тұрғанда дәл қасында бұған қарап, басын қақшитып, тілін жалаңдатып иіріліп жатады.
Бірнеше рет ақ та құяды. Тіпті, өлтірмекші де болады, бірақ «мұның бәрі алдында өлтірген жыланның себебінен болар, ерегісіп кетер» деп, райынан қайтады. Үйдің іргесін мықтап, есігін бекітіп, елдің айтуымен керегенің сыртынан бірнеше қайтара қыл арқанмен айналдыра шандып та көреді. Қанша жерден тас қылып, шегіртке кіре алмастай қымтағанымен жылан таңертең төсегінің жанында жатады. Баласы мен әйелі үйден безіп, төңіректегі ағайындарына барып, түнеп жүреді. Бұл да басқа үйге, тіпті көрші ауылдағы туысының тамына барып жатып көреді. Қайда, бәрібір жылан таңға жуық қасынан табылады. Мұны көргесін енді кім қондырсын?! Амал жоқ, өз шаңырағына келіп, көрер таңды көзбен атыратын болыпты. Қайдан шығатыны белгісіз, таң ата төсек тұсына келіп жататын жыланға да еті үйрене бастайды. «Адам үш күннен кейін көрге де үйренеді» деген осы болса керек-ті.
Күнделікті қорқыныштың салдарынан, әлде басқадай себептен бұл кісі күн санап азып, әлсірей береді, тіпті жүріп-тұруы мұң бола бастайды. Бірақ, еш жері ауырмайды. Жардай жігіттің көз алдарында жүнжіп бара жатқанын көрген ағайындары әркімнен сұрастырып, әлдебір елде, ұмытпасам қырғыз жерінде болу керек, «ескіше білімді, жылан тілін білетін молда бар» дегенді естіп, алып барады. Бар жағдайға қаныққан молда айтыпты:
– Ордалы жыланның бірін өлтірген екенсің. Сенің бағыңа ілгеріде ілімді молдалардың бірі тілдерін байлап кеткен жылан ордасына тап болыпсың. Әйтпесе сол күні-ақ шағып өлтіретін еді. Енді күнде жаныңа келіп, бойыңдағы бар күш-қуатыңды өзіне тартып алып, үнсіз арбап, бірте-бірте әлсіретіп өлтірмек қой. Оларды дәл қазір тоқтатуға менің шамам келмейді. Қолымнан келері өзіңді екі-үш күн оқып берейін, біраз түзелерсің. Берер кеңесім, батысты бетке алып көше бер, жеті көш жерге дейін бар, бір қалса сонда қалар, бірақ «қалды екен» деп қайтып келме, жеткен жеріңде жайланып жата бер. Ордалы жыландар бір қонысты жеті жылдан артық мекен етпейді, басқа жаққа ауады. Сол кезде еліңе келерсің, – депті. Анық есімде жоқ, қазіргі келген жері үшінші әлде төртінші жұрты болса керек.
Содан бұл кісілер ауылымызда тұрып, тып-тыныш өмір сүріп жатты. Ері мал бағысып, әйелі өз шаруасын атқарып, баласы бізбен ойнап жүрген еді, бір-екі апта өтті ме, өтпеді ме, бір күні ауыл «шу» ете қалды. Сыртқа жүгіре шықсақ, шеткері қонған, кейін көшіп келген үйдің маңына біраз адам жиналып қалыпты. Ұйқылы-ояу жетіп барғанда білгеніміз, үй егесінің төсегінен таңға таяу тағы да жылан шығыпты. Баламыз ғой, жыланды көргіміз келіп, ентелеп едік, үлкендер тыйып тастады. Сөйтсек онысы әлдеқашан кетіп қалған екен, ана кісіден басқа ешкімге көрінбепті. Әлі көз алдымда, әйелі баласын құшақтап, анадай жерде: «Құдай-ау, қыр соңымыздан қалмайтын қандай пәлеге тап болдық, түбімізге жетпей тынбайтын түрі бар ғой» деп, дауыс салып жылап отырды. Күйеуі түнеріп, төмен қараған күйі әлденелерді жинастырып жүрді, шамасы тағы көшуге бет алған сияқты. «Әжептеуір ұзап кеттік, енді құтылдық па?!» деп жүргенде, бүгінгі жағдай қатты тигені көрініп тұр.
Осы кезде Теңгеш марқұм, өзі адуынды, қайратты кісі еді:
–Қарақтарым, Құдайдың құдіретіне шара бар ма, қолымыздан не келеді? Осы уақытқа дейін сақтаған Құдай әлі де сақтар, сабыр қылыңдар. Анау молда кісінің айтқан жеріне әлі жеткен жоқсыңдар ғой, орта жолда қамыға бермеңдер. Жыланы түскір қайдан келіп қалып еді, қараң қалғыр, ештеңе етпес, ешқайсыңа тиген жоқ қой әйтеуір, болды енді, көшемін десеңдер жолдарың оңғарылсын, қазір біздікінен шай ішіп аттаныңдар, – деді.
Шай ішіп болған соң, үйін жығып, жүктерін буып, арбасына артып бердік. Аз күн болса да, үйренісіп қалыппыз, қимай қоштасып, «Тайбастау» жаққа беттеген жалғыз үйлі көшті көзбен ұзатып салдық. Өмірдің бір үзігінде шамалы қоңсы болған осынау кісілердің кейінгі тағдыры не болғаны белгісіз, «пәледен аман қалса, үйіріне қосылып, өсіп-өнген болар» деп ойлаймын кейде.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support