Ашық әңгіме, байыпты байлам
Ашық әңгіме, байыпты байлам
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев отандық және Қазақстанда тіркелген бірқатар шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін баспасөз мәслихатын өткізді.
Жиынға 50-ден астам қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Онда Мемлекет басшысы елімізде өткен халықаралық іс-шараларды қорытындылап, журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Әрине, еліміз үшін биылғы жылдың басты оқиғасы – ерекше елдік шара ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі. Қазіргі таңда оны ойдағыдай өткізіп, әлем назарын аударған әйгілі шараны абыроймен аяқтап, арқаны кеңге салып отырған жайымыз бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев журналистер алдында сөйлеген сөзінде алдымен осы шараның – ЭКСПО-2017 көрмесінің табысты болғанын айтып, Астанада өткен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі саммитінің де мән-маңызына тоқталды. Мемлекет басшысының пікірінше, ЭКСПО-ның басты жетістігі – Қазақстанның халықаралық көрмені Астанада өткізу мүмкіндігін жеңіп алуы. Бұл ретте Елбасы біз әлі де жас мемлекет болғандығымыздан өзімізді бүкіл әлемге көрсете білуіміз керектігін, ал көрменің тақырыбы – болашақтың энергиясы мәселесі бүгінде жаһандық маңызы бар сала болып отырғанын тілге тиек етті. Себебі, баламалы энергия қазіргі ғылым мен техниканың ең озық үлгісі саналады. «Мұндай көрмені 162 мемлекет өткізгісі келді. Көрмелердің тарихы 100 жылды құрайды. Әр тақырыпта, әр бағытта дүние жүзінде көрмелер өткізіледі. Осының алдында Миландағы көрмені барып көрген едім. Ол жай уақытша жасалған ғимараттардың ішінде өтті. Біткеннен кейін барлығын таратып алып кетті. Сондықтан ең маңыздысы, біз жас ел болғаннан кейін Қазақстанды дүние жүзіне көрсете білуіміз керек. Мұның төңірегінде әлі талай жұмыс істеу қажет», деді Елбасы. Президент көрме аяқталса да оның ғимараттарының барлығы бекер қалмайтынын тағы бір еске салды. Айтуынша, екі павильонында қаржы орталығы, ал тағы бір павильонда Қазақстанның көрмесі болады. Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, мұнан бөлек, бір павильонда ІТ-стартаптар паркі ашылады. Онда жастарға, ғалымдарға жаңалықтар ашуға барлық мүмкіндік жасалады. Сонымен қатар, тағы бір павильонда мектеп оқушыларын білімге, мамандыққа баулитын орталық ашылады. «Оны корейлермен бірге жасап жатырмыз. Ол да жастарға пайдалы», деді Елбасы. Қазақстан Президенті көрмеге қанша адам келгенін, оның қандай пайдасы болғанын да айтып берді. «2 милллион адам келеді деп ойлап едік, 4 миллионға жуық адам келді. Жалпы, әрі-бері кіріп шыққан адамдардың саны 25 миллионнан асты. Астанаға, Қазақстанға пайдасы көп болды. 1 400 қазақстандық компания қатысып, құрылыс материалдарын берді, құрылыс жұмыстарына қатысты. Олар 640 миллиард теңге қаражат игерді. Қонақ үйлердің, мейрамханалардың, дүкендер мен концерт залдарының барлығы серпіліп қалды. Олардың бәрі де ақша тапты, бизнес көтеріліп, қала бюджетіне үлкен қаржы құйылды. Осының барлығы пайдалы. Негізгісі, бүкіл дүние жүзінен, 185 елден адамдар келді, Қазақстанның облыстарынан мүлдем Астананы көрмегендер келді», деді Мемлекет басшысы. Елбасына баспасөз мәслихатында журналистер тарапынан ЭКСПО аумағында салынған пәтерлерді енді кімдер пайдаланады деген сұрақ та қойылған болатын. Осыған орай Президент ЭКСПО-2017 көрмесі аумағындағы пәтерлердің сатылатынын жеткізді. «Үш жылға жетпейтін уақыттың ішінде Астанада толықтай жаңа бір аудан салынды. Онда 1 400 пәтер бар. Ол пәтерлердің барлығы да елордалықтарға сатылады», деді Мемлекет басшысы. Баспасөз мәслихатында Қазақстан Президенті сонымен қатар, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге қатысты сұрақтарға да жауап берді. Сондай-ақ Сириядағы жағдайды реттеуге бағытталған Астана келіссөздері жөніндегі ойын ортаға салды. «Бұл мәселе бойынша Женева келіссөздері жүріп жатыр. Оған көптеген елдер қатысуда. Олардың бір кездері тығырыққа тіреліп қалған тұстары да болды. Сол уақытта Иран, Ресей, Түркия мен өзге де елдер Қазақстанның барлық мемлекеттермен қарым-қатынасы жақсы болғандықтан, маған келді. Келіссөздерді жүргізу алаңы керек еді. Біз келісімімізді бердік, келіссөздер жүріп жатыр, келесі раунды бүгін басталады. Осы келіссөздердің арқасында кейбір жерлерде соғысты тоқтатып, шиеленісті бәсеңсітудің үш ошағын құруға мүмкіндік туды. Бейбітшілік орнай бастады», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Ал кеше шиеленісті бәсеңсітудің келесі сатысы талқыланған. «Біз бұған көп үлесімізді қосып жатырмыз деп ойлаймын. Соңғы жылдары ол аймақтардан 5 миллион адам босып кетті. 186 мың адам қырылды деген сөз айтылып жатыр. «Не үшін?» деген сұрақ туындайды. Міне, сондықтан, біз Қазақстанда тұрақтылықты қадір тұтамыз. Әлемдік тарихтың ең әйгілі ескерткіштері қирап қалды. Мәдениеті тоналды», деді Мемлекет басшысы. Президент тағы да бұл мәселелерді шешуге Қазақстан бейбіт түрде шыққанын еске сала кетті. «Меніңше, бейбітшілікке дейін әлі алыс секілді. Бірақ әр мемлекет өз қарым-қабілетіне қарай үлесін қосуы керек. Біз жұмыстағы өз бөлігімізді атқарып жатырмыз. Бұл жұмысты жалғастыра беруіміз керек деген ойдамын», деді Президент.
Сондай-ақ, Елбасы қызығушылық танытқандарға жуырда АҚШ президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескенде, қандай мәселені талқылағанын да тарқатып айтты.
«Мемлекет басшысының телефонмен сөйлесулері – қалыпты жағдай. Қажет кезде қоңырау шаламыз. Ол президент болып сайланған кезде, қарашада телефон шалдым. Ол уақытта ұзақ әңгімелестік. Ол біздің өңірдегі, Ресейдегі, Қытайдағы ахуалға қызығушылық танытты. Одан кейін біз АҚШ пен араб елдерінің кездесуі өткен Эр-Риядта кездестік. Кейін ол маған қоңырау шалды. Оның алдында АҚШ Энергетика министрлігінің басшысы ЭКСПО-2017-ге келіп, мен қабылдаған едім. Ол риза болып, экспонаттарға, көрмені ұйымдастыру деңгейіне таң қалды. Барғаннан кейін басшылығына баяндап, ол маған қоңырау шалуға шешім қабылдаған сияқты», деді Елбасы. Мемлекет басшысының айтуынша, америкалық әріптесімен ең алдымен қазақстандық-америкалық қарым-қатынас жайында сөйлескен. «Мен АҚШ-тың компаниялары Қазақстанға 40 миллиард доллардан астам инвестиция салғанын еске салдым. Америкалық бизнестің қатысуымен 500 компания жұмыс істейді, ірі компаниялары да бар. Мен қазіргі уақытта қолданылып жатқан санкциялардың аталған компаниялардың жұмысына ықпал етпеуін сұрадым. Ол мұның Қазақстанға қатысы жоқтығын растады және АҚШ Қазақстанмен бұл қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға мүдделі екендігін қуаттады», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті Ресей мен АҚШ басшылары Владимир Путин мен Дональд Трамп жайлы да ойын ашық айтты. «Әлбетте, мен бізге жақын саналатын Ресеймен қарым-қатынас туралы сұрай алмадым. Бұл туралы алғашқы әңгімеміз өте сәтті болды. Мен Ресей мен Ресейдің басшысын Батыстың жөнді қабылдамайтынын, шынында, ол мүлде бөлек адам екенін тіке айттым. Сол кезде ол маған: «Сен білесің ғой, біз Германияда Путинмен кездестік. Ендігі кезекте бәрі жағдайға байланысты», деп жауап берді. Ондағы да, біздегі де жағдайға байланысты екені белгілі. Меніңше, бұл рельстен ауытқып, қарым-қатынасты түзеуге болатын секілді», деді Елбасы. Президент, сондай-ақ, екі елдің қарым-қатынасы реттелер деген сенімін білдірді. «Дональд Трамп Ресейдің үлкен мемлекет екенін айтқан еді. Әйтеуір бір күні біз бұл мәселені шешеміз. Сөзсіз, АҚШ пен Ресей ең ірі ядролық держава екені белгілі. Әлемдік мәселелерді Ресейсіз де, АҚШ-сыз да шешуге болмайды. Сондықтан, аяғында бұл позиция жағымды жаққа қарай өзгерер деп ойлаймын», деді Мемлекет басшысы. Баспасөз мәслихатында бұдан бөлек, Мемлекет басшысы қазақ тілін жетілдіру мен латын әліпбиіне көшудің маңыздылығына тоқталды. «Латынға көшу жайы баршаны да алаңдатып отыр. Бұл жайында көп айтылды. Біздің ғалымдар менің тапсырмаммен ұзақ уақыт жұмыс істеп, барлық тарихты қарап шықты. Көршіміз Өзбекстан, Түркия қалай енгізгендігін, олардың тәжірибесін қарады. Компьютерге бірден қоя салу үшін ілік болмау керектігін айттым. Ноқаты, үтірі бар, тек қазақ дыбысына тән 8 әріп бар. Міне, соларды нақтылау қажет. Барлық мәселе осында», деді Елбасы. Осы ретте Мемлекет басшысы латын әліпбиін енгізуді Парламентте талқылауды ұсынғанын тілге тиек етті. «Ымыра болғанда, тіл білімі мамандары мен тарихшылар ортақ келісімге келгенде мен жаңа әліпби жайында жария етемін. Бұл ертең осы әліпби қолданысқа енеді дегенді білдірмейді», деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, кирилл әрпі де өз қызметін жалғастыра беретінін атап өтті. Сонымен қатар, 2022 жылдан бастап 1-сыныптардың латын әліпбиімен оқитындығын жеткізді. «Меніңше, бұл тез өтеді. Өйткені, бүгінде барлық балалар ағылшын тілінде оқиды. Ал ол латынша. Сіздер мен біздер үшін де бұл үлкен проблема болмайды», деді Елбасы. Мемлекет басшысының атап өтуінше, әлемдегі ақпараттардың 70 пайызы латын әрпімен таралады, ғылыми-техникалық прогресс те осы тілде басым жүруде. Сонымен қатар, Елбасы латын әліпбиіне көшу жобасы соңына дейін тыңғылықты дайындалуы керектігін ескертті. «Қазақ тілінде щ, ю, я әріптері жоқ. Японияны қазақтар Жапония дейді. «ч», «ю», «я», «ь», «ъ» белгілері жоқ. Яғни біз осы әріптерді қолдану арқылы нағыз қазақ тілін бұрмаладық. Сондықтан бұл маңызды шара және онда ағаттыққа жол беруге болмайды», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Айтқандай, Елбасы мемлекеттік тіл латын әліпбиіне көшкеннен кейін барлық іс-қағаздар сол тілде жүргізілетінін де мәлімдеді. «Өзіңіз айтқандай, латын әліпбиіне көшкен жағдайда ол кирилл әрпінің қолданысына айтарлықтай кедергі келмейді. Бұл ретте құжат айналымында, іс-қағаздарда латын әліпбиінің рөлі қандай болмақ? Екеуінің қатар жүруі қиындық тудырмай ма?» деген сұрағымызға Президент осылай жауап берді. «Мемлекеттік тіл латын әрпінде болғаннан кейін барлық жүргізілетін құжаттар сол тілде болады. Бірақ ол тілді түсінбейтін азаматтарды ренжітпеу үшін оларға аударып беретін боламыз», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Журналистер тарапынан қойылған жиырмадан астам сұрақтың бәріне Елбасы егжей-тегжейлі жауап берді. Сұрақтар сан түрлі тақырыпты қамтыды. Мәселен, осы күзде девальвация болуы мүмкін бе деген де сұрақ қойылған болатын. Елбасы оның бәрі алып-қашпа әңгіме екендігін, дәл қазір оған ешқандай алғышарт жоқтығын айтты. «Теңгенің еркін бағамы дұрыс. Егер оны тізгіндеп ұстар болсақ, мемлекет қаржысын жұмсауға тура келеді. Әрине, мұнай бағасы 135 доллардан 40 долларға дейін құлаған жағдайда күрт өзгерістер болар еді. Ал қазір ондай алғышарттар жоқ. Мұнай бағасы қазір 52-55 долларды ұстап тұр», деді Президент. Елбасы сондай-ақ, Қазақстан мұнай өндіруді төмендету бойынша ОПЕК шешімін қолдауды жалғастыра беретінін атап өтті. «Біз ОПЕК-тің мұнай өндіруді төмендету бойынша ортақ пікіріне қосылдық. Қазақстан өндірісті 20 мың баррельге төмендетті. Дегенмен, Қашаған іске қосылғаннан кейін бұл мақсатқа жету бізге оңайға түскен жоқ. Бірақ біз мүдделестігімізді білдіріп отырамыз. Өйткені бұл бағаға ықпал етеді. Мұнайдың орташа бағасы − барреліне 52-55 доллар. Бұл бізге де, барлығына да қолайлы. Себебі біздің бюджетіміз 40-45 долларға есептелген. Егер бұл позиция жұмыс істейтін болса, онда біз мұнан әрі де баға бойынша осындай мүмкіншілікті ұстап тұру үшін оларды қолдаймыз», деді Президент. Елбасы мазмұны жаңартылған оқулықтарға қатысты қазақстандықтар тарапынан сын көп деген пікірге орай да өз ойын айтты. «Мән-жайды анықтайық. Балаларды дұрыс тәрбиелеп, дұрыс оқыту үшін, сұранысты қанағаттандыру үшін дұрыс оқулықтар керек. Ата-аналар да риза болуы тиіс. Білім және ғылым министрлігіне проблеманың неден туындағандығын анықтап, түсіндіруді тапсырамын», деді Елбасы. Журналистер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жиналған ақшаның жайына да алаңдаушылық танытты. Бұл ретте Мемлекет басшысы жиналған ақшаның ешқайда кетпейтінін, оның тиісті мақсатта жұмсалатынын айтты. Мәселен, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру реформасы кейінге шегерілгенімен, одан жиналған қаржы бар. Ол – 6 миллиард теңге шамасында. «Біз медициналық сақтандыру деген мәселені біртіндеп қарастырамыз. Себебі ол қажет. Жалпы біздің адамдар өз денсаулығын бағаламайды. Кеше мен Ұлттық ғылыми кардиоорталықтың басшысы Юрий Пямен сөйлестім. Ол маған «жүрекке ашық операция жасау Батыста 40-50 мың доллар, ал жүректі ауыстыру 500 мың доллар тұрады», дейді. Оны ауыстыру әр адамның қолынан келмейді ғой. Ол жақта ақша төлейді. Ал біздің жақта барлығы үкімет төлесін дейді. Ал егер медициналық сақтандыру қоры болатын болса, азаматтар өздерінің денсаулығына жауап береді. Яғни, қорға ақшаның бір бөлігін азаматтың өзі, бір бөлігін жұмыс берушілер, бір бөлігін мемлекет төлейді. Үш бөліктен тұрады. Біздің қазіргі зейнетақы жүйеміздің өзі сондай», деп бір атап көрсетті Елбасы. Сонымен қатар, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесін 3 жылда шешу қажеттігін алға тартты. «Медициналық сақтандыруға тезірек өтеміз деп ойлап едік, сараптап келгенде проблемалар шықты. Қазақстанда қорға ақша төлей алмайтын адамдар бар екен. Төлей алмайтындар емделген кезде қордан ақша ала алмайды. Сондықтан біз олардың мәселесін 3 жылдың ішінде шешуіміз қажет», деді Президент. Аталған мәселе өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған 2 миллионнан астам азаматқа қатысты екендігін жеткізді. «Оны анықтап қарасақ, оның жіктері бар. Оның 1 миллионы жұмыс істейді. Бірақ өздерін жұмыссызбын деп есептеп, салық төлемей отырады. Оның ішінде түрмеде отырғандар, кәмелет жасқа толмаған балалар бар. Сондықтан осының барлығын ескеру керек», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Баспасөз мәслихатында Қазақстан Президенті жастар жайында да көзқарасымен бөлісті. Жастарды түрлі діни ағымдардың жетегінде кетуден сақ болуға шақырды. «Дүниеде неше түрлі діни ағымдар бар. Сирияда қақтығыстар болып жатыр. Олар әр жерден жастарды шақырды. Ақша төлеп, соғысқа бейімдеді. «Елдеріңе қайтып, лаңкестік жасаңдар» деп үйретіп жатыр. Бізден де барып жатқан адамдарды білемін. Ол жастар бұл жерде өз орнын таба алмаған, не жұмысқа орналаспаған, не білім алмаған. Ақша төлейміз дегенге алданып қалады да ол жаққа отбасын да апарады. Сосын кете алмайды», деді Президент. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қазіргі таңда отандастарымыз соғысып жүрген елдердегі жағдайдың өте ауыр екенін айтты. «Қазір ол жақта барлығын бомбалап жатыр. Елді мекендерде елуін, қырқын өлтірдік деп хабарлап жатыр. Олардың ішінде біздің де балалар бар. Ондай жолға түспесе деймін. Біздің жастар үшін ол жақта ешқандай болашақ жоқ», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Президент шолақ шалбар мен қара киімнің қазаққа жат екенін тағы да ескертті. «Бұрын да айтқанмын, қазір де айтайын. Қазақтың қыздары, жалпы әйел азаматтары еш уақытта бетін бүркемеген. Қыздарымыз бұрымын жіберіп, шолпысын сыңғырлатып жүретін. Біздің аналарымыз батыр болған. Ерлерінің жанында жүріп соғысқан. Сонша ғасырлық тарихымызға, дәстүрімізге қарамай бүгін басқаша жолға түсеміз бе? Шалдардың шолтитып шалбар кигенін қайдан көрдіңіздер? Сақалын беліне түсіріп жүру мұсылмандықтың белгісі емес қой. Ол Құранның қай жерінде жазылыпты? Онда тұрған қандай ерекшелік бар? Оған кім қызығады? Ол біздікі емес. Ол салтымызды бұзады. Мен бұл туралы бір рет айттым. Мен айтқанын орындататын адаммын. Сондықтан жастарға осылардан аулақ болыңдар деймін», деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаевқа ақпараттық технологияларды пайдалануға қатысты, сондай-ақ қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкиннің таяуда болатын жекпе-жегі туралы да сұрақтар қойылды. «Бұл – Қазақстан халқы үшін үлкен оқиға! Ол бәрімізді теледидар алдына жинайды. Біздің жерлес GGG-дің атағы мен даңқы қазір жер жарып тұр. Бұл – өте маңызды кездесу. Мексикалық Альварес – өте танымал, шеберлігі жоғары боксшы», деді Президент. Мемлекет басшысы бұл кездесуде Геннадий Головкин жеңіске жетеді деп үміттенетінін айтты. «Жеңіске жетсе, Головкин орта салмақта кәсіби бокстың короліне айналып, Мұхаммед Әлимен және Майк Тайсонмен бір қатарда тұрады деп сенемін. Бұл ол үшін өте маңызды. Оған үлкен табыстар тілейік. Осы уақытта көршілерге сапар жасайтыныма қарамастан көремін. Барлығымыз да оған жанкүйер боламыз», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Иә, Елбасының осы сенбі-жексенбі күндері жұмыс сапарымен Өзбекстан мен Түрікменстанға барайын деп отырғаны белгілі. Баспасөз мәслихатында бұл сапардың да мән-жайы сұралды. «Қазір біздің көршілерімізбен, әсіресе Өзбекстанмен жағдай өте жақсы қалыптасуда. Мәселен, барлық өткізу пункттері ашық, олар біздің астыққа акцизді жойды десек те болады. Оларға Қазақстан арқылы Ташкенттен басқа облысқа баруларына немесе біздің Мақтаралдан Өзбекстан арқылы жүруімізге тура келген қарама-қайшы жағдай болды. Аталған екі пункт те жабық еді. Жол жаман, айналма жолмен 50-дің орнына 150 шақырым жүріп жүрдік. Қазіргі уақытта бұл дұрысталды және бәрі де жақсы болады», деді Елбасы. Мемлекет басшысы мысалға келтірген дерекке сүйенсек, ағымдағы жылы Өзбекстан мен Қазақстанның тауар айналымы 25 пайызға артқан. «Өте жақсы көрсеткіш, тауар алыс-берісі бар. Сондықтан мемлекетаралық қарым-қатынас пен өңірлік мәселелерді талқылайтын боламыз. Үш мемлекет Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақстан шекарада «түйісу нүктесіне» қол қоюы тиіс. Проблема жоқ. Бірақ шешім үшін оған қол қою қажет», деп атап өтті Президент. Нұрсұлтан Назарбаев Түрікменстанға сапарына қатысты Ашғабадта жабық ғимаратта өтетін және жауынгерлік өнер сынға түсетін V Азия ойындарының ашылуына баратындығын айтты. Динара БІТІК, «Егемен Қазақстан».
(«Егемен Қазақстан», 15 қыркүйек, 2017 жыл).