Үйрету курстарын ұйымдастырамыз
Үйрету курстарын ұйымдастырамыз
Жамбыл Ізтұяқ, облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы Тілдерді оқыту орталығының директоры.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылғандай, латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Себебі, латын графикасы қазіргі замандағы жаңа технологиялық ортаның, коммуникация, білім мен ғылымның негізгі тетігіне айналған. Қазіргі таңда латын әліпбиі үлкен беделге ие болып, қолданыс аясы да, мүмкіндігі де зор екендігін танытып отыр. Әлемде ақпараттың басым бөлігі ағылшын тілінде таратылатынын ескерсек, Қазақстан үшін латынға көшудің пайдасы өте көп болары сөзсіз. Сондай-ақ, бұл өзгеріс тіліміздің фонологиялық, лексикологиялық және терминологиялық жағынан дамуына бірден-бір кепіл бола алады. Латын әліпбиіне көшу – жай әліпбиді ауыстыра салу емес, ол біз үшін өркениетті шешім. Бұл біздің ашық әлемнің бір бөлігі болуға талпынуымызды, алға жылжығымыз келетінін растайды және бұл осыған дейін Қазақстандағы білім беру жүйесін жетілдіру туралы идеялармен байланысты. Дүниежүзі халқының 80 пайызы қолданатын латын әрпіне көшу озық инновациялар мен жаңа технологияға біртабан жақындаудың белгісі. Балаларымыз да осы арқылы электронды ақпарат құралдарын жылдам игеретін болады. Латын қарпіне көшу – бұл әлемдік білім саласын игеру үшін жасалып жатқан оқу бағдарламасына сәйкес, бүкіл әлем қарым-қатынас жасайтын ағылшын тілін жастарымыздың тезірек игеруіне мүмкіндік жасайды. «Латын әліпбиіне көшу керек» деп қанша жылдан бері айтылып келе жатыр. Енді іс жүзінде орындайтын кезі келді деп білемін. Тарихқа көз жүгіртсек, латын әліпбиі қазаққа жат емес. Бұл халқымыздың ғасырлар қойнауынан ұрпақтан-ұрпаққа жеткен сөз өнерін, қазақ әдебиетінің қайталанбас асыл мұрасын әлемге танытудың үлгісі деп білемін. Латын әліпбиіне көшу жұмыстарында асығыстыққа жол берілмейді деген ойдамын. Барлық шаралар бекітілген кестеге сәйкес жүргізіледі. Бұл ретте кадрларды даярлау, оқулықтарды, сөздіктерді басып шығару жұмыстары ескеріледі. Кейіннен жаппай таралыммен нормативтік сөздіктер, оқулықтар, оқу-әдістемелік кітаптар көпшілікке ұсынылады. Облыстық тілдерді оқыту орталығы да қазақ әліпбиінің латын графикасының соңғы үлгісі бекітілгеннен кейін ағымдағы жылдың соңына дейін арнайы тіл мамандарын дайындықтан өткізіп, 2018 жылдан бастап барлық сала қызметкерлеріне қысқа мерзімді латын әліпбиін үйрету курстарын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Тараз қаласы.