- Advertisement -

Ғасырлар сырын қойнауына жасырған…

183

- Advertisement -

Ортағасырлық Қордай қалашығында археологиялық қазба жұмыстары жүріп жатыр

SAM_3039 SAM_3032 SAM_2940-_1Қоғамда зор сілкініс әкелген Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлттық құндылықтар арқылы өскелең ұрпақты тәрбиелеуге айрықша мән берілген болса, оның ішінде ежелгі ескерткіштер мен кесенелер, көне қорымдар мен киелі мекендердің халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін қалаудағы маңызы айрықша атап көрсетілді. Мұндай көне тарих іздері Қордай жерінде де аз емес. Солардың бірі – ортағасырлық Қордай қалашығының орнында қазба жұмыстары биыл да жалғасты.
Топырағын түртсең, тарлан тарихтан сыр шертетін қазақ жерінің әр пұшпағы тәрізді терістігінде жазира Бетпақдалаға, түстігінде қазақ-қырғыз тел емген Шу өзеніне тіреліп, 8,9 мың шаршы шақырым атырапты алып жатқан Қордай жері жаратылыстың небір құбылыстарын, адамзат тарихының әрқилы кезеңдерін бастан өткерді. Қазақстан Ғылым Академиясының археологтар экспедициясының зерттеулері нәтижесінде, аудан аумағында алғашқы адамдар сонау тас ғасырынан (неолит дәуірі) бері жасап келгеніне болжам айтылады. Сол дәуірге тән таңбалы тастар, Сортөбе, Кішміш ауылдары жанындағы б.д.д. ІІ ғасырдағы сақтардың обалары, Қордай асуындағы көне қорғандар, Құлжабасы тауларындағы тастағы суреттер, Аңырақай даласы мен Жайсаңдағы тас мүсіндер, Ауқатты ауылының тұсынан сақ жауынгерінің бас киімі, V-VΙ және ΧΙ-ΧV ғасырларға тән ыдыс-аяқтар, тұрмыстық қолданыста болған заттардың табылуы осыған айғақ. Сонымен қатар, көне түркі жазуымен жазылған Ұзынсу жазуы деп аталатын Ұзынсу (Иірсу) өзенінің сол жағындағы тастағы «Орхон-Енисей», «Талас» жазуымен белгіленген 8 белгі мен 3 пиктограмма бар. Олардың біразы осы күндері Тараздағы және Бішкектегі тарихи-өлкетану мұражайларында сақтаулы. Сондай-ақ, Отардың батысында 40 шақырым жерде Кіндіктас тауының Ойжайлау шатқалында қола дәуірдің жүз шақты атты адам, түйе, бұқа, арқарлар бейнеленген петроглифтер табылған. Майбұлақтан жарты шақырым қашықтықтағы Қызылсайға барар жолға дейінгі жер асты үңгірі, Масаншы ауылдық аймағындағы біздің дәуірімізге дейінгі ΧΙ-ΧΙΙ ғасырларға тән бекініс орны, Жораз сайындағы тасқа салынған суреттер, Алмалы жақтағы екі бекініс, Майбұлақ жылғасының Шуға құяр тұсындағы ертедегі адамдар жерленген аумағы 150-200 метрлік ірі қорған бұл өңірде ертеде адамдардың тіршілік еткен эволюциялық өсу кезеңдерінен хабардар етеді. Ал, жалпы Қордай жерінде адамдар мекендеген ірі қоныстардан Георгиевск (Қордай) (ΧΙ-ΧΙΙ ғ.), Қысмышы (Кишмиши) (VΙΙ-ΙΧ ғ.), Қақпатас (X-XII ғ.), Ыстөбе (III-I ғ.) қалалары және бірнеше мекендер орны анықталған екен.
Ортағасырлық Георгиевск (Қордай) қаласына келсек, ол Батыс пен Шығысты – Рум мен Қытайды жалғап жатқан Ұлы Жібек жолының бір тармағында орын тепкен ірі қоныстардың бірі болған. Белгілі археолог Марат Қасенов «Ортағасырлық Георгиевск (Қордай) қаласы» деген зерттеу еңбегінде қазіргі аудан орталығы орналасқан жерде Χ-ΧΙΙ ғасырларда аты белгісіз (Георгиевск – шартты атауы) қала өмір сүргенін дәлелдеген болатын. Ол Шу өңірін бойлай салынған 60-қа жуық ортағасырлық қалалар мен елді мекендердің біріне жатқызылады.
X-XII ғасырларда Қордай жері Қарахан мемлекетінің құрамында болғаны мәлім. Осы кезеңде Шу өңірінде көптеген қалалар мен мекендер пайда болды. Георгиевск (Қордай) қаласы да өркендеген ірі қалалардың қатарында құнарлы Шу өңірінде және тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан тез өркендеп, ірі мәдени және саяси орталыққа айналды. Ұлы Жібек жолымен қалаға керуендер үздіксіз келіп-кетіп жатты. Солтүстік-батысқа қарай жүрген жол Георгиевск (Қордай), Жаңатұрмыс, Қақпатас, Тастұмсық елді мекендерінен өтіп, Тасөткел өткеліне келгенде Шу жолының негізгі тармағына қосылған. Қордай қаласынан шығысқа шыққан керуендер Қордай асуымен Керімбай төбе (Ақтерек) арқылы Алмалық, Іле өңіріне, одан Қытайға асатын. Батыс бағытында Бішпек арқылы Меркі (VΙΙ-ΧΙΙ ғ.), Құлан (VΙΙΙ-ΧΙΙ ғ.) қалалары мен Таразға өтетін. Қалада керуендерге қызмет көрсететін керуен сарайлар салынып, өркениетті елдер тауарлары мен мәдениетінің ықпалымен Χ-ΧΙΙ ғасырларда Қарахан және одан кейінгі қара қытайлар (қидандар) мемлекетінің құрамындағы үлкен орталықтардың біріне айналды. 1217 жылы Шыңғысхан әскері келгенде Шу өңірінің қалалары еш қарсылықсыз берілді. Бірақ біртіндеп өзінің өмір сүруін тоқтата бастады. Қордай қаласының халқы да билеушілер тарапынан жалғасқан өзара қырқысуларға байланысты ұдайы қырғынға ұшырай беріп, ақыры жұрт қаланы тастап кетті. Сөйтіп, қала ΧΙΙΙ ғасырда өмір сүруін тоқтатты.
Бүгінде Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, «Археология» оқу-ғылыми зертханасының қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты М.Қасеновтың зерттеуінше қаланың жобасы орта ғасырлық қалаларға тән. Айнала биік қамалдың сыртын су толтырылған терең ор қоршап жатқан. Қала ішінде керуен сарай, әкімшілік ғимараты, монша, әртүрлі шеберханалар болған. Қала орнын археолог Ю.Г.Платонов жетекшілік еткен жас өлкетанушылар алғаш рет 1937 жылы аршып зерттеді. ҚазМУ-дің профессоры Мадияр Елеуовтің археологиялық отряды 1982 жылы бекініс орнын тазалап, мұнараны қазып зерттеді. Кеңес дәуірінде көне қала маңынан кірпіш зауыты салынып, топырақты осы қаланың мәдени қабатынан, бекініс іргесінен алуынан қала орнының жартысын жойып жіберген. Қалған жартысын жергілікті тұрғындар қоқыс төгетін орынға айналдырған. Сөйтіп, мың жылдық тарихы бар Георгиевск (Қордай) қаласы тарихта дерегі ғана қалып, заттық белгілері өше бастаған еді.
Елбасының көне ескерткіштер мен киелі орындарды тарихи құндылықтар ретінде ұлттық код жасауға, болашақ ұрпақ тәрбиесіне негіздеу талаптарына орай, облыс әкімдігінің тарихи ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының ұйымдастыруымен биылғы жазда қала орнында қазба жұмыстары жалғастырылды. Тарих ғылымдарының докторы, «Археолог» халықаралық ғылыми-зеттеу орталығы ЖШС директоры, Әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дің археология, этнография және музей ісі кафедрасының профессоры, доцент Мадияр Елеуов бастаған археологтар тобы онда бірнеше тарихи нысандарды анықтап, жәдігерлерді тапты. Мадияр Елеуовтың елімізде археология ғылымының дамуына, осы сала мамандарын дайындауға қырық жылдан астам өз үлесін қосып жүрген білікті ұстаз екенін айта кеткен жөн. Оның жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында елімізде осы уақытқа дейін ғылымға белгісіз болып келген 300-ден аса ортағасырлық елді мекендер мен үлкенді-кішілі қалалардың орны ашылып, ғылыми айналымға енген. Археолог ғалымның зерттеулерінің нәтижесінде, орта ғасырдағы Сыр өзенінің орта, төменгі ағыстары, Қаратау мен Талас-Шу өңірлері арқылы өткен бірқатар керуен жолдарының бағыттары анықталып, олардың Ұлы Жібек жолымен байланысы белгілі болды. 400-дей ғылыми мақала мен 4 монографиялық еңбек жазған ғалымға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілген.
Өткен шілде, тамыз айларындағы М.Елеуов басшылық еткен археологиялық қазба нәтижесінде Қордай қалашығынан қыш құмыра, шырағдан, керамика ыдыстарының сынықтары, жүзден аса қой асықтары мен сүйектер табылды. Топырақ қабатынан астық сақтайтын ұра, керамика күйдіретін және тандыр пештер аршылып алынған. Мамандардың болжамы бойынша олар X-XII ғасырларға тән. Жәдігерлердің бір бөлігі жергілікті өлкетану мұражайына беріліп, қазба орнының үсті жауын-шашынның әсерінен бүлінбес үшін 13×10 метр көлемде жабылып, жан-жағы бекітілді. Ал енді бұл жердің айналасынан да бірнеше осындай төбешікке айналған көне құрылыс орындары байқалады.
Жалпы аумағы екі-үш гектардан аспайтын көне қалашық аудан орталығындағы № 51 орта мектептің шығыс тұсында орналасқан. Бұл жер ортағасырлық қала орны ретінде Қордай ауданы бойынша әзірленген туристік маршруттың жобасына енгізілген екен. Бірақ, қазіргі қалпында туристерге көрсетерлік халде емес. Шеткі көшенің үйлері, қора-қопсылары қол созымда тиіп тұр. Төбешіктердің әр жерінен құрылысқа топырақ қазып алынған орындары үңірейіп көрінеді. Тіпті, экскаватор шөмішінің іздерін де байқау қиын емес. Оның үстіне, айналада өртенген күл-қоқыстың іздері сайрап жатыр.
Жергілікті тарихи-өлкетану музейінің теңгеріміне алынған қазба орнын музей қызметкерлері жиі келіп қарап тұрады екен.
– Тарихи нысанның айналасы қоршалмағандықтан малдан қору, жұрттың әкеп тастайтын қоқыстарынан тазарту мүмкін болмай тұр, – дейді мұражай меңгерушісі Анжела Изаева мен ескерткіштерді қорғау инспекторы Аида Сейтали.
– Осы мақсатта археологтардың, билік өкілдерінің қатысуымен тұрғындармен жиындар да өткізілді. Әрине, ел ішінде тарихи мұраға жанашырлықпен қарайтындар баршылық. Олар алдағы уақытта да ғалымдар бұл жерде терең зерттеулер жүргізіп, төбешіктердің ішіне бүккен сырын аша түссе деген тілек айтады. Бұл үшін тарихи орынның айналасын адам, мал кірмейтіндей етіп қоршау, қорғауға алу туралы ұсыныстары құптарлық.
Қалай болғанда да, рухани жаңғыру бағыты орта ғасырлардан қалған тарихи мұраларды көздің қарашығындай сақтап, өскелең ұрпақ бабалар демін жанымен сезініп, көзімен көретін киелі орынға айналдыруды, болашаққа аманаттауды талап етеді.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support