Талантты адам бар жағынан да талантты
Талантты адам бар жағынан да талантты
Әлия БӨПЕЖАНОВА, өнертанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Сөз басы:
Қазақ руханиятына өткен ғасырдың орта тұсында келіп, содан бергі жарты ғасырдан астам уақыт бойы өнерімен қалың жұртына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан көрнекті қазақ актері, режиссері, өнер және қоғам қайраткері Асанәлі Әшімов шығармашылығы мен өмірі исі қазаққа жақсы белгілі. Өнері мен өмірі қалың елі, қазағының көз алдында өтіп, өрнектеліп келе жатқан Тұлғаның хас өнерін әлдеқашан мойындаған халық оны үнемі хан көтереді. «Талантты адам бар жағынан да талантты» деген бар. Әшімов өнерінің өзгеше бір қыры – жазушылығы. «ARNA-B» баспасы 2014 жылдан бері А.Әшімовтің көп томдық шығармалар жинағын шығарып келеді. Онда жұртшылыққа жақсы белгілі «Майраның әні», «Жан бөлек» жинақтары, 1984-2010 жылдар аралығын қамтитын «Менің жанрым – күнделік» кітабы, инсценировкалары, эсселері, естеліктері, әр жылдарда баспасөзге берген сұхбаттары, сондай-ақ өнер саңлағының болмысы мен өнері туралы замандастарының мақалалары топтастырылған. Бұл кітаптар туралы қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовтен бастап небір мүйізі қарағайдай академик, ғалымдар, жазушылар, өнер адамдары, әкім-қаралар, жас буын пікірін білдірген, талдаған, жоғары бағалаған. Автордың өз пікірін келтірсек, алғашқы жазулары этюдтер, спектакльдердегі рольдер болып басталып, кейін күнделікке ауысыпты. Бала кезде «Он алты қыз» әнінің сарынымен өлең шығарса, студент кезінде қабырға газетінің редакторы болыпты. Күнделікті студент кезінен жаза бастапты, бірақ, он үш дәптері кезінде жоғалып кетіпті. Шығармашылығының жақсы бір қанаты жазу болғанымен, Асаға өзін жазушымын деп есептемейді. Шындығында да бір қарамаққа, Асанәлі Әшімовті жазушы деу көңілге қоныңқырамайтын да сияқты. Жазушы болсаң Мұхтар Әуезовтей, Асқар Сүлейменовтей, Сайын Мұратбековтей, Қалихан Ысқақтай, Әбіш Кекілбаевтай; ...Әбдіжәміл Нұрпейісовтей, Төлен, Қажығали, Дулат, Тынымбай, Сатыбалды, Смағұлдардай... (тізімді жалғастыра беруге болады) бол, дейді ғой баяғы қазақы көңіл. Және қазақ оқырманы негізінен өлең-жыр, проза оқып үйренген. Дей тұрғанда... Әдебиеттің әртүрлі жанры, жазушылықтың сан қыры мен сыры бар ғой. Жазамын деген, айтарым бар деген адам өзіне қолайлы жанр таңдайды. Сол жанрлардың бірі – оқырман қауым, меніңше, әсіресе, соңғы кезеңде сүйіп оқитын деректі проза, яғни мемуарлық әдебиет. Жазушы Асанәлі Әшімовтің аяулы жары, белгілі опера әншісі Майра Айманова туралы «Майраның әні» және қос перзенті Мәди мен Сағи туралы «Жан бөлек...» кітаптары – естелік кітаптар, яғни деректі прозаға жатады. Бұл прозаның, демек, естеліктер, күнделіктер, ой-толғамдардың әлем әдебиетінде сан ұрпақ оқырманның рухани азығына; әдебиеттану, лингвистика, психология және семиотика ғылымдарының талдау объектісіне айналған небір көркем үлгілері бар. Бұл ретте сонау Еуропадағы Қайта өрлеу дәуірінде өмір сүрген француз жазушысы һәм философы Монтеньнің атақты «Тәжірибелерінен» бастап, Ларошфуконың «Максималары», атақты Розановтың күнделіктік проза циклы, Чехов, Блок, Брюсов, Михаил Булгаковтың күнделіктері, кезінде шетелге эмиграцияға кеткен Ходасевич, Гиппиус, Берберовалардың, көрнекті актер Чарли Чаплиннің күнделіктерін, Хемингуэйдің жазушылар мен суретшілер, артистердің арман қаласы Париж туралы «Париж – мәңгілік бірге мереке» атты эссе-кітабын, тағы да көптеген авторларды, шығармаларды атауға болады. Естеліктерден қазақ әдебиеті де кенде емес. Жалпы, мемуарлық әдебиет негізінен ғасырлар тоғысында молаяды екен. Әдебиетте, өнер адамдарында естелік кітаптар, өзі және өнері, серіктестері туралы жазу үрдісі бұрыннан бар. Мысалы, Асағаң өзі ұстаз санайтын алыптар тобынан Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұловтың, Сәбира Майқанованың, Қапан Бадыровтың, Асқар Тоқпановтың, Бикен Римованың кітаптары бар. Соңғы жылдары «Өнер» баспасында «Әйгілі адамдар» сериясынан Фарида Шәріпова, Әнуар Молдабеков, Есболған Жайсаңбаев, Хабиба Елебекова және көрнекті режиссер, өнер қайраткері Есмұхан Обаев, Есағаның, Торғын Тасыбекованың мазмұнды да көркем кітаптары жарық көрді. Ал күнделік деген бір ерекше жанр. Қалың оқырман күнделік атаулыны өте қызығып оқиды. Ары, әріге бармағанның өзінде Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергеновтің күнделіктері, Қасым Аманжолов, Әбу Сәрсенбаев ақындардың, Гер-аға – Герольд Бельгердің баспасөзде жарық көрген жазбалары мен күнделіктері, Қадыр ақынның күнделіктің ерекше бір формасы деуге болатын, кезінде көп пікірталас, реніш тудырған «Иірім» кітабы, сондай-ақ Мұрат Әуезовтің пәлсапалық-зерделемелік тереңімен тартатын күнделіктері, Сәбит аға Оразбаевтың өмір мен өнер туралы жанды да құнарлы әңгімелері... Қалың оқырман Асаға, Асанәлі Әшімовтің күнделіктерін қызығып, күтіп жүріп оқиды.
Негізгі сөз:
Жалпы, мемуар жанры жазушыдан белгілі бір жинақылықты, толысуды, парасатты талап етеді. Ал, әдебиеттің ерекше жанрына жататын күнделік шығармалар адам жанының портреті десе болады. Және де күнделік жүргізу – үлкен мәдениеттің белгісі. Мұндай шығармалардан естелік арналған адам ғана емес, ең алдымен сол естелік жазып отырған адамның жан дүниесі, ой-өріс, өресі, дүниетанымы танылады. Мемуар-естеліктерде, күнделіктерде жазушы көзімен зерделенген өмір, сараланған оқиғалар, уақыттың бейнесі, уақыттың тынымсыз қозғалысы бейнеленеді. Ол қозғалыста қоғам да, адам да, қоғамдық сананың бір формасы – өнер де көркем тыныс алады. Мысалы, Достоевскийдің «Жазушы күнделігінде» өз шығармашылығында көрінген, өзін толғантқан мәселенің бәрі қамтылады. Ең терең пәлсапалық тақырыптар, адамгершілік, имандылық мәселелерінен бастап, мемлекеттің сыртқы, ішкі саясатына дейін сөз болады. Ал, ол күнделіктер бүгінгі таңда суреткердің өзі өмір кешкен кезеңдегі құбылыстардың мәнін аша білуімен құнды. Асанәлі Әшімовтің шығармаларынан да осы сипаттар бек танылады. «Бұл кітаптарда аяулыларыммен әңгімелесе, сырласа отырып, мынау фәни дүниеге, тіршілікке талдау жасадым. Өткен өмір жолыма тереңнен үңілдім» дейді өзі. Жарық көрісімен баспасөзде кеңінен талқыланып, өзінің жоғары бағасын алып үлгерген бұл кітаптарды, енді бір орайдан, А.Әшімовтің аяулы жандарына арнаған реквиемі, орнатқан рухани ескерткіші десе болады. Аяулы жар, ардақты келін, парасатты ана, дарынды әнші Майрамен (Айманова) мазмұнды ғұмырын еске ала отырып, өнер жолы өз алдына, жарасымды ғұмыр кешу, берекелі отбасы болудың қарапайым қағидаларын алға тартады. Аяулы ұлдары Мәди мен Сағидың өліміне қайғыра отырып, тәубаға келуді ұмытпайды. Әдетте естеліктер, сөз жоқ, ностальгия, кей тұстарда әсірелеуге бой алдыратыны бар. Ал, бұл кітаптарда Майраның бейнесі өз болмысынан туындайды. Асаға Майрамен сырласады, екеуі кешкен өмірдің мазмұнын, өнердің мәнін зерделейді, аяулы жарының жібек мінезін айта отырып, өз кемшіліктерін айтады, айта отырып арылады. Бұл кітапта «өз махаббатына зор мән бере білген және оны бүкіл өмірінің іс-әрекетіне айналдыра білген ер әйелдің» ұлағатты өмірі, нұрлы жүрегі бар. Көрнекті актриса Бикен Римова Майраны «Күнтай!» депті кітапта. Қазақта «Айдай», «Күндей» деген керемет теңеулер бар. Майра апайымызды «Күндей» десе жарасады екен. Естелік кітаптарда осы бір Күндей әйелдің сүйікті жарына, балаларына, ата-анасына деген махаббаты оқырманына шуақ сыйлайды. Асекең шығармашылығында тағы бір ұлы әйелдің бейнесі бар. Ол – Тәжіхан ана. Асағаның анасы. Тәжіхан ана – Асқар Сүлейменовтің анасы – Айтоты-Қымбат, Әбіш Кекілбаевтың анасы – Айсәуле, Сәбит Оразбаевтың анасы – Апақай, менің әжем Мәуия Жүнісқызы, сондай-ақ әкелері соғыстан оралмаған ұрпақтың ұстын-тірегі болған өзге де асыл аналар галереясындағы үлкен типтік тұлға. Бұл аналардың әдеби көркем бейнесін шартты түрде алғанда Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айшасындағы» Айшадан танимыз. Ал, Асанәлі перзенттің Тәжіхан ананың үмітін ақтағаны, ардақтауы, аялауы, өзара әзілі, ана-бала қарым-қатынасының моделі де жастарға үлгі деу керек. Асанәлі Әшімов шығармаларының ішінде ерекше қызғылықтысы – күнделіктері. Күнделік – ерекше жанр дедік. Оны әдетте әдеби тәсіл ретінде алатын жазушылар бар. Мысалы, баяндау мәнері тілдік деңгейде көрінеді. Әлем әдебиетінде күнделік композициясы, баяндау формасы және тілі жағынан дара тұрады. Тағы бір ерекшелігі – көркем прозадай, яғни роман, повесть, әңгімелердей көп таралмаған жанр. Бұл жанрға деген қызығушылықтың жоғары болатыны – әдебиеттегі ең шынайы, өмірлік негізі бар шығарма екенінде. Асанәлі аға күнделіктері өмірдерекке, оқиғаға бай, жарқын, жасампаз рухты, мәдениеті жоғары болып келеді. Суреткерлік қырағы көз көп нәрсені байқайды, талдайды. Бірақ, күнделікке соның квитэссенциясы ғана түседі. Өзі айтпақшы, мысалы, «Жусанның иісі – қазақтың иісі» дейді. Осы үш сөзде қаншама мағына, контекст жатыр. Өзінің әзілдеп «Сәбең сияқтымын» деуінде – халықтық сипаттың мықтылығы меңзеледі. Күнделіктерде автордың айтқыштығы, тапқырлығы, әдемі әзілдері әдемі тұздық болып отырады. Мұнда замандастарының портреті мол. Мысалы, күнделікте көп кездесетін есімдердің бірі белгілі сәулетші – Шота Уәлиханов. Күнделіктерде оның сүйіспеншілікпен жазылған портретін танисыз – ол кісінің бүкіл мінезін, табиғатын, ал, эсселерден тіпті бәлішті жақсы көретініне дейін біліп отырасыз. «Шота – менің шабытымды оятушы» дейді Асағаң бір сұхбатында. (Әшағаң, Әшірбек Сығай әріптесі, замандас досы Аман Беққұлұлы туралы осылай деген болар еді.) Бұл кітаптардың құндылығы – өнердің ұзақ жылғы тарихын сұлбалайды. Көрген өнер мектебі, ұстаздары Қуанышбаев, Қожамқұлов, Өмірзақов, Айманов, Тоқпанов, Майқанова, Бөкеева, Римова туралы, достары Молдабеков, Жайсаңбаевтар туралы сағынышпен жазады, олардың шығармашылық лабораторияларын ашады. Әсіресе, Шәкен Аймановтың өнер мектебі туралы материал толымды. Айманов туралы кітап жазамын деген адамға таптырмас материалдар. Өзі айтпақшы, аға буынның үлкен мектебінен өткен Әшімов кітаптары – суреткерлік-эстетикалық көзқарастары мен шығармашылық ұстанымдарына толы. Бұл кітаптарда актердің жасаған бейнелері, ізденістері, шеберлік сырлары, рольдердің актерлік трактовкалары, режиссерлік ізденістері – бәрі-бәрі жинақталған. – Актер адам жанының инженері, дейді. – Өнер атаулы кез келген пенденің болмысына мағына дарытады, пенде өмірінің мән-мазмұнын ашады. – Білім мен талант тоғысқан жерде образдың бағы жанады. – Сахнада шер тарқатқан актер анадан жаңа туғандай болады. – Өнер ұлттық болуы шарт. – Әр актер өз ролінің авторы болуы керек. – Автордың не айтпақ болғанын зерделеймін. Мәтін астарына үңіліп, мағына іздеймін. Сахнаға импровизация керек. Партнерге айтқан болып залдағы көрерменге ой тастаймын, деп ой толғайды автор. Актердің роль жасау шеберлігі туралы жазбалары да жеткілікті. Мысалы, Бекежан мен Шадияров рольдеріне қатар түсіп жүргенде тапқан шешімдері туралы осы кітапта әдемі айтылады. Актердің осы ойларының жүлгесі көрнекті театр сыншысы Әшірбек Сығай мен театртанушы Меруерт Жақсылықова, тағы басқалардың мақалаларына азық болып, жақсы жалғасын тауып, талданады. Әшімовтің режиссерлік ұстанымдары да жетерлік. – Актерлік режиссура деген болады, дейді. Және өзін осы қатарға қосады. – Режиссерлік шешім жасаймын деп негізгі материалдан сәл де болса ауытқуды қолдамаймын. Шебер болсаң «ішкі» жаңалықтарды іздестіруге ұмтыл, дейді. Бұл тұс, біздіңше, атақты Товстоноговтың «режиссер жас кезінде пьесадан өзін іздейді, жасы ұлғайып, толысқанда пьесадағы ойдың түбіне жетуге ұмтылады» дейтінімен үндес. – Режиссер болсаң актерді ойната біл. Бұл ретте автор көптеген кинорежиссерлердің киносына кәсіби актерлерді түсірмеуі кәсібилік еместігін айтады. – Сахнада актерлер көтеріңкі леппен сөйлейді. Бұл дұрыс емес дейді. Өмірде адамдар олай сөйлеспейді ғой. Меніңше, актерде ішкі қуат болуы керек. – Асқар Сүлейменов драматургиясы туралы пікірін білдіре келе «Асқар күрделі ойларын күшті режиссердің еншісіне қалдырады. Актер мен режиссер қиялына орын қалдырады» дегенде пьесада, спектакльде ішкі кеңістік, қуат болуы қажеттігін меңзейді. Біздер спектакльдерден көп іздейтін Шекспир, Чехов, Теннеси Уильямс, Юджин О’.Нил пьесаларындағыдай көпөлшемділік – осы болса керек. Атын атап, түсін түстемегенімен, жаңа драматургияны аңсау болса керек. – Шахмат актер, режиссер үшін қажет ойын. Кейбір сахнадағы, кинодағы жұмыстарымда шахмат позициясына құрылған мизансценаларым бар, дейді автор. Бұл ретте италиялық атақты режиссер Луко Ронконидің ұлы деп танылған екі спектаклі «Өлермен Роланд» пен «Адамзаттың соңғы күндері» еске түседі. Өте үлкен өндірістік зал сахнаға айналдырылып, бүкіл сахна қимыл-қарекетке құрылған спектакльде көрермен сахнадағы оқиғалардан өзі қалағанын шахматтық принциппен көруге тура келетіні, солайша ыңғайлы болатыны еске түседі. Ал, режиссер Әшімов «шахмат позициясына құрылған мизансценаларымды Шоқанды түсіру кезінде сәтті пайдаландым. Қашқарлық шал Нармағамбеттің Шоқанмен шахмат арқылы сөйлесетінін түсірген эпизодты айтамын» дейді. Бүгінгі және болашақ зерттеушілерге режиссердің осы лабораториясын киносынан көріп, салыстыра-талдау да сөзсіз қызық болатыны анық. Көрнекті суреткер шығарманың концепциясын дөп басатынымен, өнердің перспективасын көре білу талантымен тәнті етеді. Кино әлеміндегі кәсіби адам ретінде пікір айтады. Мысалы, «Көшпенділер» туралы жылы пікір білдіреді. Асанәлі ағаның, әсіресе, қазақ зиялылары арасында көп сынға ұшыраған «Келін» туралы пікірі де өзгеше. «Келінде» «Ана мен табиғат егіз» деген философия жатыр деп, талантты кинорежиссер Ермек Тұрсыновтың негізгі идеясын тап басып таниды. Жинақтарда кәсібилік шарттары туралы да көп жазылыпты. – Актердің орны – сахна. Ол сахнада ғана көрінуі тиіс. Ол өз бетін сақтауы тиіс, дейді. Тойға барып ән айтпа, жарнамаға түспе дегенді меңзейді. Бұл тұста қаржысы қомақты жарнамалық небір ұсыныстардан бас тартқан аяулы Фарида апай еске түседі. Сәбит аға Оразбаев та, Есмұхан аға Обаев та солай. Бұл – хас өнерге, өз кәсібіңе адалдық. Қазір жарнамаға режиссерлер де түсетін сән шықты. Осындайда еске түседі, бір кездері Ресейде Николай Басков деген керемет опера әншісі бар еді. Сол Басков қазір небір у-ду, дау-дамайдың ортасында жүрген поп әнші деңгейіне түсті. Кешегі мен бүгінгі Басковтың арасы жер мен көктей. Мұндай мысалдар қазақ өнерінде де жоқ емес. А.Әшімов еңбектеріндегі шығармашылық лаборатория, көркемдік-эстетикалық көзқарастарды жүйелі түрде қарастыруға болады. Олар осы тақырыпта арнайы ғылыми жұмыс жазуға жүк бола алады. Асанәлі Әшімов кітаптары – адамгершілік, азаматтық дәрістері деу керек. Елді сүю, ұлтты сүю, жақыныңды сүю, аялай білу, адамның қадіріне жете білу дәрістері. Ер азаматтың ер азамат болып жүруі, азаматтық келбетін сақтауы, лайықты алып жүруі туралы дәрістер. Өзіңді өзің жетілдіру, кемшілігің болса – мойындай білу, түзелуге ұмтылу жолдары. Әрине, автор дәріс оқып, ақыл айтып тұрмайды. Бұл дәрістерді көзі ашық, көкірегі ояу жас өзі ойына тоқиды. Әшімовтің азаматтық, адами ұстанымдарының берері көп. Суреткердің ең көп жүгінетін категориясы – намыс. Бұл қазақ үшін, әсіресе, бүгінгі таңда өте маңызды категория. «Талантты адам, ең алдымен, намысты адам. Намыссызды наданға теңеуге болады. Егер ер азамат деген сөздің синонимін, сыңарын іздесеңіз, ол тек намыс қана болып шығар еді», деп ой толғайды. «Әрбір отбасы – кішкене Отан. Әр отбасы өз тағдырына сүлесоқ қарамау керек», дегенде автор әрбір отбасының тағдыры өзі ұмтылатын биікке сай боларын меңзей отырып, әр әулет өз шежіресін, тарихын білуі, жинастыруы қажеттігін айтады. Кітаптардың өн бойынан автордың туған елге, жерге деген махаббаты сезіледі. Туған елі Сарысудың жағдайы қайраткер Әшімовті үнемі алаңдататынын көреміз. Кеңес одағы тұсында Дінмұхамед Қонаевқа кіріп, аудан басшылығына сұранбақ ниетінен бастық болуды көксеуді емес, туған жеріне жаны ашығандықты, қатарға қоспақ, мәдениетін түземек ниетін танимыз. Шындығында да әкімшілік-аймақтық бөліну бойынша Жамбыл облысына қарайтын, ал, рухани-адами, өнерлік категориядан алғанда үлкен ойкумена Сарысу – Кеңес одағы ыдырар қарсаңда жері алыс, экономикасы, табиғи ахуалы нашар деп бөле-жара алынған, мемлекеттік арнайы жобамен көмек берілмекші болған отыз ауданның қатарына енген еді. Қазір де құлпырып кетті дей алмаймыз. Мәселен, Сарысу ауданының орталығы, актер Әшімовтің кіндігі кесілген ауыл – Байқадам, бүгінде өзінің бұрынғы тарихи атауымен Саудакент аталады. VІІІ-ХV ғғ. аралығында ірі сауда-мәдени орталығы болған Саудакенттің орны бүгінде ауылға кіреберістегі аумағы үлкен төбе – Күлтөбе. Кезінде аудан басшылығына барғысы келгенде қайраткер А.Әшімов, саяхатшы Гилиом де Рубрук 1253 жылы «Қаратаудың солтүстік беткейімен Іле өңіріне Саудакент арқылы өткенде оны «Құмкенттен бір күндік жердегі қала» деп көрсетіп; алғаш зерттеу жұмыстарын 1901 жылы Василий Колосовский, ал, 1946 жылы академик Әлкей Марғұлан жүргізген; бірақ, әлі зерттелмеген, үлкен өкінішке қарай, тәуелсіздігіміз келгелі бері де мемлекеттік «Мәдени мұра», сондай-ақ өзге де бағдарламаларға енбей келе жатқан Саудакенттің ежелгі тарихын зерттетіп, бүгін де көңілден онша шыға қоймайтын ахуалын түземек ниетте болғаны анық. Ал, туған жерге деген махаббат, баба алдындағы парыздың бір көрінісі – қайраткер Асанәлі Әшімов осы Саудакент пен Құмкенттің арасындағы Жайылма ауылына атасы Ысқақ пірадар атындағы мешіт салдырып беруі, оны имандылық, білім ордасына айналдыру жолындағы қарекеттері. Және де бұл, сөз жоқ, Тұлғалық болмысына дәлел. Мешіт дегеннен шығады, Әшімов өзекті де өткір ойларының ішінде қазір жер-жерде мешіттің көбейгенін қостайды, алайда көпшілік жиналып, мәдени демалатын орындардың көбеймей отырғанына қынжылыс білдіреді. Бұған біз де қосыламыз. Кезінде салтанатты сарайдай Мәдениет үйлері, әп-әдемі кинотеатрлар тиын-тебенге сатылып кетті, көбі мейрамхана, дүкендерге айналдырылды. Мұндай мысал Сарысуда да бар... Мәдениет бар жер, Мәдениет үйі бар жер – нұрлы. Біздіңше, мәдениетпен, өнермен нұрланбаған, құнарланбаған діншілдік қауіпті. Оны бүгінгі өмірдің өзі көрсетіп отыр. Бұл көп томдықтан өмір, өнер, қоғам, адамдар туралы небір көкейкесті ойларға кезігесіз. Тағы мысалдар келтірейік: – Мемлекет тұғыртасының берік болуы – талантқа деген көзқарасына байланысты. – Жерді сатуға қарсымын. Өйткені ол ешкімнің меншігі емес. «Апат» спектаклінде соны ұғындыруға тырыстым. «Жеріңе табын сен енді!» – деген ой айттым. – Өзінің сахнадағы кейінгі жұлдызды ролі Матиасс пен Инкеннің арасындағы махаббатты айта отырып, хас шебер: «Инкеннің махаббаты есепке құрылмаған, таза махаббат. Қазақ қоғамындағы тоқалдың тағдыры емес ол! Ал, ымырттағы махаббат қашанда таза, әруақты болады екен, шырағым!» – дейді бір сұхбатында өз өмірін меңзеп. – Өнердегі қазақ азаматтарына қояр бірер мінім бар. Талантты өз орнымен пайдалану керек. Қазақ жалқау деген сөз – сылтау. Ізденіс аясы тарылған, тоқыраған адамның сөзі. – Мәдениетке құмартпаған адамды мақұлық санаймын. Байлығын керек орынға жұмсай алмай жүрген шенеуніктерден біздің қоғамда аяқ алып жүргісіз. Жалпы, Асағаны алаңдататын өнер мәселесі де, қоғамдық мәселе де жеткілікті: ол – актерлердің үй-күйсіздігі, белгілі әнші, актерлердің тойда ән айтып, асаба болып, қадірін кетіретіндері, телеарналардағы бағдарламалар құнарсыздығы, тағысын тағылар... Өмірдің қадірін білуді, өз-өзіңді тәрбиелеуді, өзін-өзі қамшылауды, ең бастысы – намысты қолдан бермеуді жас ұрпақ актер Әшімовтен үйренсе игі. Көп оқиды. Сценарий, инсценировкалар жасайды. Инсценировка дегенді кезінде актерлердің ішінде Есболған Жайсаңбаев «Қош, Гүлсарымен» бастағанын білеміз. Асағаң шетел драматургтарының ұнағандарын аударатынын айтады. Шахмат та ойнайды, бильярд та соғады. Өмірде де, өнерде де сұлулықты жақсы көреді. Гүл отырғызатыны – әрбір азаматқа ой салуы керек. Өйткені, гүл түгіл ауласында шөп өспей тұратын, алқам-салқам үйлер, тұтас бір ауылдар баршылық. Гүл өсіру де мәдениеттің көрсеткіші. Адамның арманы бітсе – күні қараң. Көрнекті актер, режиссердің арманы аз емес. Солардың бірерін ғана атасақ, кезіндегі Шадияровтың рухани жалғасы болған Ка мырзаның тағдырына нүкте қойсам дейді. Құнанбай мен Шыңғыс төрені ойнасам дейді. Адами армандары қаншама! Осының бәрі орындалса – ұлттық өнердің игілігі. Актер, режиссер, сценаршы, қайраткер. Енді бұл анықтамаларының жанына жазушы деген анықтаманы қосуға болады. Қазақстан Жазушылар одағының Асағаңды мүшелікке қабылдауы өте дұрыс шешім болған. Үлкен суреткер, бүгінгі заманға сай, әлемдік бәсекелестікке төтеп беретін жасампаз қаһарман Асанәлі Әшімовтің: «актерлік өнердің есігін енді ашып, өнердің тұңғиығына, тереңіне бойлауға талпынған жас жүрекке айтқан жан сырлары» нәтижесіз болмас. Контексінде Абайдың – «жас жүрек жайып саусағын, талпынған шығар айға алыс» жолдары тұрған, автордың өз контекстін байқататын бұл ақ тілек қабыл боларына сенім мол.
Сөз соңы:
Тәуелсіздік кезеңінде қоғам аса қатты өзгерді. Қоғамдық қарым-қатынастар түрі, экономикалық тұғырымыз өзгерді. Жаңа еркін ұрпақ, білімді ұрпақ, жаңа технологияларды меңгерген ұрпақ өсіп келеді. Әр заманның өз технологиясы бар. ХV ғасырда Иоанн Гуттенберг баспа станогын жасап шығарғанда орта ғасырлық өркениет қарыштап дамыды. Міне, алты ғасырға кетіп барады, кітаптан зиян көрген ешкім жоқ. Бірақ, көңілде алаң бар. Өйткені, «бүгінгі таңда кітап оқылмайды» деп «жалаулататындар» қатары көбейіп барады. Біздіңше, бұл – жаны жалқау, керенау адамдардың айтатын сылтауы. Әйтпесе кітапқа не жетеді?! «Интернет – кітапты алмастыра алмайды» дегенді студенттерге оқыған дәрісінде Елбасы да айтты. Кітап – халықты, ұлтты өсіреді. Мысалы, яхудилер өздерін «Кітаптың халқымыз», дейді. Торо, Тәураттарды ғана айтқаны емес, білімді екендерін айтқаны. Олар осылай мақтанады. Өйткені кітап оқиды. Балаларына көз ашқаннан кітап оқытады. Бізде де осылай мақтана алсақ игі. Бұл – арман емес, жүзеге асыруға болатын нәрсе. Оған жекелеген азаматтардың, ата-ананың ерік-жігері керек. Мысалы, әрбір ата-ана өз баласын жасына лайық газет-журналға жаздыртуы өте қажет, бұған қатты мән беруі керек. Дер кезінде өзінің газетін не журналын оқуға дағдыланған бала, кітап оқуға да дағдыланады. Көзі ашық, өмір салты, ой-өрісі заманға сай азаматтардың көбі Асанәлі Әшімовтің біз азды-көпті сөз еткен осы кітаптарымен таныс та болар. Сонда да Уильям Фолкнердің нобельдік лекциясындағыша, осы жолдарға көзі түскен ақжолтай жас қаламның бірі біздің даусымызды естір ме деген үмітпен айтарымыз – бүгінгі әрбір жас Асанәлі ағаның осы кітаптарын оқуы шарт. Біздіңше, тіпті әрбір қазақ отбасы осы кітаптарды оқуы, кітапханасына қоюы керек. Өйткені бұл күнделіктерде жарық бар, кеңістік бар. Бұл кітаптарда білім бар, өнер бар, әдеп бар, салт-дәстүр бар, имандылық дәрістері бар, тарих бар, пәлсапа бар және осының бәрі білім, жаңа білім деңгейінде жеткізіледі; айтар ойы, идеясы қорғасын. Бір ерекшелігі – оқырман жанына жақын, тағлымы үлкен, оқуға жеңіл, өйткені халықтық көркем тілмен жазылған. Өте тартымды, іші афоризмге толы (таным-пәлсапаға, тәрбиеге толы бұл афоризмдерінен «Алматы ақшамы» шағын жеке жинақ та шығарған). «Әр адамға өзінің әр күні қымбат. Мынау жарық күнді аман-есен көргеніміз үшін де тәубе етуіміз қажет. Сондықтан да, сол күні ештеңе бітірмесем де көңіл-күйімді күнделігіме жазып қоямын. Ол – менің пікірім, көзқарасым. Келешек ұрпақ өзі екшеп алады. Қазір 8-кітабымды жазып жатырмын. Ол қолжазба түрінде қалады» дейді бір сұхбатында автор. Кейінгі ұрпақ ол кітаптан да тағылымды талай нәрсені табары анық. Асанәлі ағаның естеліктері, қойын дәптер жазбалары, күнделіктері кітапқа айналғанда, білікті азаматтар, кәсіби баспагерлер қолынан өткені көрініп тұр. Олар алғашында Кәдірбек Сегізбаев болса, кейінгі жылдары Қали Сәрсенбай екенін көзқарақты қауым жақсы біледі. Бұл күнделіктердің халыққа кең танылуына «Алматы ақшамы» газетінің беттерінде үзбей бірталай санында жариялануы да көп әсерін тигізді. (Жалпы «Алматы ақшамы» бүгінде озық басылымдардың бірі. Газет осыдан төрт-бес жыл бұрын белгілі қаламгер Таласбек Әсемқұловтың көрнекті суреткер, жазушы-драматург Асқар Сүлейменов туралы «Кемеңгер өмірінен бір үзік сыр» деген керемет эссесін тоғыз нөміріне жариялады. Қатты резонанс тудырған эсселер болды. Сәбит аға Оразбаевтың қызғылықты, кейін кітапқа айналған әңгімелерін шығарған, қазір Есмұхан аға Обаевтың ой-толғамдарын жариялап жатқан да осы басылым. Мұның бәрі газет редакторы Қали Сәрсенбайдың нағыз редактор, тұлғалық деңгейінің жоғары екенін, Шераға, Шерхан Мұртазалардың игі жалғасы екенін көрсетеді.) А.Әшімовтің бұл кітаптары өнерсүйер қауымға ғана емес, қалың оқырманға арналған. Демек, қайта басылымдары шығуы, тиражы көп болуы керек. Егер заманауи, яғни нарықтық психологиясы бар, іскер баспагер болса, бұл кітаптардан баспа табағы қомақты таңдамалы үш-төрт томдық түзіп, әрбір томды ғылыми аппаратпен жарақтандырып, яғни ғылыми түсініктемелер, талдаулар беріп шығарса, авторға да пайда, оқырманға да пайда, өзі де мықты пайда табуына болар еді. Ал, Асағаң кітаптарын ендігі шығаратын баспагер-лерге тілек – күнделіктер мен қойын дәптер жазбаларында түсініктемелік аппарат болуы шарт. Міндетті түрде. Бұл – ең алдымен мәдениет, өркениет, кітаптың бағасын арттырады, болашақ ұрпақ үшін өте керек. Сөзіміздің соңында көптен көкейде жүрген ойымызды білдіре өтсек, артық болмас. Бүгінде облыстар арнайы сериямен өздерінен шыққан қаламгерлердің кітаптарын шығаруда. Мұндай тәжірибені алғаш рет Атырауда әкім болған кезде Иманғали Тасмағамбетов бастаған. Сонан соң Қызылордада Мұхтар Құл-Мұхаммед әкім болғанда «Сыр кітапханасы» жобасы жүзеге асты. Алматы облысында Серік Үмбетовтің кезінде осындай рухани үлкен шаруа жасалды, қазір Оңтүстік Қазақстан облысы тап осындай шаруаны жүзеге асыруда. Рухани бағытта бірталай шаруа жасалып жатқан Жамбыл облысында да осындай шаруаны қолға алып, «Тараз» кітапханасын шығарудың уақыты келгендей. Қандай да той өтеді де кетеді, ал кітап қалады. Томпиып сөреде тұрады. Атақты француз ақыны, символистер мектебінің көшбасшысы Стефан Малларменің «Бүкіл әлем кітапқа ену үшін жаралған» дегені бар. Оның бұл ойын атақты испандық Луис Хорхе Борхес өз шығармашылығында дамытқан. Айтса айтқандай. Томпиып сөреде тұрған кітапты қажет кезінде аласыз да оқисыз, сонда оған жан бітеді, ол үлкен досыңызға, білім көзіне айналады. Ал, «Тараз кітапханасы» жобасы жүзеге асатын болса, оның бірер томын көрнекті актер, режиссер, қаламгер Асанәлі Әшімовтің шығармалары байытып тұрарына сөз жоқ. «Актердің көрінгені, жазушының көрінбегені дұрыс» депті бір тұста автор. Ал біздіңше, бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан қадірлі Асанәлі Әшімовтің өнердегі биігімен қоса жазушы орайында көріне, таныла түсуінің қалың қауымға, жас ұрпаққа берері көп.
4 мамыр, 2017 жыл, Алматы.