Қазақ кәсіпқой боксының әйелдер арасындағы тұңғышы
Қазақ кәсіпқой боксының әйелдер арасындағы тұңғышы
Кәсіпқой бокстан қазақ арулары арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы, жерлесіміз Фируза Шарипованы облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев ресми түрде қабылдап, 2 бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астана төрінде болгар қызы Милена Колеваны жеңіп, WIBA,WBU тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағына қол жеткізген шынашақтай чемпион қызды құттықтаған облыс басшысы ізгі тілегін арнады. – Қазақ қыздары арасынан тұңғыш әлем чемпионы атанған Фирузаны біз мақтан тұтамыз. Жамбыл жері – киелі өңір. Бокс, күрес, дзюдо болсын, кез келген спорт түрінің саңлақтары бізден көптеп шыққан. Олимпиада ойындары мен өзге де байрақты бәсекелерде атой салған Жақсылық Үшкемпіров, Болат Жұмаділов, Ислам Байрамуков, Елдос Сметов, Зүлфия Ғабидуллина, Олжас Сәттібаев сынды саңлақтардың дара жолы жастарға үлгі. Олардың жеңісті жорығын Токио Олимпиадасында өзге де жастарымыз жалғаса деген ниетіміз баршылық. Фируза, біз саған үлкен сенім артамыз. Алар асуларың көп болсын. Бүгінде өңірімізде кәсіби спорттан бөлек, бұқаралық спортқа да баса назар аударылуда. Талай жастар өзің секілді рухы өр спортшыларға қарап бет түзейтіні айтпаса да түсінікті. Сен тараздықсың,Таразда қалуың керек, – деді Кәрім Нәсбекұлы ізгі ниетін білдіріп. Бұдан соң чемпионның өзі сөз алды. – Мені қабылдап, құрмет көрсетіп жатқан өзіңізге, облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасына шын жүрегіммен ризашылығымды білдіремін. Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында табысты болып жатқан жайымыз бар. Ел ағаларының қолдап-қолпаштауы біздің мойнымыздағы жауапкершілік жүгін үстемелей түседі. Әлі де жанкүйерлерімді жарқын жеңістеріммен қуантқым келеді, – деді Фируза жүзі бал-бұл жанып. Жеңіл салмақта екі бірдей белбеуді иеленген Фируза ресми шараға алғашқы бапкері Феликс Цой және кәсіпқой бокстағы менеджері Сергей Завилейскиймен бірге келіпті. Сәті түсіп, боксшы қыздың менеджерімен аз-кем тілдескен едік. – Сергей, Фирузаның қазір тынығып жүргенін білеміз. Десе де менеджер ретінде келесі жекпе-жекке қарсылас іздеп жатқан боларсыз. Естуімізше, бельгиялық боксшы немесе ресейлік Светлана Кулаковамен жұдырықтасуы мүмкін сияқты. Келіссөздер басталды ма? – Иә, дәл қазір келіссөздер жүргізу процесі басталып кетті. Біз қазір екі қарсыласты нысанаға алып отырмыз. Сондай-ақ, үш қаланың бірінде өткізу ойымызда бар. – Ол қалалардың қатарына Тараз да кіреді ғой... – Таразда өткізсек деген ойымыз баршылық. Басты мақсатымыз да сол. Фируза өз туған жерінде, «Тараз-Арена» спорт кешенінде жекпе-жек өткізсе несі айып?! Мен Фирузаның тек қана чемпион емес, Қазақстаннан шыққан тұңғыш екі салмақтағы әлем чемпионы атанғанын қалаймын. Біз Фирузаның не бельгиялық боксшымен, не ресейлік Светлана Кулаковамен жұдырықтасуы үшін тер төгудеміз. Негізі бельгиялық боксшымен шаршы алаңда кездесіп, Кулаковамен кейіннен жұдырықтасса деп отырмыз. Бірақ әлі келіссөздер толық аяқталған жоқ. Барлық тараптан қызығушылық бар. Дәл қазір қаржы табу жолын қарастырудамыз. Таразда өткіземіз десек, шамамен 300 мың АҚШ доллары керек. Уақыт көрсетеді. – Кәсіпқой бокста ерлердің табысы мол екені белгілі Әйелдер боксында жағдай қалай? – Қарап отырсаңыз, АҚШ-та аралас жекпе-жекте Ронда Роузи табысты спортшыға айналды. Әйелдер шайқасын басты жекпе-жекке қою да үрдіске айналып келеді. Мен Фирузадан бірнеше жылдан кейін Мейвезер, Макгрегор секілді табысты спортшы жасағым келеді. Сол бағытта тер төгуге әзірміз. – Фируза Ресей мен Қазақстанда жұдырықтасып жүр. Басқа елдерде шаршы алаңға шығатын мүмкіндігі қандай? – Сұрақты түсіндім. Фируза міндетті түрде Қазақстанда да, АҚШ-та да жұдырықтасатын болады. Алдағы уақытта біз Лос-Анджелеске аттанамыз. Ол жақта Фирузаны Майк Тайсонның бапкері Бадди Макгирт ұзақ уақыттан бері шақырып жүр. Біз ол жаққа чемпион ретінде барғымыз келді. Мысалы жарты жыл бұрын Фирузамен келісім-шартқа отыруға белгілі промоушндер 1 миллион доллар ұсынса, қазір 5 миллион доллар ұсынуда. Алдағы уақытта 15-20 миллион доллар ұсынатын болады. Жақында Фирузаның өз промоушны ашылды. Енді ол кәсіби мансабынан бөлек, жас боксшыларды тәрбиелейтін болады. – Фирузаны бизнес-жобаға айналдырмақшысыз ба? – Біз Фирузадан танымал боксшы жасай алдық. Енді бизнес-империя құрамыз. – Әңгімеңізге рахмет!
Суреттерді түсірген Ақәділ рысмахан.
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».