- Advertisement -

Жылыжай жеткілікті, бірақ көлемі аз. неге?

186

- Advertisement -

Тұтынушыларды қыста да көкөніспен қамтамасыз ету ісі өңірімізде алғаш тоқсаныншы жылдардың соңына таман қолға алынған-ды. Сол тұста қордайлық Х.Дауров он шақты бөліктен тұратын жылыжай кешенін салып, қыстыгүні қияр, қызанақ егіп, өнімін елге ұсынды. Әрқайсысы әрі кетсе 100-150 мың теңге аралығында шығын жұмсауды талап ететін, көлемі 2-3 сотық қана мұндай жылыжайды екінің бірі өзінің үйі іргесінен тұрғызып, жұмысын жүйелеуіне мүмкіндігі болды. Оның құрылысы да қарапайым, теріскей беті биік, күнгей беті бір метр түйетайлылау етіліп, қабырғалары қалың қам кесекпен өрілетін. Сосын күн қуатын өткізгіштігі күшті арнайы целлофанмен қапталып, үсті түнге қарай бойра жабындымен жабылатын. Бұл жылыжай ішінде күннен алынған жылу тәулік бойы сақталуына септеседі.

Басқа да қосымша шығыны, егу технологиясы бар болар. Ол енді диханға ғана мәлім. Әйтеуір, осы жылыжайлар өнімін көктемге салым көзбен көріп, қолмен ұстау мүмкіндігіне де ие болғанымыз бар. Дейтұрғанмен, осы істің «ізашары» Дауровтың бастамасын іліп алып кеткен кәсіпкер немесе жай тұрғын жөнінде естіген де, білген де емеспіз. Ауылдық жерде тұратындардың бірін екі етіп, несібесін үстеуіне әбден жарайтын, өзі арзан әрі тиімді жоба жүзеге асыру тетіктері түсіндіріліп, таратылмауынан, әлде, құлықсыздықтан ба екен, желісін кеңге жайып кете алмады. Екі үйінің бірінде бар мұндай аула шаруашылығы қытайлықтар үшін таңсық та емес. Ендігі олар жаңа технологияларға ден қоя бастаған болар. Жылыжай шаруашылығын қалыптастырып, дамыту ісі бүгінде мың доллардан бастап 120-300 миллион теңге аралығындағы қомақты қаржыны қажетсінеді. Қолданылар технологиялары да әралуан. Содан да бұл салада екінің бірі тәуекел ете қоймайды.

Әйтпесе, бізде бұл үшін жағдай да, мүмкіндік те бар. Тоқсаныншы жылдары еліміздің мемлекеттік сұрыптар тізбесінде отандық сорттың бар-жоғы 6 дақыл түрінен 12 сұрып қана болған екен. Қырыққабат, сәбіз, қызылша, жылыжай көкөністері, аскөк, қияр, тәтті бұрыш, баялды секілді дақылдардың отандық сұрыптары әлі дүниеге де келмеген. Көкөніс тұқымдары көбінесе шетелден тасымалданды. Ал қазір отандық жаңа сорттар шығару бағытындағы жұмыстар өз нәтижесін беруде. Бұл көрсеткіш 25 түрлі дақылдан 170 сұрыпқа жетіп отыр. Ғалымдардың айтуынша, бүгінде шетелдік тұқымдарға тәуелділік азайып, керісінше отандық сұрыптарға сұраныс артуда.
Алайда, елімізде Қостанай, Павлодар облыстары мен бар-жоғы төрт-бес көкөніс-бақша тұқым шаруашылығы ғана Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен бірлесе жұмыс істейді екен. Тұқым шаруашылығымен шұғылдануға айрықша қолайлы өңірлер қатарында біздің облыстың да аты аталады. Алайда мандытып жатқанымыз шамалы. Сондықтан, бұл іске жергілікті әкімдіктер тарапынан оң көзқарас керек-ақ. Мұндай жұмыстарды жүзеге асыратын шаруашылықтарға қойылатын талап та жоғары екені белгілі. Ал олардың материалдық-техникалық базасы төмен. Ауқымды көлемде суармалы жерлері де, тұқым өндіретін, тазалайтын арнайы техникалары, сақтау қоймалары да жоқ. Өндірілген өнімнің өткерілуі жайы да жүйелі жолға қойылды деп кесіп-пішіп айту қиын. Қайта өңдеу саласын дамытудың қажеттігі байқалады. Елімізде бүгінде мұндай 10-15 қана кәсіпорын бар екен.
Барлық іс бірінші кезекте бағбандық біліктілікке де байланысты. Қияр мен қызанақты бір жылыжайға қатар егуге бола ма? Болғанда қандай! Мұндай әдіс өнімділікті де еселей түспек. Алайда, бағбан үшін мұның қиын жақтары да бар. Өзіндік ерекшеліктеріне қарай екі дақылға әрқалай жағдай қажет. Қияр аса құрғақ ауадан зардап шекпеуге, ал қызанақ ылғал құрамының артып кетуінен ауырмауға тиіс. Екі дақылды жылыжай аумағына бөлектеп егу жөн. Бәрібір бұл да мәселені толығымен шешпейді. Қызанақ калий мен фосфор қажетсінеді. Сондықтан, топырақ құрамы осы химиялық құраммен байытылуға тиіс. Ал қияр өсетін аумақты азот жабындысымен қамтамасыз ету қажет. Барлық жерде бұл жұмыстар тиісті агрономиялық шараларға сай жүзеге асуда ма, жоқ па? Оны да тап басып айта алмаймыз.
Біздің облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының мамандарынан сұрап білгеніміз, бүгінгі таңда өңірімізде 26, 41 гектар аумақта көкөніс егіп, өсіретін 299 жылыжай бар екен. 2-10 сотық аралығында көкөніс өсіретіндерді қоса есептегенде. Міне, солардың есебінен өңірімізде жылына екі кезеңде 2216 тоннадай өнім жиналып алынуда. Сонда орташа өнімділік гектарына 68 тоннадан айналады екен. Бұл аз ба, көп пе? Оған көз жеткізу аса қиындық туғыза қоймайды. Мысалы, мына іргеміздегі Оңтүстік Қазақстан облысында жылыжай көлемі соңғы 5 жыл ішінде 126 гектардан 900 гектарға жетіп, бағзы көлемі жеті есеге ұлғайтылған. Осылай аталған облыстың еліміз бойынша үлесі – 87 пайызды құрап, елдегі жылыжай шаруашылығын дамытуда көшбасшы атануда. Оңтүстіктіктер үшін де ағын су қасқалдақтың қанындай тапшы. Жоғарыдағыдай жетістікке олар тамшылатып суару әдісі қолданылар алқап көлемін 5 жылда 2,1 мың гектардан 33 мың гектарға – 16 есе ұлғайту арқылы қол жеткізіп отыр. Ал біздегі жылыжайлардың көлемі көңіл қоңылтақсытады-ақ. Мұны барлық мүмкіндігіміздің шегі дей алмаспыз. Жылыжайлар бізде неге аз, бұл істі қарышты дамытуға не қолбайлау болуда?
Өңіріміздегі көкөніс дақылдарын қыста өсіретін жылыжайлар жұмысын саралап, талдай келе, бұл іспен негізінен Жамбыл, Қордай, Байзақ және Т.Рысқұлов аудандары кәсіпкерлерінің белсенді айналысатынына көз жеткізуге болады. Олар бұл істе жаңашылдыққа да ден қоюда. Жалпы, жылыжай кешенін іске қосу және көлемін ұлғайту жобасын жүзеге асыру мәселесінде шаруаларға қойылатын талап қатал екенін жоғарыда айттық. Техникалық кешен құрамына автономды жылу энергиясы көзі (қажет болған жағдайда), термоаккумулятор, жылыту және климаттық бақылау, ауаны қажетті шекке дейін ылғалдандыру, жарықтандыру жүйелері, көмірқышқыл газын өндіру, торлау, көкөністі топырақсыз, жасанды қоректендіру, тамшылатып суару технологиялары кіреді. Жылыжай аумағы бір гектардан кем болмауға тиіс. Міне, осы талаптар сақталған жағдайда шаруалар үшін көкөніс өнімдерін пленкалы немесе шыныланған жабынды астында өсіретініне қарай гектарына тиісінше 67 немесе 96 миллион теңге көлемінде субсидия алу мүмкіндігі қарастырылған. Демек, бұл мәселеде мемлекет тарапынан қолдау бар, қаражат та жеткілікті.
Осы орайда Байзақ ауданы, Ақшолақ ауылындағы «Манат», «Талап» шаруа қожалықтарындағы жылыжайларда өндірілетін қиярлардың бірегейлігі – олардың кокос жоңқалары қолданылуымен өсірілетіндігінде екенін атап өту ләзім. Бұл әдіс өнімнің дәмдік қасиеттерін жақсартуға және сақтау мерзімін арттыруға көмектеседі екен. Жобалардың жалпы құны жоғарыда аталған агроқұрылымдардың бірінде 120 миллион, екіншісінде 255 миллион теңгеге түскен. Кәсіпкерлер «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының жеңілдетілген несиелендіру желісі бойынша көмек те алыпты.
Қордай ауданында да жақында ғана барлық жұмысы компьютермен басқарылатын жылыжай іске қосылып, алғашқы өнім бере бастады. Кешенде үш жылыжай орналасқан. Олардың әрқайсысының аумағы – 1 гектардан. Мұнда да қызанақтар топыраққа емес, кокос жоңқасына егілген. Технологиясы түгелдей Оңтүстік Кореянікі.
Жылыжай жетекшісі Рашид Дыдыху бұл тұрғыда журналистерге берген сұхбатында «Тың әдіс бірінші кезекте өнімнің сапасына әсер етеді. Қызанақты қажетті дәрумендермен және минералды тыңайтқыштармен жақсы қамтамасыз етеді. Экологиялық таза. Ал мына өсімдіктердің астындағы төсеніштер жылылықты ұстап, зиянкестердің болмауына септеседі. Мұнда жылына 350 тоннаға дейін өнім алуға мүмкіндік бар. Голландиядан әкелінген тұқымды егіп, көшеттеп отырғызамыз. Жылыжайдағы қызанақтың биіктігі 6-7 метрге дейін жетеді. Тың технологиямен өсірілгендіктен, әр түп 18-25 келіге дейін өнім береді. Дәмі де айрықша. Өйткені мұндағы өсімдіктің барлығы табиғи жолмен тозаңдандырылады. Бұл істі Израильден жеткізілген аралар жүзеге асырады. Экологиялық таза әрі сапалы өнім алудың жолы осы», – дейді ол. Жылыжай өнімдеріне қазірдің өзінде сұраныс жоғары. Онда өсірілген қызанақтар Жамбыл мен Алматы облыстарының нарығына жөнелтілуде. Өнім түрлері келесі маусымнан бастап Ресейге экпортқа да шығарылмақ.
Әртүрлі шаруашылық әлеуеттеріне қарай әрқайсысының қаржыландырылу көлемі, өнім өндіру деңгейі, материалдық-техникалық жағдайлары да әрқалай. Ізденістер де жоқ емес. Бәрібір қыста көкөніс өсіру өңірімізде екпін алып кете алмауда. Жылыжайшыларымыз өңір тұрғындары сұранысының бар-жоғы 7-8 пайызын ғана өтеп отыр. Қиярға деген жыл бойғы қажеттілік 11 мың тоннаны құрайды екен. Оны енді әзірге сырттан тасымалдап жеткізуден басқа амалы жоқ. Жылыжай шаруашылығы үшін бөлінген 26, 41 гектар алқаптың бүгінде бар-жоғы 16,3 гектары ғана нақты өнім беріп отырғаны, жылыжайлардың бірқатары мүлде жұмыс істемейтіні де алаңдатады. Жылыжайыңыз жергілікті тұрғындардың оң жамбасына келмеуде ме? Бәлкім, бұл істі тікелей ғылыммен ұштастыра жүргізген дұрыс болар.
– Өңірде осы мәселеге байланысты қалыптасқан жағдайды саралап, талдаудың қажеттігі туындауда. Қазірдің өзінде Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен бірлескен жұмыстарды бастадық. Атап айтқанда, аталған институттың арнайы өкілі өңірімізге келіп, жылыжай шаруашылықтарының жағдайымен жіті танысып, тиісінше зерделеу жұмыстарын жүргізбек. Қажет болған жағдайда шаруаларға кеңес беріп, басқармамен бірлесе көмек көрсету мәселесін де шешетін болады, – дейді бұл тұрғыда облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Құлкеев.
Қысқасы, өңірімізде бұл ретте қалыптасқан озық іс, тамаша тәжірибе жетерлік. Енді оны облыс көлемінде таратып, насихаттау арқылы жылыжай шаруашылығы дамуына соны серпін бере аламыз емес пе? Бәсекелестік жағдайында өнімнің өзіндік құны арзандар деп те күтеміз. Ең бастысы, өзімізді жергілікті жерде өндірілген сапасы жоғары, бәсекелестікке қабілетті, экологиялық тұрғыда таза өнім түрлерімен тұрғындарды жеткілікті қамтамасыз ету ғой. Жамбылдық жылыжайшылар бұл үдеден шығарына бек сенімдіміз.

Баймаханбет Ахмет,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support