Ынталы адамға жұмыс табылады
Ынталы адамға жұмыс табылады
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Үкімет биылдан бастап «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыруға кіріскенін айтқан еді. Еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыру, әлеуметтік ахуалды тұрақтандыруды көздейтін бағдарламаның «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» бағытында жұмыс күші әрі жұмыс орны тапшы өңірлердің өзара ықпалдастығы арқылы бұл түйткілді шешу жолы көрсетілген. Яғни, оңтүстіктен жұмыс бар облыстарға көшу. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы «Жастар сарайында» өткізген еңбек жәрмеңкесіне солтүстік облыстардағы жұмыс берушілер жамбылдықтарға осындай ұсыныспен келіпті. Аталған шараны ашып берген облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков Елбасының жұмысы бар өңірлерге қоныс аударушыларға қолдау көрсетуді тапсырғанын айтты. Халқы тығыз орналасқан оңтүстіктен солтүстік облыстарға тұрғындарды өз қалауымен қоныстандыру мәселесіне тоқталып, осы жәрмеңкеге келген Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстарының өкілдері келгенін мәлімдеді. Жалпы тұрақты жұмыс іздеген жамбылдықтар өзге өңірлерге көшуге ниетті. Облысымызда 19 отбасы, 88 адам тиісті мекемелерге осындай өтінішпен қайырылыпты. Қазіргі таңда 17 отбасының 84 мүшесі теріскей облыстарға көшіп үлгерген. Қоныс аударған отбасылар тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, оларға суармалы егістікпен айналысатын жер телімі беріліпті. Солтүстік Қазақстан облысында негізінен математика, физика пәні мұғалімі, тәрбиеші және медицина қызметкері мамандықтарына көбірек сұраныс бар екен. Шығыс Қазақстан облысы, Қотанқарағай ауданында да педагогтар жұмыссыз қалмайды екен. Онда математика, қазақ тілі, ағылшын тілі, география, химия пәндерінің ұстаздары тапшы көрінеді. «Сондай-ақ, акушер-гинеколог, дерматолог дәрігерлер жетіспейді», – дейді Қотанқарағай ауданындағы Аққайнар ауылдық округінің әкімі Серікхан Құманов. Ол мал дәрігері, агроном мамандығын игергендерге де жұмыс табылатынын айтады. Жәрмеңкеде әкімнен кеңес алып, ол жаққа қоныс аударса қандай жағдайлар жасалатынын білуге ниет танытқандар өте көп болды. Жалпы, бұл күні 4 облыстан келген өкілдердің алды келушілерден бір сәт босамады. Жұмыс іздегендер қолайлы мүмкіндігі болса, солтүстік облысқа көшуден қашпайтынын аңғардық. Бұл күні жәрмеңкеге біздің өңірдің кәсіпорындары мен шаруа қожалықтардың басшылары да қатысты. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы ісін ілгерілеткендер енді тұрғындарды жұмыспен қамтуға ұмтылып жүр. Солардың бірі – байзақтық Жанболат Смайылов, ол 3 миллион теңге несие алып, 12 бие бағып, жұмысын ет бағытында жандандырып отыр. Меркілік Айдаркүл Жақсыбаева да осы көлемде несие алыпты. Қазір 10 сауын сиырдың сүтінен өндірілген өнімдерді саудаға шығарған. Оны жәрмеңкеге де ала келіпті. Ал тараздық Жеңіс Төлеуішов 3 миллион теңге несиені жиһаз жасап сату бағытына пайдаланыпты. Жәрмеңкеде өзі былғарымен қаптап жасаған атқа арналған ерді сатуға шығарды. Тараз қаласының тұрғыны Нина Ибраева кеңсе жиһаздарын көбірек жасап шығаруды жоспарлап, жұмысшы іздеп келіпті. Еңбек жәрмеңкесі жұмыссыздар үшін нағыз іздегенге – сұраған шараның өзі болды. Бұл күні өзге облыстан келген өкілдерден 640 адам кеңес алып, нәтижесінде 80 отбасы сырт облыстарға көшуге ниетті екені айқындалды. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстанға – 30, Шығыс Қазақстанға – 15, Павлодарға – 25, Қостанайға 10 адам қоныс аудармақ. Сондай-ақ, бұл күні өңіріміздегі 351 жұмыс беруші 500-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынып, жұмысқа орналасу үшін 280 адамға жолдама берілді.
Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».