- Advertisement -

Ауыл кәсіпкерінің алар асуы әлі алда

177

- Advertisement -

Кәсіпкерлік нысанын ашып, оның жұмысын дөңгеленту оңай шаруа емес. Ол үшін жұмысқа деген жігер, зор ынта мен икем керек.
Бахтияр Махамедов бойына, міне, осындай нағыз кәсіпкерге лайық қасиеттерді жиған азамат. Ол – сондай-ақ, аудандық мәслихаттың төртінші шақырылымының депутаты. Қазіргі таңда білім қызметкерлерінің аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметін атқарады.
Мемлекетке қызмет етіп, жеке кәсібін де ұршықша үйіріп жүрген азамат 2013 жылы өзінің жеке қаражатына құмблок шығаратын шағын цех, оған қоса құрылыс және кеңсе заттарын сататын дүкен ашқан. Өзінің дүкенін салуға қажет бес мың дана құмблоктың әрбіреуін Тараз қаласынан 90 теңгеден сатып алып, жол шығынымен қоса есептегенде 160 теңгеден айналғаны кәсіпкерге ой салған. Көп өтпей жерлестері өзі сияқты шығындалмасын деген ниетпен аудан орталығынан күніне 800-1000 құмблок шығаратын шағын цехты іске қосады.
Мұнда бір құмблоктың бағасы 120 теңге ғана екені, әрі тауар тегін жеткізіліп берілетіні ауылдастары үшін тиімді болып отыр.

Б. Махамедов бүгінде 3 адамды жұмыспен қамтып, оларға жұмыстарына сәйкес 100-160 мың теңге көлемінде айлық жалақы төлейді. Кәсіпкер құрылыс материалдарын шығару үшін қажетті цементті аудандағы Мыңарал, Хантау зауыттарынан алады. «Аудан бойынша тасымалданатын цех тауарларының сапасы мен бағасы ауылдықтар көңілінен де шығуда. Алдағы уақытта мемлекеттік қолдауға қол жеткізсем, күніне 3 мың құмблок өндіретін шағын зауыт ашып, жергілікті материалдарды пайдалана отырып, түрлі-түсті 1000 дана лего-кірпіш шығаруды да көздеп отырмын. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолға алған шағын несие бағдарламасымен жұмысымды одан ары қарай жандандырғым келеді», – дейді Бахтияр.

Ол цех жұмысынан бөлек, таза фильтрленген «Маржан су» ауыз суын шығарумен де айналысады. Осы мақсатта «OSMOS — 400» мембраналық америкалық аппаратты 3 миллион теңгеге сатып алыпты. Кәсіптің көзін тауып, бұлақтың көзін аша білген Махамедовтер отбасы Мойынқұм, Ақсүйек, Шығанақ, Байтал, Бірлік ауылдарын қоса есептегенде, бір күнде 500 литр таза су өткеруде. «Маржан судың» 20 литрі – 500 теңге. Бұл баға халыққа қолжетімді. Фильтрленген судың тазалығын анықтау үшін зертханалық сынама жүргізіп көрдік. Сапасына күмән жоқ. Сонымен қатар «Маржан су» асқазан мен бүйрекке де ем. Кәсіпкер азамат алдағы уақытта Бірлік, Шығанақ ауылдарынан «Маржан су» шығаратын шағын цех ашуды жоспарлап отыр. Бұл тұрғыда кәсіпкерге аталған ауыл тұрғындарының өздері ұсыныспен шыққан. Ел өтініші орындалар күн де алыс емес.
Өйткені, ауыл кәсіпкерлерінің алар асуы әлі алда.

Уалихан Жайлау,
«Ақ жол».

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support