Саясат

Тарихымыздың алтын діңгегі

Тарихымыздың алтын діңгегі

 Тараздағы  туризм  кластерін дамыту  кезек күттірмейтін жұмыс

Сенбі күні облыстық әкімдікте еліміздің Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың ҚР Мәдениет министрлігі және Жамбыл облысы әкімдігі арасындағы «Тарихи-мәдени құндылықтарды сақтауда және пайдалануда ынтымақтастық пен өзара байланысты қамтамасыз ету» жөніндегі меморандумға қол қою рәсімі өтті. Бірқатар көрнекті тарихшы, археолог ғалымдардың қатысуымен өтіп отырған іс-шараның маңыздылығын облыс басшысы түсіндіріп берді.

25

Екі мың жылдық тарихы бар көне Тараз шаһары Елбасымыздың сөзімен айтқанда «Тарихымыздың алтын діңгегі». Ежелгі заманалардың терең-терең қатпарларынан бүгінге жеткен Тараздағы және оның айналасындағы ортағасырлық тарихи ескерткіштер аз емес. Олардан мыңжылдық мешіт, Қарахан әулие, Дәуітбек, Айша бибі, Бабаджа хатун, Шоқай датқа,Тектұрмас кесенелері, Қали Жүніс моншасы, Ақкесене мұнарасы, Ақыртас археологиялық сарай кешені тәрізді көне ескерткіштер осы өңірдің ғана емес күллі қазаққа, тіпті, түркі халықтарына тән ортақ тарихтың, мәдениеттің және сәулет өнерінің баға жетпес інжу-маржандарынан саналады. Олардан бөлек соңғы жылдар көлемінде қаланың орталығындағы бұрынғы базар орнында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстарының барысында қыш бұйымдар, алтын, күміс зергерлік заттар, мыс теңгелер тәрізді аса құнды жәдігерлердің жүздеп, мыңдап табылып, археологиялық жұмыстар нәтижесін бере бастауынан мемлекеттік деңгейде шешімін күткен мәселелер туындап отыр. Соңғы үш жылғы қазба жұмыстарына облыстан бір миллиард теңгеге жуық қаражат салынды. Алда бұдан да көп қаржы қажет ететін шаралар кезегі күтуде.

Қазба жұмыстарының қарқыны мен сапасын арттыруға тарихшылар мен археологтарды көптеп тарту, табылып жатқан тарихи жәдігерлерімізді сақтайтын және көпшіліктің назарына ұсынатын ашық аспан астындағы мұражай кешенін ашу, туризм кластерін дамыту үшін осы замандық үлгідегі қонақ үйлер, мейрамханалар, сауда, ойын-сауық және демалыс кешені құрылыстарын бастау мерзімі жетті. Оларды енді екі жарым жылдан соң есігімізді қағып тұрған « ЭКСПО-2017» көрмесіне келетін шетелдік қонақтарға көрсетуге лайықтап жасаумен қатар, Тараздың терең тамырлы тарихи мұраларын ЮНЕСКО шеңберінде насихаттау да керек.

– Міне, осындай қыруар әрі маңызды шараларды бірлесе атқару туралы кеңесуге шақыртуымызды қабыл алып, бізбен екіжақты меморандум қабылдауға келіп отырған Арыстанбек Мұхамедиұлына үлкен ризашылығымды білдіремін, – деген Кәрім Нәсбекұлы, Үкімет тарапынан күтілетін көмек пен қолдаудың арқасында қаламыздың ортасынан көне тарихтан сыр шертетін көзтартарлық тарихи, мәдени нысандар ансамблі пайда боларына сенім білдірді. – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында біздің министрліктің алдына заманауи үлгідегі мәдениет кластерін дамыту міндетін қойғаны мәлім. Өйткені, еліміз тек экономикалық және саяси тұрғыда ғана емес, өркениетті мәдениеті жағынан да әлемге танылуы тиіс. Оның ішінде туризм саласын дамытуға айрықша мән беріліп отыр, – деді өз кезегінде сөз алған министр. –Осы айдың 24-інде Катардың Доха қаласында өтетін ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар комитетінің сессиясында Ұлы Жібек жолының Қытай, Қазақстан және Қырғызстан арқылы өтетін Тянь-Шань дәлізі ЮНЕСКО-ның мәдени нысандар тізіміне енгізілмекші. Ал оның бойындағы ірі сауда орталықтарынан саналған Тараз қаласын да «Көне Тараз» номинациясы бойынша осы тізімге енгізуге неге ұсыныс жасамасқа. Тараз тек бір өңірдің, болмаса Қазақстанның ғана емес, дүниежүзінің мақтанышына айналуы тиіс... Меморандумға қол қою рәсімінен кейін, барлығы қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан орынға бет алды. Мұнда Қазақстандағы ортағасырлық қалалар тарихын зерттеумен танымал тұлға, ҰҒА академигі Карл Байпақов бастаған тарихшы және археолог ғалымдар министрге қазба жұмыстарының жай-жапсарын баяндады. Нақты нәтиже дегенде сонау XI-XII ғасырларға тән ең көне бекіністің, медресе мен хамам-моншаның орны қазылып, көне құрылыстың бұрынғы нобайы айқындалып келеді екен. Оларды жауын-шашыннан қорғау мақсатында үстінен шатырлы бастырма да тұрғызылыпты. Қазылып алынған бұйымдардан қыш құмыра, ыдыстар, саз аспаптарының және әртүрлі кезеңдегі металл монеталардың үлгілері назар аударарлық. Бұл Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі сауда және мәдениет орталығы саналған көне Таразда VIII ғасырдан бастап ақша сарайы жұмыс істегенін дәлелдей түседі. Осындай қымбат жәдігерлер қойылып, жалпы облыс көлеміндегі археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелерін бейнелейтін сызбалар мен көрнекіліктер ілінген орында әкімдіктегі әңгіме заңды жалғасын тапты. Облыс басшысы министрге туризм кластерін дамыту бойынша бұрынғы базар орнында алдағы уақытта салынбақшы заманауи үлгідегі тарихи-мәдени нысандардың жобасын таныстырды. Ғалымдар мен тарихшылар жиналып ғылыми кеңес құратын конгресс-холл, туристер мен қонақтарға арналған қонақ үйлер мен мейрамханалар, мұражай, сауда, ойын-сауық және демалыс орындары, көне қала аймағын тамашалауға арналған биік мұнарасы да болатын бірыңғай кешеннің сызбасы шынында да қызығарлықтай. Осы замандық қала ішіндегі көне шаһар дерлік. Бұл жұмыстарды бастауға бірнеше құрылыс компаниялары құлшыныс танытып та отыр екен. Одан қалса бұл бастамаларға қазірдің өзінде туристер мен шетелдік ғалымдар да аса қызығушылық білдіруде. Меморандум бойынша осы нысандардың құрылысын қаржыландыруға Үкімет тарапынан да арнайы қолдау көрсетілуі істің бірден қарқын алуына жол ашпақ. Осында шешімін тапқан мәселелердің тағы бірі – мұндағы табылған жәдігерлерді енді бұрынғыдай Астанаға алып кетпейтін болады. Министр бұған дейін қалыптасқан осындай үдерістің, жалпы, дұрыс еместігін, еліміздің өзге аймақтарында да қазба жәдігерлері жергілікті мұражайларында халық назарына ұсынылуы тиістігін еске салды. Сонымен қатар, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында кезінде әрқалай жолдармен шетелдерге өтіп кеткен тарихи құндылықтарды елге қайтару мәселесі де күн тәртібінде екенін еске салды. Бұдан соң А. Мұхамедиұлы «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық–мұражайында болып, осы саладағы бүкіл өңір аумағында атқарылып жатқан шаруалар жайымен танысты. Қорыта айтқанда, Мәдениет министрінің облысымызға келуімен Таразда туризм кластерін дамытудың мүмкіндіктері шешімін табатын болды деп ой түйдік.

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».

 Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.