Әлеумет

ғылымға арқа сүйеген қожалық

ғылымға арқа сүйеген қожалық

меркілік кәсіпкер Қанат Шайхиевтің Франция сапарында білгені де, көңілге түйгені де көп

Бүгінде Меркі ауданындағы Қанат Шайхиев басқаратын «Сыпатай батыр» ЖШС еліміз көлемінде жақсы танымал болып қалды. Мұнда қант қызылшасы мен масақты дақылдар өсіруде, ет-сүт, жүн өнімдерін өндіруде елеулі жетістіктерге қол жеткізілуде. Бұл да болса әлемдік озық тәжірибелер мен технологияларды тиімді пайдаланудың жемісі екені анық. Кәсіпкер азамат ауыл шаруашылығы жұмыстарын ғылыммен ұштастыра жүргізуді ойлайды. Жуықта қазақстандық делегация құрамында Францияға барып қайтуы оны жаңа жетістіктерге жігерлендіре түсті. – Тобымызда Алматы облысынан 12 адам болды, Жамбылдан мен ғанамын. Францияға барудағы мақсатымыз – қант қызылшасын өсіру жайымен танысып, тәжірибе алмасу, жетістіктер сырына қанығу еді. Бұл елде әлемдік дәрежеде дәнді дақылдардың элиталық тұқымдарын зертханалық заманауи тәжірибелерден өткізіп, өңдеп, дайындайтын әрі уақыт талабына сай жетілдіріп отыратын «Флоримон Депре» компаниясы жұмыс істейді. Ал бізде қызылша дақылы өнімділігін арттыру ісімен ізерлеп айналысып жатқан жеке адам не мекеме де жоқ қой, – деп бастады әңгімесін Қ. Шайхиев. – Рас, Алматы облысында «Жетісу СПК» бұл істі енді қолға алып жатыр. Ал шын мәнінде еліміздің ауыл шаруашылығында қант қызылшасын өсіру басым бағытта болуға тиіс. Өйткені, біз қанттың 9 пайызын ғана өзімізде өндіреміз, ал 91 пайызы сырттан әкелінеді. Сондықтан қолда бар мүмкіндікті молынан пайдалана отырып, балтамыр егістігі көлемін ұлғайтуды, қантты өзімізде өндіруді өркендетуіміз керек-ақ. Кейіпкеріміз шетел тәжірибесіне қанығу барысында «тәтті түбір» егіп, өсіру тәжірибесі мен технологиясын жетілдіру бойынша тым артта қалып қойғанымызды сезінгенін айтады. Өңір шаруашылықтарының басшылары қызылша дегенде, оның «Авантаж» аталатын шетелдік сұрыпын ғана біледі, оны егістік айналымына жаппай енгізіп те жатыр. Ал жоғарыда аталған компания өкілдерінің айтуынша, «Авантаж», «Роксана», «Ардан» тұқымдары он жылдан әрідегі ескірген тұқымдар екен. Одан беріде қызылшаның үш буынының сұрыпы жаңғыртылып үлгерген. «Міне, қант қызылшасын егіп, өсіру ісінің бастапқы қадамын осыдан бастауға тиіспіз, – дейді Қанат мырза. – Компания өкілдерінің түсіндіруінше, екінші, үшінші буындағы элиталық тұқымдардың артықшылығы, біріншіден, өнімділігі, екіншіден қанттылығы жоғары, үшіншіден, өсімдіктердің түрлі ауруларына қарсы тұра біледі. Енді байқадыңыз ба, біздің неден кем қалып жатқанымызды? Элиталық заманауи тұқым – қазіргі жаңа технология уақытында өте маңызды мәселе. Франциядағы элиталық тұқымдарды пайдаланатын фермерлік шаруашылықтарының өзіндік технологиялық жаңалықтары, ізденістері бар, гектарына 1000 центнерге дейін өнім жинау әлеуетіне ие. Ал біздің өңірімізде 2010 жылы қант қызылшасына алғаш бетбұрыс жасалғанда, гектар қайтарымы 200-250 центнерден айналғанының өзін көңілге тоқ санадық емес пе?! Әрине, өңірімізде тұқымын жаңарту, егу технологиясын жетілдіру секілді ізденістерге, жаңашылдыққа бой ұрып, «балтамырдан» мол өнім жиналуына қол жеткізгендер аз емес. Олардың қатарында Қ. Шайхиев те бар. Ол бір жылдары гектарына 500 центнерден өнім алуды қамтамасыз еткен болатын, биылғы межесі – 700 центнердің үстінде! Мұның бәрі тынымсыз еңбектің, ізденістің нәтижесінде жүзеге асырылуда. «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мүшелерінің де бұған қосқан үлестері қомақты. Жұмыста жауапкершілік қана емес, жанашырлық, мол ізденістің қажеттігі, өзгелерді осы межеге ұйытып, ұйымдастыра білудің керектігі Қ. Шайхиевтің сөзінен де, ісінен де айқын аңғарылады. Қолында калькулятор, не нәрсенің болсын дереу нәтижесін анықтауға, есебін шығаруға машықтанған. Құр қиял, бос сөзден аулақ. Осы жолы да әлдене мәселемен алдына келген кісіге калькулятордың тетіктерін басып есептеп, қорытындысын айтып, көрсетіп жатты. Ол «Флоримон Депре» компаниясына бізден әзірге қызылшаның «Авантаж» тұқымына ғана тапсырыс түсіп жатқанын, жаңа буын элиталық тұқымдарға қол жеткізуіміз үшін, олар біздің мемлекеттің тіркеуіне алынуы тиістігін, ал бұл жұмыстарды толықтай жүзеге асыруға әлі де екі-үш жылдай уақыт қажет болатынын да айтады. «Әрине, құр қарап отырған жоқпыз. Қазіргі уақытта Алматы облысы, Қарасай ауданы, Алмалыбақ ауылында орналасқан Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтымен бірлесе тиісті жұмыстарды жүзеге асыра бастадық. Өзара келісімшарт негізінде сапалы тұқымдарды солардан алудамыз. Олардың ғылыми тәжірибелеріне де мән береміз», – дейді кәсіпкер азамат. Рас, бүгінде қант қызылшасын егуге, өнім алуға мемлекет тарапынан мол қамқорлық жасалуда. Субсидия да беріледі. Соның есебінен өңірімізде қант қызылшасының көлемі артты. Мәселен, Меркі ауданында қант қызылшасын өсіру көлемі үш есеге өсті. Осы сапарында мал өсірумен айналысатын франциялық шаруалардың ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігуінің үлгі етерлік тәжірибесі мол екеніне де көз жеткізіп қайтқан серіктестік жетекшісі бүгінде өздерінің бұл бағыттағы жұмыстарын ширату үстінде. Мал шаруашылығын дамыту мақсатында құрылған «Қасапхана» шаруа қожалығында қазір 250 сиыр, 7500 меринос қойы өсірілуде. Әсіресе, қырықтан астам шаруа қожалықтары біріккен «Меркі өнімдері» кооперативінің құрылуы ауданда бұл салаға тың серпін беріп отыр. Сондай-ақ, қант қызылшасын өсіру бағытында облыстағы он шаруа қожалығының кооперативке бірігуінен үлкен үміт күтілуде. Оның басшылығына Қордай ауданындағы «Сарыбұлақ» ауылында орналасқан «Самғау» шаруа қожалығының төрағасы Ж.Труников тағайындалған. Бұл, сөз жоқ, облысымызда қант қызылшасын егіп, өсіру ісін дамытуға жол ашады, үкімет тарапынан мол субсидия бөлінеді, өндірілген өнімді тиімді бағамен өткізу, басқа да көкейкесті мәселелер оңтайлы шешілетін болады. Жалпы, «Сыпатай батыр» ЖШС тынымсыз еңбектің, ізденістің, ұйымдаса білудің арқасында бүгінгі биігіне көтеріліп отыр. «Сыпатайлықтарда» табысқа тоқмейілсу, тоқырап, тоқтап қалу деген жоқ. Серіктестік мүшелері әлемдегі ауыл шаруашылығы қандай дәрежеге биіктеп кетсе, сондай межеге жетуді армандайды, алдарына оны басты мұрат-мақсат етіп қойып та отыр. Ал Қ. Шайхиев ондай межеге де жетуге болады дейді нық сеніммен.

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ, ҚР Журналистер одағының мүшесі.

Меркі ауданы.