мүмкіндігі шектеулі азамат тар көрмені тамашалауға мүмкіндік алды
мүмкіндігі шектеулі азамат тар көрмені тамашалауға мүмкіндік алды
Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мүмкіндігі шектеулі 41 азаматқа Елордада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін тамашалауға мүмкіндік туғызды. Тараз қаласындағы орталық «Достық» алаңына жиналған қолдауға мұқтаж қамкөңіл жандарды қала әкімі Рүстем Дәулет, аталған басқарма басшысының орынбасары Ермек Бықыбаев сәт-сапар тілеп, шығарып салды. Астананың бүгінгі ғаламат мүмкіндіктеріне, онда өтіп жатқан ЭКСПО-ның кереметтеріне тоқталған шаһар басшысы осы қамкөңіл жандарды Елордаға қыдырту үшін әкімдік жанындағы «Көне Тараз» қоғамдық қорынан 700 мың теңге бөлінгенін айтты. Сондай-ақ, бұл сапар үшін «АрайСтройМаркет-2020» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 500 мың теңге қаражат аударғанын жеткізді. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ермек Бықыбаевтың айтуынша, бұл туристер Елордаға 2 күндік сапармен барады екен. Олардың қонақ үйі дайын, тамағы, көлік мәселелері, барлығы шешілген. Жалпы 1 адамға жолақысы мен жатын орны, тамағын қосқанда 35 мың теңгеден айналған көрінеді. Мүмкіндігі шектеулі жандарды Елордаға Тараздағы «Нұр-Перизат» зағип жандарға арналған қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлан Ақпаев бастап барады. Ол сапарға шығып бара жатқан жолаушылардың көңіл-күйі жоғары екенін айтты. Осылайша, тағы бір жолаушылар мінген автобус Елорданы, ЭКСПО қалашығын бетке алды.
Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».
Тараз қаласы.