- Advertisement -

«Жасаудың» Құрақ көрпешелері-ай, шіркін!

187

- Advertisement -

немесе қыз жасауын дайындауды табыс көзіне айналдырған ана

Бүгінде елімізде кәсіптің түр-түрі бар. Ал олардың арасындағы ежелгі әрі ескірмейтіні – қыз жасауын дайындаумен байланысты кәсіп болса керек. «Қазақ аттан жығылса да, салттан жығылмайтын халық» деп жатамыз. Иә, заманның ағымына қарай кейбір дәстүрлеріміз өткенмен бірге кетіп не болмаса өзгерістерге ұшырауы да мүмкін. Кейде қалтаның ыңғайына қарай, оң босағасынан ұзатылғалы отырған қыздың дүние-мүлкі дайындалмай да қалады. Бірақ, көрпе-жастығы түгенделмеуі мүмкін емес.
Жасауды қыздың әжесі, анасы, жеңгелері әзірлейді. Бірақ бұл бүгінде өте сирек кездесетін құбылыс, көпшілік дайын жасауды сатып алып жүр. Оның еш айыбы жоқ. Себебі оюлап, кестелеп, көздің жауын алар көрпелер тігу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Оның үстіне құрақ көрпе тігу көп уақыт алмақ. Алайда, қыз анасы жасауды өзі дайындамағанымен, көрпелерді өзі арнап тіккендей сапада жұмыс істейтін тігіншілерден сатып алуды қалайды.
Тараз қаласында он бес жылдан астам уақыттан бері осы кәсіппен тұрақты айналысып, жамбылдық арулардың жаңа өмірге аттаған қадамдарына өзіндік қолтаңбасын қалдырумен келе жатқан Захира Мырзахметова – тұтынушының осындай талабынан шығып, алғыс арқалап жүрген шебер. Он саусағынан өнер тамған тігінші осы салада ерекше ықыласпен қызмет етуде. Бұл кәсіп оған анасы Үрзиядан жұғысты болыпты. Алайда, ол бойындағы ерекше қабілетті нақты іске асыруға да асықпаған. Сегіз жылдық мектепті тәмамдаған соң, Жамбыл статистикалық техникумына оқуға түседі. Оны есепшілік мамандығы бойынша бітіріп шығады. Біраз жылдар бойы осы мамандығы бойынша ел қатарлы еңбек еткен.
Алайда, нарыққа өтпелі кезеңде оның кәсібін өзгертуіне тура келген. Анасының қанымен біткен өнердің жарқырап шығатын уақыты осы сәттен бастау алады. Осылайша, табиғат тарту еткен талантын қып-қызыл табыстың көзіне де айналдыра бастайды. 2003 жылы «Жасау» деген атаумен тігін өнімдерін шығаратын жеке кәсіпкерлік нысанын ашады. Жылдан-жылға өнімнің түрін көбейте түскен кәсіпкер тараздықтарды былай қойғанда, облыстан тыс өңірлерге де таныла түсіпті. Бұл, әрине, тынымсыз еңбек пен ізденістің нәтижесі. Шағын кәсіпорында махаббат көрпесі, төр көрпе, көрпешелер, ет көрпе, бөстек, мойын жастық, қолтық жастық тігіледі. Сонымен қатар, көрпенің тыстары, төсек жапқыш, жастық, шымылдық, қоржын сияқты дүниелер зерленіп, оюланып, тұтынушыларына жол тартуда.
Осынау сәні, салтанаты үйлескен дүниелердің барлығын Захираның бір өзі ғана дайындамайды. Ісмер көмекшілерінің еңбегіне сүйенеді. Олардың арасында өзінің келіні Рамида Мақамбетова да бар. Ол енесінен өнер мен кәсіпті қатар үйреніп келеді. Ұлы – Батыр Мақсұтбеков те тігін ісіне икемді-ақ. Сондай-ақ, тігіншілер Балқаш Қазиева, Толқын Манапова, құрақшылар Гүлзар Жұмабаева, Дариға Абдраимова шағын кәсіпорынның шаруасын ұршықша иіріп, тыным таппай тер төгуде. Ал көрпелерге қажетті керек-жарақтарды, матаның түр-түрін таңдау, дер кезінде сатып әкелу, әрине Зағира Мырзатайқызының мойнында. Ол осынау іске патриоттық көзқараста. «Ұлтсыздандыру кезінде жоғалып барып қайтқан дәстүр-салтымыздың жаңғырғанына қуанамын»,– дейді құрақшы.
Сәнімен ғана емес, сапасымен де ерекшеленетін цех өнімдері көпшілік тарапынан мойындалып үлгерген. Сонымен қатар, аудан, қала, облыс басшыларынан алған Алғыс хаттары, Құрмет грамоталары, дипломдары жетіп артылады. Бірақ, кәсіпкердің айтуынша, тұтынушылар тарапынан алған алғыстың жөні бөлек.
Ол – аймақтық «Алтын сапа» байқауында «Ең үздік қатысушы», «Үздік кәсіпкер» аталымдары бойынша лауреаты. Қазақстан, Ресей, Украина, Беларус Республикалары бойынша «Үздік адам» атағын алған. 2005 жылы Алматы қаласында өткен әйелдердің өнертапқыштығы мен ұлттық тауарлары жәрмеңкесінде «Қанатты әйел-2», сол жылы облыс бойынша «Шағын кәсіпкерлікті дамыту бойынша жетістіктер» конкурсының «Халықтық қолөнер» саласындағы үздік кәсіпорын аталымдарына ие болды. 2006 жылы Жамбыл облысының индустриялық-инновациялық бағыттағы үздік тауарлары және қызметтері конкурсында үздіктер қатарынан көрінді.

Өмірзақ ДІЛДӘБЕКОВ,
еңбек ардагері.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support