Саясат

Берекелі шаңырақ

Берекелі шаңырақ

Меркі аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметінің қызметкері Ғалымжан Арыстанбаев жайлы көп естіп, онымен бір кездесуге асық болып жүрген едім. Енді міне, иманжүзді жігітпен жүздесіп те отырмын. – Ғалымжан, – деймін мен. – Бір отбасында өз үш ұлыңмен бірге он үш адам бақытты шаңырақ көтеріп отырсыздар. Жалпы, бала асырап алу, тәрбиелеу қайдан ойларыңызға келді, оған не түрткі болды? – Бәрі ойламаған жерден болды ғой. Жұбайым Әлия – мұғалім. Бір күні: «Үш ұлымыз бар, енді бір қыз болса жақсы болар еді. Қыз асырап алғым кеп жүр» деді. Мен қарсы болмадым. Содан өзіміздің Меркідегі балалар үйіне қайта-қайта барып жүріп, үлкен қызымыз Заринамен танысып, бара-бара бір-біріне бауыр басып, он төрт жасар қызды осыдан үш жыл бұрын асырап алдық. Негізі, 3-4 жасар қыз алмақ болғанбыз. Ал бойжетіп қалған Заринаға жолығып, Әлия екеуі тез тіл табысып кетті. Осылай үлкен отбасы болуға деген мақсатымыз өзінен-өзі ұлғая берді, – дейді кең пейілді, ақ жүректі Ғалымжан. Бүгінде Ғалымжан мен Әлияның отбасында өз туған балаларындай болып кеткен алты ұлттан сегіз ұл-қызы бәйшешектей тербеліп, тату-тәтті, бақытты өмір сүріп жатыр. Ұлты орыс, алтыдағы Андрей – өздері Арнұр деп атап кеткен балалары мен сыған Рафаэль – Рафаны сүндетке отырғызып, қазақ халқының дархандығы мен туған-туыстарына сән-салтанымен той да жасап беріпті. Биыл бұл отбасы тағы да бір айдай сұлу Алсу атты бір жарым жасар татар қызымен толығыпты. Берекелі, мерекелі отбасы облыстық «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, 180 отбасы қатысқан байқауда жүлделі бірінші орынды иеленіп, 400 мың теңгенің сертификаты мен облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталыпты. Ұл-қыздарының барлығы ән салып, би билеп, тақпақ оқитынын, үй жұмысын, тамақ істеуді де бір кісідей игергенін Ғалымжан мен бақытты ана Әлия үлкен мақтаныш көреді. «Біз оларды, олар бізді оқытады» деп мәз болады көп балалы жас отбасы. Ғалымжан Арыстанбаев пен Әлия Көбегеноваларды енді республикалық «Мерейлі отбасы – 2017» байқауы күтіп тұр. Он үшінші қыркүйекте Астанаға пойызға билет те алып қойыпты. Мерейі тасыған отбасына абыройларыңыз арта берсін, шаңырақтарыңыз биіктеп, кеңейе берсін, Астана төрінен мерейлеріңіз тасып қайтыңыздар деген тілегімізді айтамыз.

Меркі ауданы.

Серік Құралбай, «Ақ жол».