Ана тілі жоқ ұлт болмайды
Ана тілі жоқ ұлт болмайды
Билібай МҮСІЛІМОВ, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының доценті.
Мемлекет басшысы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ұлттық сананы жаңғыртудың нақты жолдарын тағы да бір айқындап, көрсетіп берді. Атап айтқанда, қоғамдық сананы жаңғырту мақсатында Елбасы ұсынған қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Туған жер» бағдарламасы, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» сияқты алдағы уақытта қолға алынатын жобалардың барлығы көпшілік көкейінен шығуда. Осы жобаларды саналы іске асырудың және оны жұрттың саналы қабылдауы мемлекеттік тілдің қолданыс аясы кеңейтілуіне де жол ашады деп ойлаймын. Сол үшін бұл бағытта уақыт ұттырмай батыл шешімдер қабылдап, қатаң талаптар қоюды бастауымыз керек. Елімізде тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Тіл туралы Заң да бар. Бірақ та әлі күнге дейін мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мен дамыту бағытындағы іс-шаралардың нәтижелілігі қанағаттанарлық деңгейде деп айту қиын. Жер, ауа және су – мұның барлығы тіршілік көзі екені дәлелдеуді де қажет етпейді. Сол сияқты ана тіліңнің болуы, оның қадір-қасиетін, құдіретін шынайы сезінуің, тереңдеп меңгеруің – ұлтыңның сақталуы, өз елің мен жеріңнің болуы. Ана тілінсіз ешбір ұлт болмайтындығы, ұлттық сана-сезімнің қалыптаспайтындығы да бұлтарғысыз қағидат. Ендеше, Мәңгілік Ел боламыз десек, «Мәңгілік Ел» идеологиясы тұрғысынан алғанда да мемлекеттік тілді білу мәселесі бірінші кезекте тұруға тиіс. Онсыз адам бойындағы отансүйгіштік, өз еліне және жеріне деген патриоттық сезім сенімді һәм берік қалыптаспайды. Жас балаға балабақшада, одан кейін мектепте бірінші сыныпта өз ана тілінде оқуды, жазуды және санауды жаңадан үйрене бастаған кезінде, әсіресе, латын әліпбиіне көшу тұсында ағылшын тілін шетел тілі ретінде үйрену біраз қиындық туындатады. Себебі, жеткіншекке ана тілі мен шетел тілін қатар меңгерту үдерісінде көптеген психологиялық, психолингвистикалық құбылыстар орын алатыны заңды. Бүлдіршін бала жаңа – екінші тілді, ағылшын тілін үйренерде саналы түрде жекелеген сөздерді, ұғымдар мен түсініктерді біртіндеп меңгере бастауы үшін оның бойында ең алдымен өз ана тіліндегі жеткілікті сөздік қоры болуға тиіс. Сонда ғана жас жеткіншек өзге елдің ерекшеліктерін өз елінің мәдениетімен, салт-дәстүрімен салыстыруға мүмкіндік алып, тарихты танып-біледі. Тіл үйрене отырып, өзге халықтың, ұлттың болмысын, ерекшелігін түсіне бастайды. Оқушы мұндай саналы деңгейге төртінші сыныпта ғана қол жеткізіп, өз ана тіліндегі сөздік қорын жеткілікті түрде молайтып үлгере алады. Сондықтан бұл мәселені бастауыш сынып мұғалімдері айрықша жауапкершілікпен іске асыруы керек. Осы іргелі жағдайларға байланысты латын әрпі мен әліпбиіне көшу және үштілділік мәселесі үйлесімді әрі кешенді түрде жүзеге асырылғаны жөн. Латын әліпбиіне көшуге байланысты үштілділік мәселесін шешуге жас жеткіншек 11-12 жастан бастап кірісуі керек деп есептейміз. Себебі, бала 11-12 жасқа дейін өз ана тілін таза біліп, оны толыққанды меңгеріп алуы тиіс. Осы жасқа дейін бала қоршаған ортадағы нәрселердің атауларын, мазмұнын ана тілінде ұғып, біліп шығуы қажет. Өз ұлтының тарихи негізі – тегінен, ділінен, дінінен, салт-дәстүрінен жан-жақты хабардар болып, ұлтжанды азамат ретінде қалыптасса, құба-құп емес пе? Бала бесік жырын және қазақ ертегілерін өз тілінде нәресте кезінен естіп, тыңдап және оқып, ауыз әдебиетімен сусындап өсуге тиіс. Алдымен жас жеткіншектер бойында қазақи ойлау дағдысын берік қалыптастырып алуымыз керек. Ұлттық ұғым-түсінігіне өзге тілдерді араластырмау бала бойында ұлттық сана мен ұлтжандылық қасиеттері мол да берік орнығуына септесіп, латын қарпін сенімді әрі таза меңгеруіне жол ашпақ. Содан кейін ғана барып шет елдік (ағылшын және орыс) тілдерді үйренуді бастауға болады. Бұл кездері жас бала қазақ тіліндегі латын әріптері оқылуын ағылшын тілі әріптерінің оқылуы ережелерімен шатыстырмайтындай, шет тілі сөздерін ана тілі сөздерімен салыстыра алатындай деңгейге жетеді. Ал егер біз үштілділікті балабақшадан немесе бастауыш сыныптардан бастайтын болсақ, онда бүлдіршіндеріміздің «тамырынан», қазақ тілінен ажырауына өзіміз ықпал еткен боламыз да шығамыз. Бұл да еш дәлелдеуді қажет етпейді деген ойдамыз. Оның салдары ауыр болып, ұлтымызды, ана тілімізді жоғалтып алу қаупі туындайды. Осы мәнзелдес ой, пікір, ұсыныстар түрлі деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарында да көптеп жариялануда. Олардың барлығын да алдағы уақытта осы бағыттағы мәселелерді қарастырып жатқан ұлттық комиссиялар мен жұмысшы топтары назарға алулары керек деп есептейміз. Мемлекет басшысының ҚР Парламенті палаталарының жуырдағы бірлескен отырысында атап көрсеткеніндей, еліміз қазіргі таңда бірқатар маңызды стратегиялық міндеттердің қарсаңында тұр. Парламент, Үкіметпен бірлесе отырып, Ұлт жоспарын, Жолдауды және тұтастай алғанда, барлық қабылданған бағдарламаларды қамтамасыз ету бойынша мүмкіндіктерді толықтай пайдалануға тиіс. 2018 жылы қоғамды рухани жаңғыртуға байланысты бірқатар бағыттар бастау алатын болады. Ал қазақ тілінің басымдығын сақтау жөніндегі Елбасы талабын, тапсырмасын толыққанды іске асыру үшін қоғамда мемлекеттік тіл – қазақ тілін меңгеруге және қолдануға қажеттілік тудыруымыз керек-ақ. Мысалы, барлық деңгейдегі әкімдер және басшылар, Парламент депутаттары, министрлер, мәслихат депутаттары үшін ресми қызметке кірісу алдында ант беру үрдісін қалыптастыру және анттың бір пунктіне міндетті түрде мемлекеттік тілді қолдау және қолдану аясын кеңіту міндетін енгізу, республикалық барлық ресми іс-шараларды қатаң түрде мемлекеттік тілде өткізу, барлық деңгейдегі ресми құжаттардың түпнұсқасы мемлекеттік тілде жазылып толтырылуын міндеттеу секілді батыл шешімдерге барып, талаптар қою өзге тілдерді білуге және меңгеруге, дамытуға ешқандай кедергі келтірмейді. Оларға ешқандай шектеу жоқ. Бірақ Қазақстанда тұратын азаматтардың барлығы келешекте, 2025 жылдан бастап мемлекеттік тілді білуге міндетті болуға тиіс. Осылай еткенде ғана бұл мәселенің оң шешілуіне ата-аналар да, келешегін ойлайтын жастар да, жас мамандар да өз үлестерін белсендірек қоса бастайды, яғни қоғамда бұл бағытта нақты қозғалыс басталады. Өйткені, барлық ата-ана өз балаларының келешегін, болашағын ойлай бастайды, сөйтеді-дағы өз балаларына бұл бағытта ықпал ете бастайды. Ал оған қоса саналы жастардың қайсысының келешекте басшы, әкім, депутат немесе министр болғысы келмейді дейсіз! Осынау тағдыршешті мәселені келісіп, кеңесіп іске асыруға әлі де кеш емес деп ойлаймыз. Мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге бағытталған іс-шараларды батыл түрде жүйелі іске асыру – мәңгілік ел болуымыздың басты шарты екендігін әсте естен шығармауға тиістіміз.