Жұмыссыздықты жою назардан тыс қалған емес
Жұмыссыздықты жою назардан тыс қалған емес
Жорабек Баубеков, облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы.
Елбасы жұмыссыздықты жою мәселесін еш уақытта назардан тыс қалдырған емес. Тұрғындарды жұмыспен қамту – мемлекеттің стратегиялық міндеттерінің бірі. Себебі, бұл – елдегі әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығы мен экономикалық өсімге әсер ететін бірден-бір фактор. Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауында Үкімет жұмыспен қамту орталықтарын реформалап, барлық бос жұмыс орындары мен бүкіл елді мекендерде бірыңғай онлайн платформа қалыптастыруды тапсыруы да сондықтан. Президент Жолдауда: «Менің тапсырмам бойынша Үкімет биылдан бастап «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыруға кірісіп кетті. Бұдан былай Қазақстан азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады. Шағын несие беру аясын кеңейтіп, кәсіпкерлерге кепілдік жасау және қызмет көрсету тетіктерін белсенді пайдалану керек. Бұл шараларды бизнес жүргізу және қаржылық сауаттылыққа үйрету ісін ұйымдастырумен қатар атқару керек. Жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру керек. Қазақстанның әр өңірі жаппай кәсіпкерлікті, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар ұсынуға тиіс. Жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны – бұрынғыша Үкімет пен әкімдер қызметінің тиімділігін бағалаудың негізгі критерийінің бірі болмақ», – деп атап көрсеткені белгілі. Жұмыспен қамтудың жүйелі жолы – осы. Өйткені, кәсіпкерлікті дамыту – нарықтық қатынастар кезеңінде жұмыссыздықты жоюдың ең тиімді жолы. Мұндай шаралар әлемнің дамыған елдерінің тәжірибесінде қолданылған және оның өз жемісін бергенін білеміз. Жалпы, әлемнің дамыған елдері микрокредит беруді дамыту арқылы жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын құру мәселелерін шешуге ықпал ететін кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтуге баса мән береді. Мұндай тәжірибе біздің елімізде де көп жылдан бері қолданылып келеді. Нақтырақ айтсақ, кәсіпкерлікті қолдау шаралары әр салаға қатысты қабылданған мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылатын. Биылдан бастап соның бірқатары жаңа бағдарламаға топтастырылды. Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттер біздің өңірімізде жоғары деңгейде орындалуда. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев барлық саладағы істі ілгерілетуге көңіл бөліп отыр. Соның нәтижесінде даму қарқыны тұрақты. Мұны «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасындағы» басымдықтардың орындалып, аз уақытта жемісін бере бастағанынан-ақ көруге болады. Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыруға өңірімізге биыл 9,8 миллиард теңге қарастырылып отыр. Оның 2646,6 миллион теңгесі – республикалық, 4245 миллион теңгесі – облыстық бюджеттен бөлінді. Жұмыспен қамтудың жаңа жобасының нәтижелілігі сол, 1 тамызға дейін бағдарламаға қатысу үшін 22 мың адам қайырылды. Оның 19 мыңы бағдарламаға қатысуға өтініш білдірді. Яғни, 86 пайызы. Бүгінгі таңда соның 15,2 мыңы жұмысқа орналасып, 12900 адамның міндетті зейнетақы жарналарын аударуға мүмкіндік туып отыр. Бағдарламаның бірінші бағыты – тегін кәсіптік және техникалық даярлауға 770 адам жолданды. Қайта мамандандыруға бөлінген қаржының көлемі – 152,7 миллион теңге. Ал қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 738,4 миллион теңге қарастырылған. Қазірдің өзінде бұл соманың 99 пайызы игерілген. Осыны ескеріп, алдағы уақытта қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға бағытталған қаражат көлемін ұлғайту жоспарлануда. Бұл бағыт бойынша 6308 адам білім алуы тиіс, қазіргі таңда 1600 адам оқуын тәмамдап, жұмысқа қабілетті мамандардың қатарына қосылды. Бағдарламаның «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағыты бойынша 3,6 миллиард теңге бөлініп, 1080 адам кәсіпкерлік негіздеріне бейімделіп оқытылады. Биыл «Бастау-Бизнес» жобасы аясында 18 миллион теңге бөлініп, осы кезеңге дейін 433 адам оқудан өтті. Сондай-ақ, қалалықтарға шағын несие беруге 754,3 миллион теңге, шағын несиені кепілдендіруге 88,3 миллион теңге қаралып отыр. Ал ауыл тұрғындарын шағын несиелеуге 2,5 миллиард теңге бөлінген. Облыс әкімдігі шағын несие беруге «Даму» қоры шотына 220,8 миллион теңге және шағын несиелерді кепілдендіруге 44 миллион теңге аударды. Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша 6272 адамды жұмыспен қамтуға 5,3 миллиард теңге бөлініп отыр. Әлеуметтік жұмыс орнын ашуға 192 миллион теңге қаралып, 1211 адам әлеуметтік жұмыстарға жолданды, оның 70-і тұрақты жұмыспен қамтылды. «Жастар тәжірибесі» бойынша 1410 орынға 463 миллион теңге бөлінген. Қазірдің өзінде бұл жоспар артығымен орындалды. Нақтырақ айтсақ, 1473 түлек тәжірибеден өтуге жолданып, оның 133-і тұрақты жұмыс тапты. Ақылы қоғамдық жұмыстарға жергілікті бюджеттерден 133 миллион теңге бөлініп, 3450 адам жұмысқа тартылып отыр. Біз еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру бағытында тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Соның нәтижесінде біздің өңірден Солтүстік Қазақстан облысына 19 отбасы, 88 адам қоныс аударуға ниет білдірген еді. Қазір 17 отбасы көшірілді. Олардың 14-і – Қордай ауданынан. Тараз қаласы, Т.Рысқұлов, Жамбыл аудандарынан бір-бір отбасыдан бар. Солтүстікке қоныс аударған отбасылар өңірлік квотаға қол жеткізіп, көшу шығындары бойынша субсидия алды. Енді Шу ауданынан ниет білдірген 2 отбасын көшіру жұмыстары жүргізілуде. Осылайша тұрғындарды еңбекпен қамту, кәсіпкерлікке бейімдеу, олардың күнкөрісіне жағдай жасау жоғары деңгейде ұйымдастырылып отыр. Елбасы Жолдауынан туындаған міндеттер толық орындалса, тұрғындардың түйткілді мәселелерінің түйіні тарқатыларына сенім мол. Сондықтан біз Мемлекет басшысының саясатын қолдай отырып, алдағы уақытта да нәтижелі жұмыстарымызды жалғастыра беретін боламыз.