- Advertisement -

Жұлдызы жанған жампоздар

95

- Advertisement -

IMG_1940облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев ел намысын қорғаған спортшыларды марапаттады

Тамыз-қыркүйек айлары еліміз бен өңір спортшылары үшін толайым табыстарға толы болды. Бокстан Германияның Гамбург қаласында өткен әлем чемпионатында жамбылдық сайыпқыран Әбілхан Аманқұл (75 келі салмақ дәрежесі) күміс жүлдені иеленсе, күрес түрлерінен Франция астанасы Парижде өткен әлем біріншілігінде еркін күрестен Ақжүрек Таңатаров (70 келі салмақта) қола жүлдегер, Тайбэйде жалауы желбіреген жазғы Универсиадада Бекәділ Шәймерденов (73 келі салмақта) қола жүлдеге қол жеткізген болатын. Сондай-ақ, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астана төрінде ұйымдастырылған бокс кешінде болгар қызы Милена Колеваны жеңген Фируза Шарипова кәсіпқой бокстан тұңғыш рет WIBA, WBU тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанды.

Еліміздің абыройын аспандатқан саңлақтарды облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қабылдап, марапаттады. «Әлемдік додаларда атой салған саңлақтарды шын жүректен құттықтаймын. 2011 жылы Алматы мен Астанада өткен Қысқы Азия ойындарының ту көтеру салтанатында Жақсылық Үшкемпіров бастаған бірқатар жамбылдық спортшылардың жүргені мерейімізді тасытты. Бүгінде облыс бюджеті 9 миллиард теңгені құрайды. Анығырақ айтқанда, өңірімізде спорт саласына үлкен назар аударылып келеді. Жамбыл – спорттық дәстүрлерге бай өңір. Қай спорт түрінен болсын, ғаламдық деңгейдегі додалардан жеңімпаз атанып келіп жатыр. Мақтаныш па, мақтаныш! Бүгін бірқатар спортшыларды атап өткім келеді. Германияның Гамбург қаласында өткен бокстан әлем чемпионатында күміс медальді алған Әбілхан Аманқұл мен бапкері Нұрлан Ақүрпеков қандай да құрметке лайық. Парижде күрес түрлерінен жалауы желбіреген әлем чемпионатында қола жүлдені қоржынға салған Ақжүрек Таңатаров пен бапкері Әділет Сарыбаевтікі еңбек пе, еңбек. Ақжүрек Олимпиаданың қоласын, Азияның алтынын, әлем біріншілігінің тағы да қола жүлдесін мойнына ілді. Нағыз ер. Тайбэйде өткен жазғы Универсиадада қола медальді еншілеген Бекәділ Шаймердонов пен жаттықтырушысы Рахымжан Мырзатаевты қалай қолдамайсың? Ал көкпаршыларымыз туралы әңгіме тіптен бөлек. Соңғы бірнеше жылдың бедерінде елде қарсылас шыдатпай келеді. Әлемдік додада атой салған ұлттық құрама сапына төрт бірдей оғланымыз енді. Олар: Манарбек Дүйсенбиев, Құлажан Тоғайбаев, Бағлан Шырынбаев, Атамекен Рүстемов. Ұлттық ойынымыздың мерейін тасытқан азаматтарға да алғысым шексіз. Енді осы саңлақтарымыз Токио Олимпиадасында атой салады деп сенемін», – деді Кәрім Нәсбекұлы. Сондай-ақ, облыс басшысы облыстық дарынды спортшыларға арналған мектеп-интернаттың директоры Манарбек Ағайдаровқа саңлақтарға қамқорлық жасап жүргені үшін ризашылығын білдірді.

Шара соңы марапаттау рәсіміне ұласты. Облыс әкімі бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұлға 2 бөлмелі пәтердің кілтін, бапкері Нұрлан Ақүрпековке 500 мың теңгенің сертификатын тапсырса, еркін күрестен әлем біріншілігінің қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаровқа 3 миллион теңгенің сертификатын, әлемдік жарыста атой салған көкпаршыларымыздың бапкері Нұрдәулет Момыновқа 2 миллион теңгенің сертификатын, Тайбэйде өткен жазғы Универсиадада дзюдодан қола жүлде еншілеген Бекәділ Шәймерденге 500 мың теңгенің сертификатын табыстады. Шара соңында Әбілханның бапкері Нұрлан Ақүрпеков облыс басшысына ризашылығын жеткізді. Облыс әкімі Фируза Шарипова демалыстан оралғанда ол да марапатталатынын атап өтті.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Табиғат Абаилдаев,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support