Балуан Бекмұхан
Балуан Бекмұхан
Балаң шағынан күреске аңсары ауған Бекмұхан атан жілік, апайтөс алыптардың белдесуіне қызығып өсті. Асқаралы арман оны түптің түбінде бозкілем шебері болуға алып барды. Кейіпкеріміз 1987 жылдың наурыз айының 19-шы жұлдызында Кеңес ауылында дүниеге келген. 2004 жылдан бастап қазақ, самбо күресімен айналыса бастайды. 2008 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге әскер қатарына алынып, 2009-2010 жылдары мансабын уақытша тоқтатып, 2011 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін қазақ, самбо күресімен қайта шұғылданып келеді. «Күреске келуіме әуелі Алла, екінші әкем Өмірзақ Әділбеков, үшіншіден «жігіттің жақсысы нағашыдан» демекші, нағашыларым сеп болса керек» дейді балуан. Өйткені, Бекмұханның нағашы жұрты атақты Балуан Шолақтың ұрпақтары екен. Бекеңді жерлестері қазақ күресінен Азияның екі дүркін чемпионы ретінде біледі. Ол 2012 жылы Семей қаласында өткен Қазақстан чемпионатында 2-ші орын алып Азия біріншілігіне жолдама алады әрі сол жылы Қарағанды қаласында бірінші рет Азия чемпионы атанады. Араға екі жыл салып, Талдықорған қаласында өткен Қазақстан чемпионатында ақтық бәсекеге жолдама алып, 2014 жылы Семей қаласында екінші мәрте Азия чемпионы болады. Құрлықтық додаға әр елдің «сен тұр, мен атайын» деген кіл мықтылары жиналатыны анық. Құрлық біріншілігіне қатысқан әр спортшының діттеген арманы – жеңіске жету. «Жеңімпаз атану оңай соққан жоқ. Сондықтан екі мәрте құрлықтық доданы бағындыру мен үшін үлкен мәртебе», – дейді чемпион. Сондай-ақ, ол жеңіске жету жолында үлкен еңбек сіңірген бапкерлері Серік Қапалбаев, Руслан Мұхаметқали, Марат Жақыпқа алғысының шексіз екенін жеткізді. Үстіміздегі жылдың басынан бері Бекмұхан денсаулығына байланысты күрестен алшақтап кеткенін айтады. Алайда, жақын күндері жаттығуға кіріскен кейіпкеріміз Атырау қаласында өтетін Ішкі істер министрлігінің аламанында 100 келі салмақ дәрежесінде бақ сынамақ. «Бойыңда сенім болмаса, жеңістің ауылы алыс. Спорт болған соң бірде жеңесің, бірде жеңілесің. Ал жеңімпаз атану үшін қиын сәттерден сүрінбей өтіп, көздеген мақсатқа жету жолында аянып қалмау керек. Сонда ғана жарқын жетістіктерге қол жеткізуге болады. Мен өзімнің тәжірибеме сенім артамын» деген Бекмұханның балуан ретінде толайым табыстарға қол жеткізгені анық. 2006 жылы қазақ күресінен ел жастары арасында өткен «Тайқазан» додасында топ жарып, жастар арасындағы біріншілікте самбодан күміс, қола жүлдені иемденген. Қазақ күресінен жастар арасында бірнеше рет олжалы болған ол ересектер арасында Қазақстан Республикасы кубогының төрт дүркін күміс жүлдегері, Қазақстан чемпионатының ересектер арасындағы екі дүркін екінші орын иегері, екі дүркін Азия чемпионы және Халықаралық дәрежедегі спорт шебері саналады. Бекмұхан Өмірзақұлының өмірде алға қойған мақсаттары көп. Киелі Мойынқұм жерінен болашақта «Қазақстан барысы» шықса деп армандайды. Қазіргі таңда облыстық ішкі істер департаменті жылдам қимылдайтын арнайы жасағының аға инспекторы болып қызмет атқаратын Бекмұхан болашақта темірдей тәртіпті талап ететін қызметінде жарқын жетістіктерге қол жеткізіп, генерал атануды көздейді. «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең». Ендеше, арманыңа жет!
Уалихан ЖАЙЛАУ, «Ақ жол».
Мойынқұм ауданы.