Оңтүстіктен солтүстікке бет алған көш
Оңтүстіктен солтүстікке бет алған көш
Жергілікті ұлт санының молаюы – қай өңірде де еңбек нарығын қалыптастырып, әлеуметтік ахуалды түзетеді. Әсіресе, шығыс және орталық аймақтарда. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы миграциялық өзгерістерге байланысты аталған орыс тілді аймақтардағы халық санының бұрнағысынан едәуір азаюынан құйқалы, құнарлы жерлеріміздің игерілмей, тусырап жатқаны қаншама! Бұл жағдай осы өңірлерге жергілікті ұлт өкілдерінің жеңілдіктермен көптеп қоныс аударуы үдерісін туындатқаны белгілі. Олар «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы жұмыспен және баспанамен қамтамасыз етіледі. Міне, бұл – нақты қадам, анық іс. Бағдарлама аясында жас отбасыларын еңбек ресурстары көп өңірден еңбек ресурстары тапшы өңірге көшіру жұмыстары 2014 жылы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігімен келісім жасасу жолымен біздің өңірімізде де қолға алынған болатын. Аудандық, қалалық деңгейдегі жұмыспен қамту орталықтарының жергілікті тұрғындар арасында жүргізген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде сол жылы жамбылдық алғашқы 2 отбасы (барлығы 9 адам) солтүстікке көш түзеген. 2015 жылы олардың қатары тағы да 17 адамнан тұратын 5 отбасымен толықты. Олар мемлекеттік қолдау шараларымен толықтай қамтылған. Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сейдахмет Сейітбеков былтырғы жылы аталмыш бағдарлама аясында өңірімізден Солтүстік Қазақстан облысына 3 отбасы (15 адам) қоныс аударғанын айтады. «Барлық отбасы тиісінше тұрғын үймен, жұмыспен қамтылып, балалары мектеп пен балабақшаларға орналастырылды. Сонымен қатар қабылдаушы тараптардың өңірлік квотасына енгізіліп, барлық отбасыға субсидия төленді. Осылай облысымыздан жұмыс күші тапшы өңірлерге 2014-2016 жылдар аралығында барлығы 10 отбасыдан құралған 41 адам қоныс аударды», дейді ол. Айта кету керек, бұл үрдіс 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолға алынған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» 3-ші бағыты аясында одан әрі жемісті жалғастырылу үстінде. Тиісті түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде облысымыздан еліміздің солтүстік өңірлеріне бүгінгі күнге дейін 27 отбасыдан құралған 117 адам толығымен қоныс аударған. Оның ішінде Қордайдан – 17, Тараздан – 4, Т. Рысқұловтан – 1, Шудан – 3, Жамбылдан 2 отбасы Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют, Шал ақын, Ш. Уәлиханов атындағы, Аққайың, Айыртау, Есіл аудандарындағы ауылдарға, Петропавл қаласына қоныстанып,егіс егумен, көкөніс шаруашылығымен, тігін ісімен айналысуды жоспарлауда. Олардың арасында өздері қоныстанған елді мекендердегі агроқұрылымдарға оператор, механизатор, аспаз, аудандық орталық емханаға хирург, мектепке мұғалім болып орналасып, тұрақты жұмыс орындарымен қамтылғандары да бар. Бір атап өтерлігі, қоныс аударушы отбасылардың барлығы да толығымен қабылдаушы тараптардың өңірлік квотасына енгізіліп, барлық мүшелеріне субсидиялар төленген. Сондай-ақ суармалы егістік алқаптарына орналасқан жер телімдерімен қамтылып отыр. – «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» 3-ші бағыты бойынша биыл жұмыс күші тапшы Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарына қоныс аудару бойынша облысымызда аудан тұрғындары арасында түсіндіру-насихаттау жұмыстары кең көлемде жүргізілуде. Облыстық, аудандық мерзімді басылымдар беттерінде солтүстік өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару туралы хабарламалар жарияланып, қала, аудан тұрғындары арасында 6 мыңға жуық буклеттер таратылды. Ағымдағы жылы Солтүстік Қазақстан облысынан өңірімізге екі мәрте арнайы делегация тобы келіп, ерікті қоныс аударуға ниет білдіруші азаматтарға толыққанды ақпараттар берді. Екі тарап үшін де тиімді бұл жұмыстар одан әрі де жемісті жалғастырыла бермек, сонымен қатар үстіміздегі жылдың 8 қыркүйегінде облыс орталығы – Тараз қаласында республикамыздың солтүстік өңірлері өкілдерінің қатысуымен ішкі көші-қон және қоныстандыру мәселелері бойынша еңбек нарығының ұтқырлығын дамыту шеңберінде «Өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесін» өткізу белгіленіп отыр, – дейді Сейдахмет Сейіткерімұлы.
Баймаханбет ахмет, «Ақ жол».