Саясат

Көңілдегіні тап басты

Көңілдегіні тап басты

Нұрхат Серікбаев, облыстық киноорталықтың директоры.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында руханиятқа, жалпы мәдениет саласына кеңінен тоқталып, түйткілді мәселелердің түйінін тарқату жолын ұсынып келеді. Жуырда Президент Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйлеп, бірқатар маңызды ойларды қаузады. Алқалы жиында мәдениет саласына баса назар аударғаны көңілді тоғайтты. Мәдениет саласының ерекше маңызға ие екенін сөз еткен Мемлекет басшысы саладағы заңнаманы жетілдіріп қана қоймай, «Кинематография туралы» заң қабылданатынын тіліне тиек етті. Бұл мәселемен біз етене таныспыз. Олай дейтінім, кинематография саласының қадамын қарыштататын заң қабылдау қажеттігі Үкімет отырыстарында да жиі айтылатын. Енді сөзден іске көшетін сәт те келіп жетті. Заң аясында бірінші кезекте ұлттық қор құрылатыны белгілі. Нәтижесінде айтулы тұлғаларымыз хақында, тарихымыз жайлы түсірілген туындыларды шетелге насихаттау, яғни, шама келгенше «экспорттауға» мүмкіндік туады. Ең тиімдісі, фильмдеріміз шетелдің озық тілдеріне аударылып, насихаты артады. Сонымен қатар, студиялар түсірген фильмінің бір данасын ұлттық қорға өткізіп отырады. Заңның тиімді тұстары өте көп болмақ. Анығырақ айтқанда, шетелге барып, оқып, білікті мамандармен тәжірибе алмасады. Көрмегенін көріп, көкейге тоқып, білмегенін үйренеді. Бүгінгідей мың құбылған кезеңде сыртқы нарыққа қандай туындылар өтімді бола алатынын, қандай шығармалар лайықты касса жинап жатқанын барлауға да таптырмас мүмкіндік емес пе? Осының бәрін жас режиссерлер зерделей отырып, кейбір фильмдердің тақырып аясы біз үшін маңызды болғанымен, еуропалықтардың бойында ксенофобия туындатуы ықтимал ғой. Мамандар сыртқа шығу арқылы мұны да көкейге түйіп келмек. Қысқасы, заңның саланың қарқынды дамуына берері мол. Бұл мәселеге баса ден қойып отырған Елбасы көптің көкейіндегісін тап басып отыр. Бізді қуантатыны да – сол.