Саясат

Экспорттық өндірісті ынталандырудың жаңа серпіні

Экспорттық өндірісті ынталандырудың жаңа серпіні

Ғани КҮЛЕТОВ, «Инвесторларға және кәсіпкерлерге қызмет көрсету» орталығының директоры.

Мемлекет басшысы күні кешегі ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде келесі жылы қоғамды рухани жаңғыртуға байланысты бірқатар бағыттардың бастау алатынын атап өтті. Нақтыланған бағыттардың ішінде тікелей инвестиция тарту мен экспорттық өндірісті ынталандыру мәселесіне де ерекше назар аудартылған. Бұл ретте Елбасы «арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар жөніндегі заңнамаларды жақсартқан жөн» деген байламын жеткізді. Бүгінде біздің облысымызда да өндіріс өркен жайып, Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерге сай индустриялық аймақтар құрыла бастағаны белгілі. Мәселен, облыс бойынша Талас, Сарысу, Шу аудандарында және Тараз қаласында индустриялық аймақтар бар. Жуырда олардың қатарын «Тараз металлургиялық зауыты» жанынан құрылатын жеке меншік индустриялық парк толықтырмақ. Еліміздегі экономиканы тұрақтандыруға зор септігін тигізетін кәсіпкерлік ісін жандандыру үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрі де жасалуда. Бұл мәселе біздің өңірде де әсте назардан тыс қалған емес. Оның бір көрінісі, «Инвесторларға және кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының» ашылуы болып отыр. Орталық мемлекеттік қолдау шеңберінде кеңес беріп, рұқсат құжаттарын алу, жинақтау және рәсімдеу сынды жұмыстардан бастап, кәсіпкерлерге жан-жақты кешенді көмектер көрсетуде. Жалпы, өңірімізде өндірісті өркендетіп, бизнес саласының бәсін биіктетіп, оған жаңа серпін қосатын бастамалар баршылық. Елбасы Парламент сессиясының ашылуында жаңғыртудың бір бағыты ретінде инвестиция тарту мен тікелей экспорттық өндірісті ынталандыру мәселесін де тарата айтып, депутаттарға осы саладағы заңнамалық жұмысты жүргізуді жетілдіру керектігін ескертті. Ұлт жоспарын, Жолдауды және тұтастай алғанда, барлық қабылданған бағдарламаларды қамтамасыз ету бойынша мүмкіндіктер толықтай пайдаланылар болса, ел экономикасы да өндіріс пен кәсіпкерлік салаларының күшеюі арқылы жаңа сапалық деңгейге көтерілетіні сөзсіз. Біз бұған сенеміз әрі Президент бастамалары мен тапсырмалары ойдағыдай жүзеге асырылуына өзіндік үлесімізді қоса беретін боламыз.