Саясат

Билік пен қоғам арасындағы дәнекер

Билік пен қоғам арасындағы дәнекер

Ауданда қоғамдық кеңестердің төрағалары мен хатшылары бас қосып, көшпелі отырыс өткізді. Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібайұлы ашып, жүргізіп отырған жиынға аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков те қатысты. Ол облыстық қоғамдық кеңестің жұмыс сапарымен осы ауданға арнайы келіп, бұқарамен байланысты нығайтып, келелі істерді шешуде көп көмегі тигенін тілге тиек етіп, кеңес жұмысына сәттілік тіледі. Жиында төраға облыстық қоғамдық кеңестің бір жарым жылдан астам мерзімде атқарған жұмыстары туралы қысқаша хабарлама жасады. Құрылғалы бері аз уақыт өтсе де қоғамдық кеңестер билік пен азаматтық қоғам арасындағы байланыстырушы дәнекер, мемлекеттік қызметтің ашықтығын айшықтайтын қуатты құрылымға айналып келеді. Кеңес жұмысы – қоғамдық тыңдау, мониторинг жүргізу, Елбасы Жолдауын насихаттау, кәсіптік білім, тағы басқа салалардағы атқарылған істерге сараптама жасауға негізделген. Сондай-ақ атқарушы билік қоғамдық кеңестер алдында есеп беруге міндетті. – Біз Жамбыл ауданында жергілікті полиция қызметінің жұмысы туралы қоғамдық тыңдау өткіздік. Меркі, Байзақ аудандарында көшпелі отырыстар ұйымдастырдық. Жалпы он төрт мәселе бойынша мониторинг жүргізіп, соған байланысты іс-шаралар жоспары жасалды, нәтижесінде кейбір мәселе нақты бақылауға алынды, – деді Жандар Кәрібайұлы. Осы жиында қоғамдық кеңестердің жұмысын сындарлы, үйлестіре жүргізу мақсатында арнайы ереже жобасы талқыланды. Оның атқарушы кеңесін құру туралы мәселе қойылып, көпшілік ұсынысы тыңдалды. Жуалы аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев өз аудандарындағы істің жайы туралы баяндап, үйлестіру кеңесін құру туралы бастаманы қуаттайтынын білдірді. Сол сияқты Тараз қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Қаржаубай Бекболатов, Байзақ аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Жұманғали Құмғанбаев, Қордай ауданы қоғамдық кеңесінің төрағасы Тұрғынбай Нұрмаханбетов, шулық Ерболат Досымбаев та бұл бастамаға қолдау көрсетті. Олардың пікірінше, бұл кеңеске ақылдастар алқасының міндеті жүктелсе, жұмыс жандана түспек. Облыстық кеңестің төралқа мүшесі Сембек Сейдазимов үйлестіру кеңесінің ортақ іске тигізер пайдасы ерекше екеніне назар аударды. Көпшілік ұсыныстарын ескере келе, аумақтың қоғамдық кеңестердің жұмысын мақсаткерлік пен теңдік әрі әріптестік негізде ұйымдастыру үшін облыстық үйлестіру кеңесін құру туралы байлам жасалды. Жиында оның тоғыз мүшесі және төрағалығына Жандар Кәрібайұлы сайланды.

Серік Құралбай, «Ақ жол».

Меркі ауданы.