Білім

Оқушылар 5 күн оқып, 2 күн демалады

Оқушылар 5 күн оқып, 2 күн демалады

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің жаңа оқу жылында білім беру жүйесінде «анау айтқандай» жаңалық орын алмайтынын айтқаны кеше ғана еді. Енді міне, барлық сыныптар 5 күндікке көшірілетіні мәлімделді. Бұл – мұғалімдер мен мектеп басшыларының өзіне тосын хабар болған-ау шамасы. Жаңа күнделік іздеп сабылған ата-аналар секілді олар да бес күнге қысқарған сабақ кестесін қайта жасап әлек. Түсініспеушілік те осыдан туындап жатыр. Көпшілікті мазалайтыны – оқу бағдарламасы өзгеріске ұшырай ма, қайтадан жаңа оқулық таратылады ма деген сұрақтар. Біз осы сауалды облыстық білім басқармасының орта білім бөлімінің басшысы Айдын Досыбаеваға қойдық. – Министрдің сөзіне сүйенсек, биыл тек 2,5,7- сыныптар жаңартылған мазмұн бойынша оқытылуы тиіс. Жаңа бағдарлама 5 күндік оқуға негізделгені белгілі. Ал 2 қыркүйекте барлық сыныптардың 5 күндікке көшірілетінін естідік. Бұл қалай? – Иә, 1, 2,5,7-сыныптар ғана жаңартылған мазмұны бойынша оқиды. Ал басқа сыныптар 5 күндік оқуға көшіп отыр. Оның білім беру жүйесіне ешқандай кері әсері болмайды. Оқытудағы барлық процесс ескеріліп, жан-жақты қарастырылды. Оқушылардың каникулдарының да мерзімі қысқартылмайды, оқу жылының ұзақтығы да өзгермейді, жылдағыдай қыркүйекте басталып, 25 мамырда аяқталады.

– Сонда не өзгерді? – Бес күндікке көшудің негізгі мақсаты – балаларға 2 күндік демалыс беру. Енді оқушылар аптасына бес күн оқып, сенбі-жексенбі күндері демалатын болады. Өзгергені – бір сабақтың уақыты дәстүрлі 45 минуттан 40 минутқа қысқарғаны және үзіліс уақыттарының шамалы өзгергені ғана. Егер бір күнде алты сабақ болса, 30 минуты үнемделеді. Енді бес күндіктің механизмі бойынша күніне 7 пән оқуға тура келсе де, оқушы мектепте 10 минут қана артық бөгеледі. Мұндай тәртіп Назарбаев зияткерлік мектептерінде қалыптасқан. Қазір зияткерлік мектептердің тәжірибелері жай мектептерге таралып жатқаны белгілі. Бұл қадам да – табысты әдісті таратудың бір жолы. – Биыл 2,5,7-сынып­тардың оқулықтары жаңа бағдарламаға сәйкес жаңадан басылып шыққанын білеміз. Басқа сыныптарда оқыту стандарты өзгермесе, бұрынғы оқулықты қолдана беретін болар? Сол сияқты мұғалімдерді жаппай жаңартылған мазмұн бойынша оқыту да қажет емес шығар? – Білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша оқытуға көшу кезең-кезеңімен жүргізіледі. Мәселен, былтыр 1-сыныптар жаңа жүйеге көшкен. Биыл кезек 2,5,7-сыныптарға келді. 2018 жылы – 3,6,8,10-сыныптар, 2019 жылы қалған 4,9,11,12-сыныптар жаңа бағдарлама бойынша білім алады. Осылайша 2020 жылға дейін толықтай білім беру жүйесі өзгереді. Оқулықтар да осыған сай әзірленеді. Биыл 2,5,7-сыныптардың оқулықтары жаңарды, мұғалімдері де біліктілікті арттыру курстарына жіберілді. Ал жай бес күндікке көшкен сыныптарға мұндай талап қойылмайды. Ендеше басқа оқулық іздеп сабылудың қажеті де жоқ. – Өңіріміздегі барлық мектеп бес күндік оқу жағдайына көшті ме? – Жаңа санитарлық ережеде жалпы білім беретін мектептердің үлгілік жоспарына сәйкес 1-11-сыныптардың апталық оқу жүктемесі 24-тен 39 сағатқа дейінгі мөлшерді сақтауға мүмкіндік береді. Білім және ғылым министрлігінің «Орта білім беру ұйымдарына 2017-2018 оқу жылының басталуын, ұзақтығын және каникул кезеңдерін айқындау туралы» бұйрығы маусымда шықты. Осы бұйрықта оқу жылының ұзақтығы мектепалды даярлық сыныптарда – 32, 1-сыныптарда – 33, 2-11-сыныптарда 34 оқу аптасы деп белгіленген. Ал күнделікті сабақ жүктемесін әр мектеп өз мүмкіндіктеріне қарай шешуі тиіс. Мәселен, үш ауысымда оқытатын мектептер сабақ кестесін 5 күндік оқу аптасына ыңғайлап қоя алмайды. Сондықтан, ондай білім ошақтары бұрынғыдай 6 күн оқи беретін болады. Сондай-ақ, мектеп-гимназиялар мен лицейлерде 5 күндікке көше алмайды. Себебі, оларда негізгі жүктемеден бөлек гимназиялық және лицейлік компонентері болады. Оны 5 күндік кестеге еш сиғыза алмайды. – Оқушылар мен ата-аналардың көңілі жайлансын, сонымен тоқсанаралық каникулдарға қай кезде, қанша күнге шығатынын айтып өтсеңіз? – Бірінші тоқсан аяқталғанда берілетін күзгі каникулда бұрынғыдай 7 күн демалыс беріледі. Қыстағысы – 10, көктемдегісі – 13 күн. Мектепалды даярлық сыныптары қыста 14, көктемде 15 күн демалады. Сондай-ақ, олардың 1-7 ақпан аралығында дәстүрлі демалыстарының да уақыты сақталады.

P.S. Жаңа оқу жылы осындай жаңалығымен басталды. Мамандар оқу аптасы қысқарған жағдайда оқытудың нәтижелілігі артады дейді. Қалай десек те, мектеп-гимназиялар мен үш ауысымда оқытатын білім ошақтарынан басқасы бес күнде оқытуға көшті. Нәтижесі қалай боларын енді уақыт көрсетеді.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».