Әдебиет

Біздің Дүйсен

Біздің Дүйсен

(Эссе)

Болат Бекжанов, ҚР Мәдениет қайраткері.

Біз бесеу едік. Иә, сол кездегі «Біз бесеуміз, бесеуміз, бес тармақты жұлдызбыз» деп, балалар тақпақтап тұрып айтатындай-ақ, бесеу едік. Бірақ, «жұлдыз» болсақ деген қаперімізге де кірмейтін. Есесіне арманымыз таудай еді. Шетімізден романтикпіз. Он жылдық мектепті жаңа бітірген бізді қалаға сол арманшыл талап жетектеп жеткізген. «Культпросвет» деп аталатын Жамбыл мәдени-ағарту училищесіне жан-жақтан келіп құжат тапсырып жаттық. Әйтеуір бір-бірімізге «асқақ» өнерімізді көрсетіп қалғымыз келе ме, бойымызда не қабілеттің ұшқыны бар, соны көрсетуге тырысамыз. Алайда, шын талант, табиғи өнер мойындатпай қоймайды. Бірте-бірте мықтылар ерекшелене бастады. Бесеудің бірі – бүгінде елімізге танымал композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбиірбек Тінәлі, бірі – белгілі әнші-термеші Есенбек Сәтбаев, енді бірі – Шудан үлкен «концертный» деп аталатын гитарасын арқалап жеткен, бұл күндері арамызда жоқ, бүгінгі белгілі әнші Заттыбек Көпбосыновтың орындауындағы «Асыл көгершін» әнінің авторы, марқұм Жамбыл Тоқтыбаев, одан соң осы жолдардың авторы мен де, бесіншіміз – бүгінгі мен сөз еткелі отырған кейіпкерім – ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, композитор Дүйсенәлі Бықыбаев болатын. Дүйсен – домбырашы. Мектеп бітіргеніне бір жыл болыпты. Тап-тұйнақтай. Тіпті сол кездегі сәнмен киінген. Үстінде сарысы басым қызылды-жасылды анау-мынау жігіттің қолы жете бермейтін гүлді нейлон көйлек, кең балақ «конус» шалбар. Доғасы сәнді белдігі де көз тартады. Өзі ән салады, үні де әдемі, әуені де бөлек. Бәлкім, бізге оның өзгеше болып көрінгені – домбырамен қырғыздың «Сағынғанда бір келерсің, сарғайғанда бір келерсің, Алатаудың бауырына» деген, біз бұрын естіп көрмеген сағынышқа толы сыршыл әнін алып келгені шығар. Ол әннің де алғаш шыққан кезі болса керек. Біз оның сол әніне ғашық болып, жапа-тармағай үйреніп алдық. Біз ол кезде қай жақта екенін де білмейтін Луговой деген жерден келген жақсы баланы жақсы көріп кеттік. Қыр көрсете келген училишенің сол кездегі жазылмаған заңы бойынша «стариктер», жоғары курс студенттері де азды-көпті өнерімізді сыйлады ма, «молодой» болсақ та осы бесеумізге аса биіктік көрсетіп қинай қойған жоқ. «Култьпросветте» қыз көп. Қысқасы бұл оқу орны Алматының Жамбылдағы – ЖенПИ-і. Бізбен бірге құлпырған қыздар келіп түскен. Көркіне өнері сай. Шетінен әнші, домбыра, баянның құлағында ойнайтындары да бар. Ішімізден «мынау менікі, мынау менікі» деп үміттеніп қоямыз. Есенбек екеуміз құмды ауылдан келіп, әлем-қыздың ішіне ойламаған жерден топ ете түсіп, бірінен-бірі сұлу болып көрінген қыздардың қайсысын таңдарымызды білмей, аузымыз ашылып жүргенде Дүйсен пысықтық жасаған. Кітапханашылар бөліміне Мойынқұмнан келген ұзын бойлы, екі көзі мөлдіреген талдырмаш қыз – Шәрияны таңдапты. Бірақ, Шәрия аса ыңғай бермейді. Сол тұста бізді «өндірістік практика» деп, ауыл шаруашылығы жұмысына көмекке «Пригородное» совхозына қызанақ теруге алып кетті. Көрікті пионер лагеріне орналастырды. Жұмыстан кейін – кешкі би. Биден кейін қолы жеткен, қолы ғана емес, батылдығы жеткен жігіттер қыздарды аңдиды. Сәті түссе, бау-бақтың арасына «свиданияға» алып шығады. Сезімін білдіреді. Есенбек екеуміз түк таппай далаңдап жүрміз. Бітіретініміз – Шәрияға Дүйсеннің хатын тасимыз. Дүйсеннің таңғажайып «кереметтерін» айтып, жалпылдаймыз. Дүйсен ақыры Шәрияны көндірді. Қысқасы, Дүйсен ғана емес, Есенбек, мен – бәріміз жабылып жүріп көндірдік. Дүйсен «пә-л-е...». Ал, біз байқамағанбыз. Шәрия ауылдан келген өте қарапайым, биязы қыз. Сонысына қарамай бойын, өзін дұрыс ұстай білетін, ептеп паңдығы да бар, парасаттың ұшқыны белгі беріп тұратын текті қыз екен. Есенбек екеумізге де тең табыла кетті. Бой жағынан да, ой жағынан да өзімізге сай бір-екі кішкентай-кішкентай жәумелек тап бола қалды. «Өзім де қумын» демекші, кешкі би қызып, ел сол бимен болып кеткенде, біз ұлт-аспаптар бөліміне сегізінші сыныпты бітіріп түскен әлгі екі қызды қақпайлап алып, бақтың ішіне кіріп кетеміз. Бірімізге біріміздің сөзіміз естілер-естілмес жерде тұрып, өзімізше жігіттер құсап бірдеме-бірдеме айтқан боламыз. Ыңғайы келсе, жақындап сүйіп те қоямыз-ау деймін. Рахат кешкен үшінші күн бе екен, екеуміз екеуін жатақтарына шығарып салып, мәз боп қайтып келе жатқанбыз. Ел жатып қалған кез. Алдымыздан сайтандай болып Сәпи деген «старик» шыға келгені. Шын аты Сәпиулла ғой деймін. – Қайдан келесіңдер? – деді, әй жоқ, шәй жоқ. – Қыздан, – дедік біз, оңай емес екенімізді білдіріп. Әрине, біз де «жігітпіз» деген мақтаныш та бар сөз саптауымызда. Сол-ақ екен, әлгі Сәпи деген пәле Есенбекті салып жібергені. Өзі де жоғары курс демесең, бізден асып тұрғаны шамалы, бір жапырақ шикіл сары. Қыз шығарып салып, көңілім дардай болып ісіп-кеуіп келе жатқан мен өлгеніме қараймын ба, арт жағынан келіп, тура құлақ шекені ала пердім де жібердім. Ол: «Қап!» деп, шаңқ етіп, маған бұрыла бергенде, Есенбек бір теуіп үлгерді. Ол енді Есенбекке қайта бұрылғанда, ақыры болары болды ғой дедім де, артынан екі аяқты қапсыра құшақтай құладым. Ол сытылып кетуге тырысып, ары-бері бұлқынды. Босанып кетсе, әлдеқандай заман болады деп, мен өліп-тіріліп, тісті бақаша жабысып жатырмын. Ақыры ол құлады. Есенбек жақсылап бір-екі теуіп-теуіп жіберді. Біз жатаққа қарай безе жөнелдік. Тура есіктің алдына келгенде, есімізді жидық. – Мұнда кірсек, қазір жоғары курстың балалары келіп өлтіреді, – деді Есенбек көзі бақырайып. – Енді не істейміз? – дедім мен де үрейім ұшып. – Кеттік, қаланың бергі шет жағындағы Абай көшесінің аяғында менің әпке-жездем тұрады, сонда барып қонамыз, – деді ол. Ойлануға уақыт жоқ, зыту керек. Екеуміз тал-талдың арасымен шығып, қоршаудан секірдік те қаланы бетке алып айдадық. Таңертең келіп, ертеңгі тамаққа да бармай, тобымызға қосылып, алқапқа тарттық. Әбиірбек пен Жамбыл жүр. Дүйсен жоқ. – Түнде сен екеуіңді жоғары курстың балалары іздеп келді. Сәпидің көзі көкпеңбек, күп болып ісіп кетіпті. Әлгі Есенбек барып жүрген қыз оның туған қарындасы екен ғой. Өлтіреміз, тап деп, пәле салды. Көргеміз жоқ, олда-білдә қайда кеткенін білмейміз деп, әзер құтылдық, –деді Әбиірбек. –Дүйсен қайда? – дедік біз. – Білмеймін, таңертең тұрды да, ауырып тұрмын, қаладағы емханаға барып келейін деп, ағайдан сұранып кетті, – деді Жамбыл. Қыпылдап жүріп, кешті батырдық. Асханаға ерте барып тамақ ішіп алдық та, не де болса, пешенемізден көрейік деп, жатағымызға келдік. «Әзірейілдер» көп күттірген жоқ, бөлмеге сау етіп кіріп келді. Біреуі есікті іштен ілді. Өлген жеріміз осы деп, біз отырмыз. Сомадай-сомадай жігіттер. Іштерінде әскер бітіріп келген ересектері де бар. Кіре біреуі Есенбекті ұрды. Тура сол кезде есік сарт ете қалды да, ілгіші жұлынып түсті. Ішке түр-әлпеті адам шошырлық, беті тыртық, екі иығы қақпақтай бір пәлекет кіріп келді. Жәй кірген жоқ, бірдеме деп орысшалап ақырып кірді. Сөйтсек, бұл – аты шулы, бірнеше мәрте түрме көрген қаланың атамандарының бірі екен де, жоғары курс студенттері оны сыртынан біледі екен. Келе біздің «әзірейілдердің» бір-екеуін періп-періп өтті. «Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығады» деп, қоразданып тұрған мықтылар кірерге тесік таппай қалды. Сөйтіп тұрғанда қайдан шыққанын, Дүйсен кіріп келді. Келді де әлгі адам баласы қарсы келе алмай тұрған алпауытқа: – Өй, Сайлау көке, қайдан жүрсіз? Ойбай, қойыңыз, бұл біздің жігіттер ғой, тимеңіз, тоқтатыңыз! – деп, тіпті бұйыра сөйледі. Енді біздің жоғары курс жігіттері жанымызды қалдыра көр, дегендей, жалтақ-жалтақ Дүйсенге қарап, жәутеңдеді де қалды. Дым түсінбей тұрмыз. Дүйсен бәрін тындырды. Атаманның ашуы басылды. Жоғары курс студенттері ақша жинады. Бір жерден самсап шараптар келді. Бәріміз қақпадан тысқары шығып, тасалау жерге отырдық. Кім «старик», кім «молодой», кім «атаман» екені ұмыт болды, бәріміз теңестік. Сонымен іс бітті. Өзіміз де ертесіне білдік. Сөйтсек, Есенбек екеуміздің оқиғамыздан кейін жоғары курс балалары бұлқан-талқан ашуланып келген соң, ақыры бүгін кешке жақсы болмайтынын біліп, өтірік ауырып кетіп, әлгі алпауытты алып келген Дүйсен екен. Ал, ол Дүйсекеңнің ауылынан шыққан ағайыны, Сайлау деген нағыз баскесердің өзі. ...Міне, біздің Дүйсен осындай еді. «Егер Дүйсен музыкант болмай, дипломат болып кеткенде, нағыз халықаралық дәрежедегі дипломаттың өзі болар еді» дейтін Әбиірбек әзілдеп. Сол Дүйсен – әлі сондай. Қызметте де бірімен-бірі сәл қырғиқабақ болып қалғандарды ебін тауып, сипай қамшылай отырып, келістіріп-ақ жібереді. Енді қайтпастай ашуланып отырған адамның өзі қалай жұмсарып қалғанын, қарсыласымен қалай татуласып кеткенін өзі білмей қалып, артынан аң-таң болып отырғаны. Мен онысын бала кезден білемін ғой. Біле тұрып мен де кейде біреуге тоңқылдап келіп, Дүйсеннің «дипломатиясына» қалай құлап қалғанымды білмей қаламын. Сөйтем дағы «Ашу дұшпан, ақыл дос» деген, ойпырмай, ашумен біреуге тілім тиіп кетер ме еді, мұнысы дұрыс болды-ау деймін артынан. Ал біздің «дипломат» сен сөйттің-ау, мен бүйттім-ау, демейді, үндемей дипломатиялық жұмысын жүргізе береді. Өндірістік практика бітті. Училищеге келдік. Енді оқу бастала бергенде, бізді тағы үлкен комиссияға салды, қысқасы, ең соңғы елеуіштен өткізді. Комиссия бізді жеке-жеке қайта сараптаудан өткізіп, Дүйсенді сен музыкант боласың, музыкалық қабілетің күшті, оның үстіне домбырада жақсы ойнайсың деп, ұлттық аспаптар бөліміне ауыстырмақ болды. Театр бөлімі мұғалімдері түр-келбеті өңді, театр геройларын ойнауға келетін бала екен деп, жібермеуге тырысып бақты. Әбден бір бөлмеде жатып, бір нанды бөліп жеп, бауыр басып қалған біздер де қимай тұрмыз. Ақыры кесімді сөзді училище директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Яхия Шынәсілов ағайымыз айтты. «Дүйсен, қарағым, комиссияның шешімі құлаққа кіреді. Сен сонда барғаның дұрыс. Сенің музыкаға деген қабілетің басым, біз сенен үлкен үміт күтеміз. Театрдан гөрі өнерге сенің осы жағынан беретінің көп болар», – деп еді сонда, қайран көреген Яхия ағайымыз... Иә, ағайдың айтқаны айнымай келді. Дүйсен әнімен белгілі болды. Әдемі де әсем, сыршыл әуезге толы әндер жазды. Әбиірбек екеуміз облыстық қазақ драма театрына актер болып қабылдандық. Есенбек облыстық филармонияға әнші болып кетті. Жамбыл өзінің туған жері Шуға тартып, бір мектепке ән сабағынан беретін мұғалім болды. Дүйсен мен Шәрия тұрмыс құрып, олар да өз ауылдары Луговойға жол тартты. Уақыт зырлап өтіп жатты. Дүйсен аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі болып жүр дегенді естідік. Енді бірде «Ойбай, не дейсің, Дүйсен аудандық атқару комитетінде инспектор екен» деген дүмпу жетті. Сөйтіп жүргенде Дүйсен екеумізді Алматы қайта тоғыстырды. Мен КазГУ-дің журналистика факультетіне сырттай оқуға түскенмін. Дүйсен сол университеттің тарих факультетіне түсіпті. Анда-санда кездесіп тұрдық. Қысқасы, керек дипломды алдық. Мен журналистикаға бет бұрдым. Дүйсен бұрынғы Луговой, бүгінгі Т.Рысқұлов аудандық мәдениет үйінің директоры, мәдениет бөлімінің басшысы, аудан әкімінің аппарат жетекшісі, аудан әкімінің орынбасары сияқты сан қилы жауапты лауазымдарды атқарды. Меркі мен Т.Рысқұлов аудандарының мәдени өмірінде тарихи-мәдени мәні бар ерекше істер атқарды. Ол қандай да бір істі қолға алғанда, жан-тәнімен кіріседі. Бір-ақ мысал: Дүйсекең облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына басшы болып келген кезде Қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойының негізгі бөлігі Тараз қаласында дүркіреп өтті. Елдігімізді әйгілеген тарихи мерекеге Елбасының өзі келіп қатысып, ұйымдастырылған іс-шараларға ризашылығын білдіруі – Дүйсеннің көзге көрінбейтін еңбегінің жемісі. Арада аз ғана уақыт өткенде елімізді әлемге танытқан ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне облысымыздың үн қосуы, «Көне Тараздан – асқақ Астанаға тарту» атты тарихи-этнографиялық керуеннің Астанаға аттанғанын бәріміз білеміз. Жол-жөнекей әрбір тарихи орындарға аялдап, екі айдан астам жол жүріп, Елордаға жеткен керуен-көш қонақтарға өңір тарихын танытты. Мұнда да Дүйсенің еңбегі байқалады. Дүйсен екеумізді тағдыр тағы да осы өнер саласында тоғыстырған. Мен облыстық қазақ драма театрына басшылық етемін. Ал Дүйсекең менің тікелей басшым. Ескі достар өнер жайлы ойымызды айтқызбай білеміз. Рас, жоғарыда айтылған республикалық екі ірі іс-шарада, әрине, облыс басшысы Кәрім Көкірекбаевтың бастама-идеялары негізге алынғаны анық. Ал, оны жүзеге асыруда Дүйсен сан-салалы істі жүйелі атқара білді. Онысы жоғары басшылық тарапынан ескерусіз қалған жоқ. Кәрім Нәсбекұлының ұсынуымен, қолдауымен Дүйсекең еліміздің жоғары марапаттарының бірі «Құрмет» орденіне ие болды. Дүйсеке, біз бесеу едік... Өмір – өзен бізді өз ағысымен жеке-жеке әкетті. Сен Шәриямен бақытты ғұмыр кештің. Мен бүгін «Біз бесеуміз» деп, жырлап отырмын. Ал сен – сол бесеуміздің ең аяулы күндеріміздің куәсі Шәрияға арнап «Біз екеумізді...» жаздың. Ол бүгінгілердің тілімен айтсақ, нағыз хит әнге айналды. Оны білмейтін, тіпті қосыла шырқап та жібермейтін жандар кемде-кем шығар. Шығармашылық адамының бармақтай ғана бағы да осындай-ақ болар. Әлі жазарың алда, табыс тілеймін, досым!

Тараз қаласы.