Экономика

Әлеумет пен әлеует. Бағдарлама бағыттары басты назарда

Әлеумет пен әлеует. Бағдарлама бағыттары басты назарда

Әлемдік дағдарыс салдарының еліміздің экономикасына тигізер әсерін азайту мақсатында Елбасы Үкіметке халықты еңбекпен қамтудың жаңа бағдарламасын әзірлеуге тапсырма беріп, соның негізінде 2011 жылдың екінші жартысынан бастап «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаны мәлім. Қазірге дейін өзінің мән-мағынасын жоймаған осы бағдарлама арқасында көптеген адамдардың жұмысты болғанын айта кетуіміз керек. Бағдарламаның мақсаты – адамдарды жұмыспен қамту арқылы халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту. Бағдарлама негізі үш бағытта жүзеге асырылуда.

24

Бағдарламаның «Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» деп аталатын бірінші бағытының басты мақсаты – инфрақұрылымды жаңғырта отырып, сол өңірдің жұмыссыз, табысы аз азаматтарын жұмысқа тарту, еңбекақымен қамтамасыз етуге қол жеткізу болып табылады. Осы бағыт аясында барлығы 83 жобаға 3 миллиард 102,3 миллион теңге қаралып, есепті мерзімде бөлінген 459,4 миллион теңгенің 184,6 миллионы игерілген. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша барлық жобаларда 1708 жұмыс орнын ашу жоспарланса, есепті мерзімге 18 жобада жұмыстар басталып, барлығы 133 адам жұмысқа орналасты. Оның 51,9 пайызы (69 адам) Жұмыспен қамту орталықтары жолдамасымен келгендер. Жалпы, ашылатын жұмыс орындарының жартысына жұмыссыздар осы орталықтың жолдамасымен жіберіледі. Бағдарламаның екінші бағыты шағын несиелендіру жолымен өз істерін ашу арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруды, олардың инфрақұрылымдарын дамыту мен жақсартуды және кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды көздейді. Мұнда негізгі басымдық ауылдық жерлерде жеке өз ісін ұйымдастыруға ниет білдірушілерге беріліп отыр. Ағымдағы жылы осы бағытқа 1 миллиард 786,5 миллион теңге бөлініп, 920 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Оның ішінде 920 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 37,7 миллион теңге; 783 адамға шағын несие беруге 1 миллиард 500,8 миллион теңге; 100 нысанда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға 248 миллион теңге қарастырылған. Жыл басынан 1 мамырға дейін 920 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, осы мақсатқа қаралған 37,7 миллион теңгенің 31,1 миллионы игерілген. Қалған 6,6 миллион теңге – мемлекеттік сатып алудан үнемделген қаражат. Шағын несие беру бойынша уәкілетті өңірлік ұйым болып «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның облыстық филиалы белгіленген. Шағын несие алушылар үшін жылдық тиімді сыйақы мөлшері 6 пайызды құрайтын болады. Несие беру жұмыстары осы айдан басталуда. Қажеттілігіне қарай несие алушының кәсіпкерлік ашу орнының негізгі жол торабына, кәріз, жылу, су, электр, телефон жүйелеріне қосылуға дейінгі инфрақұрылымы да қоса қаржыландырылады. «Жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу» деп аталатын үшінші бағыттың бірінші құрамдас бөлігі – «оқыту және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу» бойынша өз бетінше жұмыспен қамтылғандар, аз қамтылған және жұмыссыз тұрғындарды өнімді еңбекке тарту, оларды тұрғылықты жерлерінде кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарынан өткізу арқылы тұрақты жұмыстармен қамту көзделген. Бұл жерде кәсіптік даярлауға ешқандай кәсіптік мамандығы жоқ азаматтар жолданады. Ал, қайта даярлау белгілі бір мамандығы бар, бірақ ол мамандығы бойынша еңбек рыногында жұмыс таба алмаған азаматтарға қатысты. Кәсіптік біліктілігін арттыруға өзінің мамандығы бойынша заманауи жаңа технологияны меңгеру және индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында іске асырыла-тын жобалар үшін кәсіптік деңгейін көтеру қажеттілігі туындаған азаматтар жолданады. Оқыту курстары мемлекет қаржысы есебінен. Сондай-ақ, оқуға қатысушылардың тамақтану, жол жүру және тұруына материалдық көмек қарастырылуда. Кәсіптік оқытуды қаржыландыруға 437,8 миллион теңге бөлініп, есепті мерзімде қаралған 164,3 миллион теңгенің 154,4 миллионы игерілген. Бұл – жоспардың 94 пайызы. Оқытумен қамтылуы жоспарланған 1666 адамның 1288-і қамтылды. Оның ішінде 955 адам – оқуын жалғастырушылар. Қайта даярлауға – 232, біліктілігін арттыруға – 101 адам жолданған. Оқыту 12 мамандық бойынша көптеген колледждерде жүргізіліп жатыр. Олардың Құлан ауылшаруашылығы колледжінен басқасы Тараз қаласы аумағында. Мамандықтар саналуан: ветеринария, тамақтандыруды ұйымдастыру, газдандырылған қазандық қондырғыларының операторлары, шаштараз өнері және сәндік косметика-шаш үлгілерін жасаушы, электрондық есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыздандыру, тағы басқа болып жалғасып кете береді. Қазіргі таңда оқуларын бітірген 66 адамның 26-сы жұмысқа орналастырылған. Оның 13-і тұрақты жұмыс орындарына, 13-і «Жастар тәжірибесіне» жолданды. Әлеуметтік жұмыс орындарын ашудың өзіндік ерекшелігі бар. Мұнда 12 айға дейін жұмыс берушінің шығыны 65 пайыз, қалған 35 пайызы бюджет есебінен. Биыл 635 әлеуметтік жұмыс орнын құру жоспарланып, осы мақсатқа 138,5 миллион теңге бөлінген. Жыл басынан 706 әлеуметтік жұмыс орны құрылып, қаралған қаржының 99,4 пайызы игерілген. Бұл осы бағыттағы жұмыстың жақсы жолға қойылғанын көрсетсе керек. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы кәсіби білім беру, оқу орындарын бітірген жұмыссыз түлектердің алғашқы жұмыс тәжірибесін қалыптастыруы үшін ұйымдастырылған. Жұмысқа қатысу мерзімі – 6 ай, еңбекақы мөлшері 18 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 33336 теңге. Осы бағдарлама бойынша 1350 жұмыс орнын құру жоспарланып, осы мақсатқа 266,3 миллион теңге бөлінген. Жыл басынан бері 694 түлек «Жастар тәжірибесіне» жолданып, қаралған қаржының 43 миллион теңгесі игерілді. Осы екі бағдарламаға қатысушылардың басым көпшілігі тиісті мерзімдері аяқталғаннан кейін тұрақты жұмыстармен қамтылатын болады. Әрине, тәжірибеде өздерін кәсіби іскерлік жағынан көрсеткен жағдайда. Қорыта айтқанда, аталмыш бағдарламаны іске асыру нәтижесінде облыс халқының әлеуметтік қорғауға мұқтаж бөлігінің әлеуметтік ахуалын біршама жоғары деңгейге көтеру көзделінген. Әрине, мұның негізінде Елбасының жұмыссыздық-ты жою және кедейшілікпен күрес жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру мақсаты жатыр.

22Жорабек Баубеков,облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы.

Тараз қаласы.