Экономикалық тергеу қызметі жұмысын жандандыруда
Экономикалық тергеу қызметі жұмысын жандандыруда
Үстіміздегі жылдың 7 айында экономикалық салада 93 қылмыстық іс қозғалған. Өндірісте болған 120 қылмыстық істің 65-і немесе 54 пайызы аяқталыпты. Бұл биылғы бірінші тоқсанның көрсеткішімен салыстырғанда шамамен екі есеге артық. Ал келтірілген шығынның өндірілу көлемі де қамаққа алған мүлікпен қоса есептегенде үш есеге көбейген. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен дәстүрлі брифингте облыстық мемлекеттік кірістер департаменті қаржы саласындағы құқық бұзушылықты тергеу басқармасының басшысы Бақытжан Бегенов осылай деп мәлімдеді. Алаяқтық, жалған ақша жасау және заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру экономикалық тергеу қызметі ашатын ең жиі кездесетін қылмыс түрлерінің қатарында екен. Бұл тұрғыда департаменттің қаржы саласындағы құқық бұзушылықты тергеу басқармасы 1-бөлімінің басшысы Ағыбай Дияс биылғы өткен жеті айда экономикалық тергеу қызметінің өндірісінде 135 cотқа дейінгі тергеу өндірісі тіркелгенін атап көрсетті. Оның ішінде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға cалу – 7, алаяқтық – 2, заңсыз кәсіпкерлік, заңсыз банкттік немесе коллекторлық қызмет – 2, іс жүзінде жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеп-жөнелтілмей шот-фактура жазу бойынша әрекеттер жасау – 4, тауар белгісін заңсыз пайдалану – 1, жалған ақша жасау немесе бағалы қағаздар жасау, сақтау, алып өту немесе өткізу – 12 және тағы басқа да қылмыс түрлері тіркелген. Сотқа дейінгі тергеу өндірісі кезінде 270 миллион 647 мың 388 теңге шығын өндірілген. Баяндамашы есепті кезеңде сотқа дейінгі тергеу өндірісі бойынша қабылданған процессуалдық шешімді бұзу деректері төмендегеніне де назар аударды. Атап айтқанда, бірінші тоқсанда прокуратура органдары араласуымен – 22, ал екінші тоқсанда 7 процессуалдық шешім бұзылған. А.Дияс бүгінде бақылау-тіркеу тәртібіне баса назар аударылып, күнделікті тіркелген арыз-шағымдар мен хабарламаларға қатысты қабылданған шешімдер бойынша тұрақты талдау жүргізілетінін де жеткізді. «Апта сайын өндірістегі қылмыстық істер бойынша саралау жұмыстары жүргізіліп, тергеу мерзімі біткелі тұрған процессуалдық шешім қабылдау кезінде және статистикалық кәртішкелерді орталықтандырылған жүйеге енгізу мерзімдері бойынша анықталған бұзушылықтар және басқа да кемшіліктер бойынша қызмет және бөлім басшыларына ақпарат жолданады», – деді ол.
Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».