Мұражай мұңын кім тыңдар?
Мұражай мұңын кім тыңдар?
Музей – көненің көзі саналатын құнды жәдігерлердің мекені. Ол – біздің арғы тегімізден қалған тарихи мұралардың орны. Ықылым заманға сапар шеккізетін, қала берді бүгінгі ұрпақты өткенмен тікелей тілдестіретін өзгеше әлем. Өткенге көз жүгіртіп, тарихымызды түгендеуге мүмкіндік беріп отырған осындай музейлер бір ғимаратқа жарымаса, бұл бүгінгі ұрпақтың тарихқа деген немқұрайлылығы екені сөзсіз. Көмекке мұқтаж болып отырған нысанның бірі – Шу аудандық тарихи-өлкетану мұражайы. Шу өңірінің тас дәуірінен бергі тарихынан сыр шертетін бұл музей 1986 жылдан бастап қоғамдық негізде пайдалануға берілген. Араға екі жыл салып мұнда екі қызметкер жұмысқа алынып, тұрақты жұмыс істей бастады. Он жылдан аса уақыт шулықтарды құнды жәдігерлерімен қуантып келген музей ғимараты 1997 жылы отқа оранып, баға жетпес байлықтарының бір бөлігінен айырылып қалады. Осылайша, ол 1914 жылы шіркеу ретінде бой көтерген ескі ғимаратқа көшіріледі. Әрине, төрт мыңға жуық жәдігері бар өлкетану музейін таза ұстауға едәуір күштің қажет екені белгілі. Осыны ескерген жергілікті билік өкілдері мекеменің қарауылы мен еден жуушысының айлық жалақысына аудандық бюджеттен қаржы қарастыруды қолға алған. Алайда, музей қызметкерлерінің қуанышы ұзаққа созылмады. 2012 жылы еден жуушы қызметі де қысқартылды. Музейдің аянышты хәлі мұнымен біткен жоқ. Араға уақыт салып, жергілікті билік 100 жылдық тарихы бар бұл ғимаратты славян қауымдастығының шіркеуіне беруге шешім шығарады. Сол аралықтағы 3-4 жылда тарихи-өлкетану музейі жетім баланың күйін кешті. Ондағы жәдігерлердің жартысы ескі мекен-жайда қалса, қалғаны аудандық өнер мектебінің екі бөлмесіне жайғастырылды. Бұдан соң, сол кездегі аудан әкімі Бақытжан Нұркеновтің тікелей араласуымен 2014 жылы аудандық бюджет есебінен аудан орталығы Төле би ауылындағы тозығы жеткен «Қаракөз» мейрамханасы 3 миллион 700 мың теңгеге сатып алынған. Ғимарат сатып алынғанымен, оның жөндеу жұмыстарының тұралап тұрғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Айта кету керек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсынып, «Бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді», деді. Сол арқылы жергілікті жерлердегі музейлер мен галереялар қорын байыта түсуге болатынын да атап өткен еді. Бірақ, бүгінде Шу аудандық тарихи-өлкетану мұражайы жәдігерлер қорын байытуға емес, қолда бар қорды орналастыратын ғимаратқа зәру екенін бірі білсе, бірі білмес. Осы орайда, аудандық музейдің төңірегінде қалыптасқан жағдайдың жай-жапсарын білу мақсатында Шу ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Клара Қожағаппановамен тілдескен едік. – Аудандық музейдің ғимаратында жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалары мемлекеттік сараптамадан өтіп, 36 миллион 670 мың теңгеге әзірленіп қойды. Дегенмен, аталған қаражат әлі бөлінген жоқ. Алдағы қараша айында келер жылдың қаржылық жағдайы бекітілетін болады. Сол кезде бұл мәселені көтеріп, қаржы бөлінуі үшін барлық жағдайды жасайтын боламыз, – деді ол. Жалпы, ара-тұра оқушыларын жетектеген мұғалімдер болмаса, күнделікті күйбең тірліктің қамымен жүрген жай адам аудандық мұражайға баруға аса бір қатты ыждаһаттылық таныта қоймайды. Оған себеп те жоқ емес. Әрине, бір орыннан екінші орынға көшіп жүрген музейдің орналасқан мекен-жайын сырттан келген қонақ қайдан білсін?! Оның үстіне алақандай екі бөлмеде тұрақтаған музейдің қорындағы төрт мыңдай жәдігердің тек үш мыңға жуығы ғана келушілердің назарына ұсынылған. Ал қалған жәдігерлер әлі күнге бұрынғы шіркеудің ғимаратында тұр екен. Қордағы мүліктердің орналасу тығыздығынан олардың сапалы сақталуы да алаңдатушылық туғызады. Ондағы қызметкерлердің айтуынша, олар аудан бойынша көшпелі көрмелер өткізіп тұратын көрінеді. Осылайша, көшіп-қонып жүргенде бағалы ескерткіштердің көбінен көз жазып қалмасымызға кім кепіл? Тағы бір айта кетерлігі, мұндағы қызметкерлер егер музейге арналған үлкен ғимарат берілетін болса, қолдарындағы құнды жәдігерлерін әкеліп өткізетін тұрғындар әлі де көп екенін айтады. Өткенге құрмет – бүгінгінің ісі. Тасқа қашалған тарих таңбалары біз үшін қашанда қымбат. Құнды деректер мен жәдігерлердің отауына айналуға тиіс музейдің жетімнің күйін кешіп тұрғаны кім-кімді болсын алаңдатады. Әйтеуір, келесі жылы да «Айта-айта Алтайды, Жамал апа қартайды» деп жүрмесек жарар еді... Біріне жеткен қаражат біріне жетпейтіні белгілі. Десе де, Шу өңірінің шенділері жобалық-сметалық құжаты әзірленген жұмысқа шекеден қарамай, қаржы тапса екен дейміз.
Ерғали ҚАРТАЙҒАН, «Ақ жол».
Шу ауданы.