Білім

Меркідегі қос қуаныш

Меркідегі қос қуаныш

Ауданда бір күнде қос мектеп есігін айқара ашып, шәкірттерді де, ата-аналарды да, ұстаздарды да ерекше қуанышқа бөледі. Оның бірі – Қ. Сарымолдаев ауылдық округіндегі алты жүз орындық Савва атындағы орта мектеп. Мектептің ашылу салтанатына облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қатысып, оқушылар мен мұғалімдердің жаңа оқу жылының бастауындағы зор қуаныштарымен құттықтады. – Заманауи талаптарға сай жаңа мектептің ашылу салтанаты Білім күні, жаңа оқу жылының басталуымен тұспа-тұс келіп отыр. Қос қуаныштарыңыз құтты болсын! Бұл – Елбасының білім саласына деген тікелей қамқорлығының жемісі. Жас ұрпақтың саналы білім, жан-жақты тәрбие алуына жағдай жасау – біздің басты міндетіміз. Жаңа мектепте балаларымыз сапалы білім, саналы тәрбие алып, еліміздің мәртебесін биіктететін азамат болып өсетініне сенімдімін, – деді Бекболат Серікбекұлы. Бекболат Орынбеков облыста жаңа құрылыстар қарқынды жүргізіліп жатқанын, соңғы бес жылда облыс бойынша 50 жаңа білім ордасы бой көтерсе, оның алтауы, яғни 4 мектеп, 2 балабақша Меркі ауданында салынғанын тілге тиек етті. Тіпті, жаңа оқу жылында пайдалануға берілген төрт білім ошағының екеуі осы ауданда екенін айтты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары жаңа мазмұнды оқыту жүйесіне сай жаңа мектеп толыққанды жұмыс істеуі керектігін, тіпті сенбі, жексенбі күндері жұмыстан соң да спорт зал босамайтындай, әртүрлі секциялар жұмыс істеп тұруы керектігін ескертіп, бұл құрылысқа 1,4 миллиард қаржы бекер жұмсалмағанын назарға алды. Үш қабатты, алыстан-ақ көз тартатын білім ордасының ауласы да айрықша безендіріліпті. Білім саласында 40 жылдан аса еңбек еткен ардагер ұстаз Әзімкүл Бекмұрзаева ең соңғы үлгіде салынған, жиһаз-жабдықтарына дейін толық жабдықталған мектепті аралап, ризашылықтары мен таңданысын жасыра алмағанын айтты. * * * Бұл күні Андас батыр округіндегі Арал қыстақ ауылының тұрғындары да жаңа мектептің ашылу салтанатына куә болды. 304 миллионға жуық қаржы жұмсалған 50 орындық бастауыш мектептің ғимараты орта мектепке бергісіз екен. Онда балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Мектептің ашылу салтанатына қатысып, шәкірттер мен ата-аналарды, ұстаздарды құттықтаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков осыны айтты. Тұрғындармен ашық әңгімелескен Бекболат Серікбекұлына ауыл ақсақалы Таубай Жұғысов тұрғындардың ақ тілеулі алғысын жеткізді. * * * Бұдан кейін Бекболат Орынбеков Ақермен ауылына барып, жаңадан пайдалануға берілген, 10 келушіге арналған жанұялық дәрігерлік амбулаторияны аралап көрді. Гранитогор ауылына да атбасын бұрып, балық зауытының жұмысымен танысып, алдағы жоспарларына көңіл аударды.

Меркі ауданы.

Серік құралбай, «Ақ жол».