- Advertisement -

Досболдағы жаңа білім ошағы

96

- Advertisement -

Досбол – Мойынқұмның жиегіндегі елді мекен. Өз алдына ауылдық округ мәртебесін алғанына да көп уақыт өте қойған жоқ. Дегенмен, ауылдағы ең маңызды әлеуметтік нысан – орта мектебінің тарихы әріден бастау алады. Нақтырақ айтсақ, өткен ғасырдың қырқыншы жылдарында бой көтерген екен. Содан ба, ғимараты тозып, апатты жағдайда тұрған еді. Осы елді мекенге келген сапарында облыс әкімі тозығы жеткен мектептің күйін көріп, жаңасын салғызуға уәде берген болатын. «Сабақты ине сәтімен» демекші, көп ұзамай жаңа білім ошағының іргесі қаланып, мердігер – «Таразстрой – 2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмысын қолға алған.
Құрылысы былтыр басталған 50 оқушыға арналған екі қабатты заманауи үлгідегі мектептің ашылу салтанаты жаңа оқу жылының басталуымен тұспа-тұс келді. Алды алқызыл шарлармен көмкерілген білім ошағы алдына жүздері бал-бұл жайнаған оқушылар мен ұстаздар қауымы, ауыл тұрғындары тайлы-таяғына дейін қалмай жиналды. Енді ше, жел тұрса, құм суырған далада қаладағы мектептерден еш кем емес білім ордасы бой көтерсе, оған кім қуанбас?!
Салтанатты шараға аудан әкімі Балабек Нарбаев қатысып, оқушылар мен мұғалімдерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Жаңа мектепте білім берудің жаңа стандарттарын енгізуде еш кедергі болмайтынына сенім білдірді.
Ауыл ақсақалы Пернебек Алтынбеков айналдырған 10-15 жылдың ішінде осы округке қарасты Шағалалы елді мекені мен Досбол ауылында заманауи үлгідегі екі мектептің соғылуы үлкен жетістік, мұның барлығы Елбасының сарабдал саясатының жемісі екенін айтты.

Сәулембай Әбсадықұлы,
«Ақ жол».

Досбол ауылы,
Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support