Саясат

Қолдау бар, қаражат та жеткілікті

Қолдау бар, қаражат та жеткілікті

алайда, бағдарлама игілігін пайдалана алмай отырған кәсіпкерлер баршылық

Еліміз аумағындағы шағын және орта кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың аса маңызды тетіктерінің бірі – «Бизнестің жол картасы -2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы болып отыр. Оны іске асыру үшін 2017 жылға республикалық бюджеттен 3279,4 миллион теңге қарастырылған. Бағдарлама ойдағыдай жүзеге асса, еліміздегі шағын және орта бизнес саласының әлеуеті арта түсері анық. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте аталмыш бағдарламаның өңірімізде орындалуы мен оған екінші деңгейлі банктердің қатысу белсенділігі қандай деңгейде екендігі қаралып, талқыланды. Жиында облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова баяндама жасап, бағдарлама іске қосылған 2010 жылдан бастап барлық қаржы құралдары арқылы жалпы сомасы 88,7 миллиард теңгені құрайтын 897 жоба Аймақтық үйлестіру кеңесі шешімімен мақұлданғанын жеткізді. Оның ішінде жобалардың 754-і – субсидиялау, 265-і – кредиттерге кепілдік беру, 82- сі – жетіспейтін инфрақұрылымды тарту, 39-ы – гранттық қаржыландыру бағыттары бойынша жүзеге асырылып жатқан көрінеді. Баяндамашы облыста жүзеге асырылып жатқан 754 жобаның 405-і немесе 53,7 пайызы Тараз қаласының еншісіне, қалған 349-ы аудандарға тиесілі екеніне назар аудартты. Аудандар арасындағы рейтингте 2010-2017 жылдар аралығында қолдау алған жобалар бойынша Шу, Байзақ, Қордай аудандары алдыңғы қатарда екен. Бағдарламаға өңірдегі екінші деңгейдегі 12 банк және 4 лизингтік компания қатысуда. Соның ішінде кәсіпкерлерге несиелік қолдау көрсеткен банктер көшін бір өзі 242 жобаны қаржыландырған «Қазақстан Халық Банкі» бастаса, «Банк Центр Кредит» 106 жобамен екінші орында, үштікті 73 жобаны қаржыландырған «Форте банк» түйіндеп отыр екен. Ал кәсіпкерлерге қолдау көрсетуде «Банк RBK» – 2, «Qazaq банкі» – 14, «ВТБ банк» – 22 жобамен ғана шектеліп, бұл істе баяулық танытуда. Бағдарлама аясында субсидияланған жобалардың сала бойынша құрылымдық үлесіне келсек, «Өңдеу өнеркәсібі» – 25,5, «Көлік және қоймалар» – 18,2, «Агроөнеркәсіп кешені»– 12,9 пайыздық үлеске ие. Ал бағдарламаның «Банк несиелері бойынша кепілдік беру» құралы шеңберінде жалпы кепілдік сомасы 3,1 миллиард теңгені құрайтын 265 жобаға кепілдік берілген. 2017 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша жалпы кепілдік сомасы 648,1 миллион теңгені құрайтын 53 жоба мақұлданған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 203 пайызға артқан. «Бағдарламаның банк несиелеріне кепілдік беру құралы облысымызда өте жоғары деңгейде жүзеге асырылуда, облыс кәсіпкерлері бұл құралды күннен-күнге жақсы меңгеріп, қолдану қарқыны артып келеді. Алайда ағымдағы жылы бөлінген 126 миллион теңге қазіргі таңда толығымен игерілді. Бағдарлама құралының жұмысын жалғастыру мақсатында облыстық бюджеттен қосымша 60,0 миллион теңге қарастырып беруіңізді сұранамын», – деді басқарма басшысы облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлына. Баяндамашы, сондай-ақ, жылына 2 рет барлық аудандарға басқарма тарапынан бағдарламаның шарттарын түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін атап өтті. Нәтижесінде өткен жылдың 8 айымен салыстырғанда ағымдағы жылдың есепті мерзімінде қолдау алған жобалардың саны 20,6 пайызға артып, бағдарлама аясында жүзеге асырылған жұмыстар бойынша мемлекетке есепті кезеңде 15 миллиард теңгеден астам салық түскен. Қолдау алған кәсіпкерлердің жұмысты дұрыс үйлестіруінің арқасында облыста 14,5 мың жұмыс орны сақталып, 3,5 мыңнан астам тұрақты жаңа жұмыс орындары ашылыпты. Пайдасын іске асыра білсе, бұл бағдарламаның кәсіпкерлерге берері көп-ақ. Алайда, бұл істі әлі де ширату керек сияқты. Осы орайда, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев екінші деңгейлі банктердің аудандардағы филиалдарының жұмысына тоқталып, мемлекеттік бағдарлама аясында шағын және орта бизнеске несие беруде белсенді бірқатар банктерді атап өтті. Өңірімізде жұмысын бастағанына көп уақыт бола қоймаса да, бір жылда 78 жобаны қаржыландырған «Форте банктің», 242 жобаға қолдау көрсеткен «Халық банктің» озық тәжірибелеріне де назар аударды. Бұл ретте «Форте банктің» облыстық филиалының директоры Гүлзат Бекназарова аудандарда жиі болатынын, жыл аяғына дейін ауыл шаруашылығын қолдауды күшейте түсетіндіктерін жеткізді. Ал «Халық банкі» облыстық филиалының директоры Нұрлыбек Сейдахмет: «Бұл жұмысты ілгерілету үшін екі тараптан да бірдей белсенділік болу керек. Біздің тарапымыздан кәсіпкерлерге осындай бағдарламаның бар екенін жеткізу өз деңгейінде насихатталуда. Кәсіпкерлер тарапынан белсенділік керек. Себебі, банкке өтінім түспей, жұмысты ары қарай жүргізе алмаймыз. Бұл ретте аудандардағы әкімдіктердің өкілдері түсіндіру жұмысын жандандыруға тиіс», – деді. «Qazaq банкі» тарапынан мемлекеттік бағдарлама бойынша кәсіпкерлерге қолдау көрсетуде баяулық бар. Себебі бұл мекеме бағдарлама аясында бар-жоғы 14 жобамен жұмыс істеген. Бұл ретте Кәрім Нәсбекұлы «Облыста шағын және орта бизнеспен айналысатын 59 мың шаруа қожалығы бар. Жылына он екі ай болса, сіз он төрт жоба жасағансыз. Сонда шамамен алғанда айына бір-ақ жобадан келеді ғой», – деп бұл көрсеткішке көңілі толмайтындығын жеткізді. Өңір басшысы осы тұрғыда көрсеткіші төмен банктер мәселесіне тоқтала келе, «Сіздер бізге көмектесуге тиіссіздер. Ал шын мәнінде тәуекелге баруға қорқасыздар. Кәсіпкердің жері, техникасы болса да, оны кепілдік ретінде алмайсыздар. Сонда біз ауыл шаруашылығын қалай көтереміз? Біздегі халықтың 68 пайызы аудандарда тұрады. Олармен кім жұмыс істейді?» деді. Жиын барысында өңір басшысы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ аймақтық филиалының директоры Азамат Исламұлы мен «Атамекен» облыстық кәсіпкерлік палатасының директоры Мәріпбек Шәкербекұлынан салада жүзеге асырылар қанша жоба бар екендігін, түсіндіру жұмыстары қалай жүргізіліп жатқандығын сұрады. Бұл ретте Азамат Исламұлы кәсіпкерлермен кесте бойынша кездесулер өткізіліп тұратындығын, алайда банктермен байланыс барысында олардың кепілдік саясаты тұрғысында мәселелер туындап жататындығын жеткізді. Осы орайда өңір басшысы бағдарламаның орындалуы көрсеткіштері бойынша облысымыз алдыңғылар қатарында болғанымен, сапа мәселесінде ақсап тұрғанын сын тезіне алып, сондай-ақ, бағдарламаның кейбір аудандарда орындалу деңгейі мүлдем төмен екендігін, мәселен, Мойынқұм ауданында жеті жылда небәрі екі жоба ғана жүзеге асқанын, Шу ауданында төрт жоба қолдау тапқанын, Сарысу ауданында тіпті мұндай іс жоқтың қасында екендігін тілге тиек етті. Бұдан әрі Кәрім Нәсбекұлы жиынды қорытындылай келе, бағдарламаны халыққа түсіндіру бойынша кездесулерді жиі өткізу қажеттігін айтып, орынбасары Тимур Жанкеге бұл мәселені басшылыққа алуды тапсырды. «Елбасы шағын бизнесті қолдау үшін барлық жағдай жасауда, қаражат та жеткілікті. Тек жұмысты ширату қажет», – деп түйді сөзін.

Қарлығаш есбергенова, «Ақ жол».