- Advertisement -

Тұлпарда да тұлпар бар…

185

- Advertisement -

Қордайлық «Самал» атты сәйгүлік «Алтын тұлпар» аламанында екінші рет топ жарды

Без-имени-8Елордамыз Астана төрінде ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің аясында «Нұр Отан» партиясының қолға алуымен, «Самұрық Қазына» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының демеушілік етуімен, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының белсене атсалысуымен өткізілген «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі өз мәресіне жетті. Астана маңындағы Қабанбай елді мекенінде өткен айтулы аламанға құйрық жалы таралған, ауыздықтарымен алысқан кіл жүйріктер қатысты.
Алғаш рет 2014 жылы ұйымдастырылған аламан бәйге осымен төртінші рет жоғары деңгейде өтті. Доданың жүлде қоры ағымдағы жылы 23 миллион теңгені құрағанын да айта өткен ләзім. Бас жүлдеге 10 миллион теңге тігілді. Сөреден мәреге алғаш болып жеткен 9 жүйріктің иесіне диплом және қаржылай сыйлықтар үлестірілді.

51 шақырым қашықтықта бақ сынауға әрбір тұлпардың шыдас бере қоймасы белгілі. Сондықтан да болар, ұйымдастырушылар тек қазақы тұқымды арғымақтардың бәсін арттыруды көксегендіктен 51 шақырымды таңдап алып отыр екен. Ат жарыстың басты мақсаты да – қазақы жарау аттардың жұлдызын жоғарылату. Ол туралы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан егжей-тегжейті әңгімелеп берді. 

Ел асыға тосқан биылғы аламанға 37 жүйрік сыланып шықты. Бұл өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда анағұрлым аз көрінеді. Көпшілік атбегілер жарна ретінде төленетін 95 мың теңгені көпсініп, арғымақтарын аламанға қосудан бас тартқанға ұқсайды.
Аламан десе делебесі қозатын жұртшылық Қабанбай ауылының шаңын көкке көтерген тұлпарлар тұяғының дүбіріне қызу қолдау көрсетіп, айқайлап, қиқулап, дем беріп отырды. Жарыстың ережесіне сай тұлпарлар бұрынғыдай 12 шақырымнан асатын айналымды бірнеше мәрте айналып өтпейді. Есесіне қатысушылар 7 шақырымнан астам қашықтықты құрайтын шеңберді 7 рет айналады. Айтулы аламанға Қарағанды облысынан 17, Алматы облысынан 8, Оңтүстік Қазақстан облысынан 6, Астана қаласынан 5, Атырау облысынан 2, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Ақмола облыстарынан бір-бір жарау ат жарыс жолына шықса, біздің облыстан 7 тұлпар бақ сынады.
Көрермендердің қиқуы шабандоздарды арқаландырмай қойсын ба?! Тұлпарларын сипай қамшылаған олардың әрқайсысы жүлденің алдын бергісі келмеді. Әйтсе де, жарыс бел ортасына таяған тұста бірнеше жануар аламаннан шығып қалды. Соңғы айналымда үш арғымақ андыздай шауып, жүлде жолындағы тартысты қыздыра түсті. Мәренің аяғы жақындап қалғанда үш жүйріктің бірі болдырыңқырап, екі тұлпар доданың бас жүлдесін сарапқа салды. Нәтижесінде қордайлық «Самал» атты сәйгүлік өзгелерден оқ бойы озық шығып, жеңімпаз атанды. Есбол Жаппасовтың тұлпарының шабысына таңданбаған жұрт қалмады. Дәл осы арғымақ ілгеріде де қарсыластарын шаңға көміп кеткен еді. «Самал» 2015 жылы өткен аламанда да жеңіске жеткен болатын. Шабандозы сол бұрынғы – Ақжол Жұматай. Осылайша «Самал» атты сәйгүлігіміз ең үлкен аламанда екінші рет топ жарып, өңір мерейін тасытты.
Қазақ «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, тұлпарда да тұлпар бар, қазанаты бір бөлек» – деп текке айтпаса керек. Ақжол Жұматайдай шабандозы бар Есбол Жаппасовтың «Самалының» шабысы да, Ақжолдың қамшыны салысы да бізді қуантты. Бас жүлде 10 миллион теңге қордайлық тұлпар иесінің қанжығасында.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support