- Advertisement -

Бұл – балшық емес, байлық

191

- Advertisement -

Ақкөлдің жағасынан «Айша бибі» шипажайы ашылды

Қасиетті Құрбан айттың алғашқы күнінде Жамбыл ауданы, Қызылтаң ауылында «Айша бибі» шипажайы ашылды. Бұл жерде бұрында емдеу орталығы бар болатын. Ғимаратының тозығы жетіп, әбден ескірген мекеме ескерусіз қалған. Бірақ, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Ақкөл көлінің емдік әсері бар балшығын пайдалану үшін бұл нысанға қайта жөндеу жұмыстарын жүргізіп, шипажай ашуды тапсырған болатын. Міне, енді, сол тапсырма жүзеге асып, ел игілігіне беріліп отыр.
Шипажай – кіші Ақкөлдің жағасында қоныс тепкен. Мамандар бұл көлдің табанына жылдар бойы жиналған лай балшықтың емдік әсері өте жоғары екенін айтады. Құдды бір балшық емес, байлық дерсің. Осы жерде екі жыл бұрын құрылысы басталған 120 орындық шипажайдың ғимаратына облыстық бюджеттен 520,4 миллион теңге бөлінді. Талай істі үлкен жауапкершілікпен атқарған мердігер компания – «Бином Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысты сапалы атқарғаны көрініп тұр.
Өңірімізде жаңа шипажай пайдалануға беріледі деген соң жұрт қарап жатсын ба, сауықтыру орталығының ашылу салтанатына жиналғандар көп болды. Көпшілікті жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, сөз сөйлеген облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев саладағы серпінді істерді айтып өтті.
– Қадірлі көпшілік! Біз бүгін көптен күткен «Айша бибі» шипажайының ашылу салтанатына жиналып отырмыз. Былтыр Кеңес кезеңінде іргесі қаланған ескі ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді қолға алған болатынбыз. Жаңарып, сәулеттене түскен мекеме заманауи жаңа технологиялармен жабдықталды. Өзге өңірлерде де балшықпен емделетін шипажайлар бар. Жаңадан ашылып жатса да, бұл шипажай олардан кем түспейді. Қайта кейбір емдеу түрлері бойынша елімізде теңдесі жоқ емдеу орны болайын деп тұр.

Елбасы әлеуметтік салалардың дамуына баса көңіл бөліп келеді. Халық денсаулығын сақтау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Соңғы 5 жыл ішінде біздің өңірде 30 миллиард теңгеге 29 ірі денсаулық нысаны салынуы – соның айғағы.

2025 жылға дейін облысымызда 93 денсаулық сақтау мекемесін салу жоспарлануда. Бұл шипажай 150 адамды жұмыспен қамтып отыр, – деді Кәрім Нәсбекұлы.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев шипажайдың ашылуын облыс өміріндегі елеулі оқиға деп бағалады. Бұған бастамашы болып әрі құрылыстың сапалы жүргізілуін тікелей бақылауына алған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев екенін айтты.
Шипажайдың ресми ашылу шарасынан кейін облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы жаңа ғимаратты аралап көрді. Ем-шара жасалатын бөлмелердің барлығы жаңа технологиялармен жабдықталған. Емдеу блогы, ішекті тазарту, массаж, гидромассаж, ванна бөлмесі, кедр бөшкелері заман талабына сай. Мұнда терапевт, ортопед, уролог, гинеколог, дәрігер-реабилитолог, стамотолог, УДЗ дәрігері, кардиолог, невропатолог, жалпы 16 білікті дәрігер, 30 орта білімді медициналық қызметкер еңбек етеді.
Ересек тұрғындардың емделу уақыты – 13 күн. Емдеушілер облыстық денсаулық сақтау басқармасының жолдамасымен келеді, кейбір емдеу түрлері ақылы болады.
Жас маман Сүлеймен Мұсаев осы мекемеде еңбек етуге бел буыпты. Бұл инсульттан кейінгі сауықтыруға таптырмайтын орын, дейді мамандар.
Қазірдің өзінде жаңа ашылған шипажайдың балшығына еліміздің өзге өңірлерін айтпағанда, Иран, Араб елдерінен де қызығушылық танытып жатқандар бар екен.
«Мұнда сүйек буын, омыртқа сүйектің қисаюы, ер мен әйелдің белсіздігі және басқа да сырқаттарға ем-дом шаралары жүргізіледі. Тұрғындар денсаулығын сауықтыруға кіші Ақкөл көлінің түбіне мыңдаған жылдар бойы жиналған минералды балшықтың тигізер септігі мол», – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов.

Есет досалы,
«Ақ жол».

Жамбыл ауданы.

Суреттерді түсірегн
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support