Апатты жағдайдағы мектеп келмеске кетті
Апатты жағдайдағы мектеп келмеске кетті
«Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде 1000 орындық жаңа мектеп-гимназия пайдалануға берілді Тараз қаласындағы «Салтанат» шағын ауданы тұрғындарының осындай салтанатты күнді күткендеріне көп болған. Көп тілегі орындалып, №30 орта мектептің апатты жағдайдағы ғимаратының орнына «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде 1000 орындық білім ошағы бой көтеріп, жаңа оқу жылының алғашқы күні пайдалануға берілді. Мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысып, тұрғындар қуанышын бөлісті. Оқушылар мен ұстаздарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаған өңір басшысы 1000 орындық бұл мектеп-гимназия – «Нұрлы жол» бағдарламасының жемісі екенін айтып өтіп, 2017-2018 жылдары біздің өңірде 6,4 миллиард теңгеге 20 білім нысанын салу жоспарланғанын, оның 11-і осы жылдың соңына дейін пайдалануға берілетінін айтты. – Биыл облыстың білім саласына 99 миллиард теңге қаржы бөлінді. Алдағы уақытта да білім саласын қолдау шараларын жалғастыра беретін боламыз. Себебі, білім – болашаққа салынған инвестиция. Мұндай еңселі, кең білім ошағында балалар өте жақсы оқуы тиіс деп ойлаймын. Мектеп құрылысын сапалы аяқтаған «АрайСтройМаркет-2003» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Арман Еділбаевқа алғысымды білдіремін, – деді Кәрім Нәсбекұлы. Салтанатты шарада мектеп-гимназия ұжымына облыс әкімінің сыйлығы тарту етілді. Мұнан соң ата-аналар атынан ардагер ұстаз Дәнегүл Уанасова сөз сөйлеп, облыс әкіміне алғыс айтып, мектеп-гимназия шәкірттеріне үздіктер қатарынан көрініңдер деген тілегін білдірді. Мердігер компания директоры Арман Еділбаев мектеп басшысы Рахия Есееваға символикалық кілт тапсырды. Алғашқы қоңырау соғылған соң облыс әкімі жаңа білім ошағын аралап көрді. Кең спорт залы, кітапхана, электронды оқу залы, сынып бөлмелері өңір басшысының көңілінен шықты. Бұдан кейін облыс әкімі екінші қабаттың фойесіне қойылған талантты балалардың шығармашылық және ғылыми жұмыстарымен танысты. Оқушылар өз жобаларына ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің тақырыбын арқау еткен екен. Бірі баламалы энергия көздерін зерттеп көрсе, енді бірі роботтарды жасау ерекшелігіне талдау жасапты. Осы күні облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жаңа мектептің мәжіліс залында өңіріміздің дарынды оқушыларымен кездесті. Өңір басшысына өз арман-тілектерін үш тілде жеткізген талантты жастар Елбасы қойған талап – көп тілді меңгеруге дайын екендіктерін көрсетті. Өңірімізде білім мен өнерге құштар жастар өсіп келеді. Мәселен, өткен оқу жылы біздің облыстың дарынды оқушылары халықаралық, дүниежүзілік олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 34 медальды иемденіп, республикалық пән олимпиадаларында 6 жыл қатарынан командалық есепте 1-орынды жеңіп алды. Облыстық дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» мектеп-интернатының 2 шәкіртінің әлем олимпиадасынан жеңіспен оралғанына да көп уақыт өте қойған жоқ. Оқушылармен кездесу барысында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев осыны айтты. Сондай-ақ Кәрім Нәсбекұлы олардың болашағына сеніммен қарайтынын айтып, білімге ден қоюға шақырып, кездесуге қатысқан барлық оқушыға естелік сыйлықтар тарту етті. Иә, бұл – жастарға жасалған қамқорлықтың жемісі. Себебі, өңірімізде оқушылардың спортпен шұғылдануына, өнер үйренуіне, терең білім алуына барлық жағдай жасалған. Облысымызда 34 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бар. Онда 24766 бала дене шынықтыра алады, мұнан бөлек 451 мектепте 2083 спорт секциясы бар. Мұнда 41491 бала бос уақыттарын тиімді өткізеді.
Есет досалы, «Ақ жол».
Тараз қаласы.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.