- Advertisement -

«Көрсетер ем қыранның өлімін мен, Жазылмаған бір өлең болмаса егер…»

323

- Advertisement -

деп жырлаған ақын Бауыржан Үсеновтің шығармашылығы хақында бірер сөз

«естіген жоқ адамдар даусымды әлі»

«…Бір өксік алқымыма кеп тұрады,
Шулайды көңілімнің көк құрағы.
Бүлкілдеп бүйірімде бүлкілдеген,
Бүйрегім түбі мені жеп тынады»
– деп неге жырлады ақын? Әлде өлең боп өріліп, жыр болып төгілген ғұмырының келте үзілуіне бүйрегіне жабысқан кеселдің себепкер болатынын сезді ме?! Небәрі 31-ақ жыл. Тосыннан жарқ ете қалып, лезде ғайып болған жұлдыз секілді…
«Естіген жоқ адамдар даусымды әлі,
Сенің отты құшағың қаусырғалы»,
– деп қазақ поэзия әлеміне өз даусымен ентелей еніп, жыр-жартасына жаңғырық салып кеткен ақын кім десек, көз алдымызға сағымданған әлемнен менмұндалап Мұқанның ұлы Бауыржан Үсеновтің бейнесі сылаң қаға берері сөзсіз. Өткен ғасырдың 70-80 жылдары поэзия сахнасына бөлек бітімімен, биік болмысымен көтерілген жас дарын өзінің асқақ та адуынды, жалынды жырларымен жалпақ жұртты елең еткізген-ді. Ақын 1960 жылы Қошқарата ауылында дүниеге келген.
Мектепті бітіріп, әскер қатарында болып келгеннен соң жас ақын Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, өзі армандаған әдеби ортамен араласа бастайды. Бәлкім, содан шығар, ол аз-ақ мерзімде талантты ақындар қатарына қосылып үлгереді. Сол кездегі астана – Алматыда түрлі әдеби жиындарға қатысып, мерзімдік басылымдармен, мемлекеттік телеарналармен жиі шығармашылық қарым-қатынаста болып тұрады. Кейіннен туған жері Жуалыға оралып, өмірінің соңғы жылдарында өзінің жүрекжарды шумақтарын алғаш жариялаған «Жаңа өмір» газетінде қызмет етеді. 91 жылдың отызыншы шілдесінде қазақтың өмірге ғашық, талантты, ақиық ақыны небәрі отыздан енді асқан шағында фәниден бақиға аттанып кете барды…

«Табиғаттан жаратылдым, Табиғатқа айналамын…»

«Жуалының түкпірінде ауыл бар,
Ей, бұлттар сонда барып жауыңдар.
Сол ауылда қыдыр дарып, бақ қонған
Ағайын бар,
Ауылдас бар,
Бауыр бар»,
– деп жырлаған Бауыржан шын мәнінде де ауылымен жаны бір, табиғатпен тамырлас ақын еді. Оның жырға деген махаббатын оятқан да сол Жуалының түкпіріндегі ауылдың көркем келбеті, ғажайып табиғаты десек те артық емес шығар. Өйткені ол ауылындағы тіршілік көріністерін керемет өлең жолдарымен суреттеп, ақ қағазға айнытпай сала білді.
Бауыржанның алғашқы балаң жырының өзі де сол ауылдағы бір оқиғаны жанды картинадай көз алдынан өткізіп, ерекше тебірентеді. Бала Бауыржан ерте жастан атқа әуес болып, жүйріктің жалына жабысып өскен екен. Өзінің құлынынан үйретіп, ертелі-кеш мініп жүретін көк құнаны жан серігіндей болып кеткені соншалық, оған қатты бауыр басады. Бірде білместікпен Мұқан ақсақал сол құнанды сатып жібергендегі оның жұдырықтай жүрегінің езілгенін оқып, қайран қалғанмын. Қапалы кейіпте бір-екі күн тамаққа да зауқы болмай, көңілсіз күй кешкен екен. Тау асып кеткен жануарды қайтаруға әкесінің де қайраны қалмайды. Содан көп күйзелген сезімтал бала қолына қалам алып, жүрегінен жыр өреді.
«Кер бие жүргендей түс көріп,
Қиналды-ау, шөлсіз-ақ қаталап.
Қасиетің не деген күшті еді,
Дариға-ай, аналық махаббат!»
– деп келетін алғашқы жыр жолдарымен-ақ поэзия әлеміне күлдір-күлдір кісінеген құлындай қоңыраулатып келген бала ақын өзінің бойдағы дарынымен қатарластарынан даралана бастайды. Балаң, пәк сезімге құрылған бұл балауса жыры Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетінің бетінде жарық көруі тоғызыншы сынып оқып жүрген Бауыржанның талабына қанат бітіріп, жырға ынтызарлығын одан әрі арттыра түседі.
«Алтын теңге сияқты ай да толық,
Тоған жатыр жарқырап сайға толып.
Жағасында жантайып қырман жатыр,
Тастағандай алтыннан қойма төгіп»
– деп тебіренеді ақын «Ауыл түні» деген өлеңінде. Бір қарағанда қарапайым, бір деммен оқылатын ырғақты жолдар болып көрінгенімен, іштей қайталап көз жүгірткен сайын керемет теңеулі тіркестермен шебер суреттеуіне тәнті боласың! Әсем табиғатқа жан бітіре жырлағанда сұлу жаратылыспен бірге шуаққа шомылып жүргендей күй кешесің.
Жоғарыдағы секілді ауыл өмірінің тамаша көріністерін ақынның басқа да табиғат лирикаларынан көптеп кездестіруге болады. Өзі туған Жуалының, Қаратау баурайындағы Қошқаратаның ыстық топырағы оның жырларының өзегіне айналғандай. Ақынның «Табиғат терезесі» деп аталатын шағын ғана жыр жинағын оқи отырып, оның болмысы қазақилықпен қандас, табиғатпен тамырлас екеніне тіпті көз жеткізе түсесің…
«Шертіп әнін
Қайсарлықтың, кемеде мен тұрамын.
О, Жуалым, өзіңе оралады,
Жұмбақ арал ашқан соң ерке ұланың»
– деп жырлаған бозбала ақын бүгінде өзі туған жерінде мәңгі ұйқыда жатыр. Иә, ол өзі айтқандай, жұмбақ арал ашып барып, туған жерінен мәңгі тұрақ тапты. Оның жұмбақ аралы сол – артында қалған өлшеусіз мол мұрасы, жалынды жырлары, сыршыл өлеңдері.

«Ән бар еді,
Иесі мен емес пе ем?..»

«Ән бар еді,
Бір әнім, шынайы әнім,
Ұмытып қап әуенін мұңаямын.
Қолтық сөгіп, көсіле шаппаған соң,
Кімге керек кібіртік құр аяңым?» – деп тебіренген Бауыржан Үсенов тек қана ақжарма ақын емес, сонымен бірге домбыраны шебер тартатын, әуелетіп ән де айтатын сегіз қырлы, бір сырлы талант иесі болатын. Оны курстас достары «ҚазМУ-дың соңғы серісі» деп те бекер айтпаса керек. Ол қолына домбыра алып, ырғақты даусымен әндеткенде кез келген отырыстың сәні артып, думаны таси түсетінін көзкөргендердің талай естеліктерінен оқығанбыз, естігенбіз. Оның «Ақ шағала», «Қарлығашым», «Найзағай келіншек», «Көктем қызы» секілді әндерін құрбы-құрдастары жатқа, жиі айтатын.
Әсіресе,
«Дір-дір етіп бала денең,
Назды үнің-ай, аға деген!
Тұрмын күтіп жалғыз сені,
Жалғыз бөтен жағада мен»,
– деп келетін нәзік сезім иірімдері қоңыр ырғақпен әдемі үйлесім тапқан «Ақ шағала» әні талайлардың сол жақ кеудесіндегі жұмсақ етін шымырлатып, енді бірде елжіреткені шындық. Белгілі эстрада жұлдыздары Саят Медеуов пен Ақбота Керімбекова осылай шырқап, тыңдармандарын баурап алғанымен, көпшілік ән авторларының кім екеніне онша назар аудара бермейді. Осы бір әсем әннің иесі Бауыржан Үсенов, оның сөзін белгілі ақын, «Дарын» сыйлығының иегері Әбубәкір Смайыл жазғандығын жұрт кейінірек біліп, жылы қабылдап жатты.
– Біз ақын Бауыржан Үсенов, Махат Садық, Әбдез Рахманұлы барлығымыз сексенінші жылдары ҚазГУ-де бірге оқыдық. Студенттік күндердің қызығын қатар өткердік. Бауыржан ақындығымен қатар ән шығаратын, оны өзі орындайтын, домбыра, гитара тартатын «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт еді. Ол кезде студенттерді ауыл шаруашылық жұмыстарына тәжірибеден өтуге жіберетін. Сексен жетінші жылы бізді Қостанай облысы Краснопресненск ауданындағы Қозыбаев атындағы ауылға картоп қазуға жіберді. Бір күні Бауыржан «Мен жаңа ән шығардым, сен соған мәтін жаз» деп маған қолқа салды. Мен өмірімде әнге сөз жазып көрмеген адаммын. «Қолымнан келмейді-ау!» деп қашқалақтасам да, қолқалап қоймады. Бір қызығы, Бауыржан дүниеге келген әнді ұмытып қалмау үшін өзімен бірге алып жүрген Қадыр Мырзалиевтің кітабынан махаббат тақырыбына мүлде қатысы жоқ, тек буын саны сәйкес келетін бір өлеңді «рыба» етіп алыпты. Содан не керек, біраз қиналып «Ақ шағаланы» жазып шықтым, – дейді Әбубәкір Смайыл өткен күндерге ой жүгіртіп, достарын есіне алып.
Кейіннен Саят пен Ақбота екеуі «Ақ шағала» мен «Қызғанамын» деп аталатын екі әннің біріктірілген нұсқасын шығарып, тыңдармандарға ұсынған болатын. Ол да өз кезегінде көпшіліктің жүрегінен орын алды. Осылайша, арда ақынның әсем әні әнсүйер қауыммен бірге жасасып келеді.
Ақын өмірден озғаннан кейін оның бүкіл әндерін жинап, нотаға түсіріп, шығармашылығының жоқтаушысы болған бірден-бір адам – Табылды Досымов еді. Бард ақын атанған Табылды өзі де өмірден өткенше Атырауда жатса да, Бауыржанның жиырмаға тарта әнін жиып-теріп, нотаға түсіріпті. Соның ішінде «Ақ шағала» да бар. Алайда осы әнінен басқасы, тыңдармандарға жетпей келеді. Әйтпесе, Әбубәкір Смайылов айтқандай, оның өзге де сазгерлік шығармалары өз орындаушысын тауып, әнсүйер жұртшылыққа бір жетсе, көңілдердің төрінен орын алары сөзсіз.
«Оһ, қаншама
шертілмей сазым қалды…»

«Кешір мені, ақынға жолдас өнер,
Жасып кетер жан емен сорға сенер.
Көрсетер ем қыранның өлімін мен,
Жазылмаған бір өлең болмаса егер»,
– деп арманда кеткен Бауыржан ақын аз ғана ғұмыр кешсе де, артына көп дүние қалдыра білді. Ол туралы ақынның досы, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Көсемәлі Сәттібайұлы былай деп тебіренген еді бірде: «Ол Бауыржан десе бауыр жан еді ғой расында. Мен өзімнің бір әңгімеме «ақын досым Бауыржан Үсеновке ескерткіш» деп эпиграф қойып, сол шығармамды досыма арнаған болатынмын. Ол әңгімемде Бауыржанның есімін Бауырмал деп атадым. Өйткені, оның бойындағы бауырмалдық қасиетінің тасып жатқан қайнарына өз басым талай рет куә болғанмын. Өзінен бұрын өзгені ойлайтын, өзінен бұрын басқаны мақтап жүруші еді. Бір жылт еткен талант иесін көрсе соны қолпаштап, шығармасын жарыққа шығарып беруге асығатын. Ол отыз бір-ақ жыл өмір сүрсе де, екі отыз жасаған алпыстағы ақындардың, азаматтардың ісін жасап кетті. Өзінің аз жасында-ақ әдеби ортаны мойындата білді. Жыр қағаны – Жұматайдың айналасына топтасқан талантты ақындардың бірі де бірегейі осы Баукең болды. Бірде Бауыржанмен бірге келе жатып, айтулы ақын Мейірхан Ақдәулетке жолыққанымыз есімде. Сондағы ағалы-інілі ақындардың бір-біріне деген шексіз ықыластарын көріп, қайран қалдым. Мен онда ақын Бауыржанды емес, бар асыл қасиетті бойына жиған ізгі адамды көрдім», – дей келе, жазушы ақынды халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Шерхан Мұртазаның өзі мойындағанының да куәсі екенін айтқан еді.
…Иә, адам тағдыры – Жаратқанның жазуы. Жазмыштан озған кім бар? Әсілінде ғұмырдың келте келіп, шорт кесілуі пешене жолағындағы жолдарға ғана тәуелді. Аз ба, көп пе, маңыздысы ол емес. Тек сол өлшеніп берген ғұмырда кімнің ізсізге жол салғаны немесе артынан қандай мұра қалдырғаны ғана қымбат. Өлең кісінің бойына Жаратушының құдіретімен кие болып қонады. Сол қонған киені үркітпей, кемеліне жеткізіп ұсынған ақын бақытты десек, небәрі 31-ақ жыл өмір сүріп, өлеңде өз сүрлеуін сала білген Бауыржан да солай ете білді. Бұл да болса ақжарма ақын­ның жаңағы біз негіздеп отырған өлшеулі ғұмы­рында өзіндік орнын айшық­тай алғандығының ақиқаты дер едік.
Р.S.

Жамбыл өңірі таланттан кенде емес. Жалынды жырларымен жалпақ жұртты елең еткізіп, аз ғана ғұмыр кешсе де, артына айтулы мұра қалдырып кеткен Артығали Ыбыраев, Серік Томанов, Бауыржан Үсенов, Өрнек Күлекеев, Салтанат Абашова секілді дарын иелері бүгінде арамызда жоқ болса да, олардың отты өлеңдері оқырмандарының санасында сақтаулы, жерлестерінің жүрегінде жаттаулы. Тек олардың есімдерін ары қарай да жаңғыртып, мұраларын келер ұрпаққа жеткізу бүгінгілерге артылған үлкен аманат. Әсіресе, бұл қазіргі таңда қасиетті сөз өнерін серік етіп, өлең өлкесіне қадам басып келе жатқан өңіріміздегі жас қалам иелеріне жүктелер мерейлі әрі азаматтық міндет десек қателеспейміз.

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support