Саясат

Облысқа жаңа прокурор келді

Облысқа жаңа прокурор келді

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалы-ғымен өткен актив отырысында облысымызға жаңадан тағайындалған прокурор таныстырылды. Жиынға облыстық мәслихат хатшысы, облыс әкімінің орынбасарлары, облыс әкімдігінің аппарат басшысы, басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері, құқық қорғау органдарының басшылары, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қатысты. Облыс әкімі Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының тиісті бұйрығымен таныстыру үшін өңірімізге жұмыс сапарымен келген Бас Прокурордың орынбасары М.Ахметжановқа сөз кезегін берді. М.Ахметжанов Елбасының келісімімен Бас Прокурордың бұйрығымен Жамбыл облысының прокуроры Е.Сыбанқұловтың қызметінен босатылып, Атырау облысының прокуроры қызметіне тағайындалғандығын айтты. «Ернат Мұхамедқалиұлы өздеріңізбен бес жыл қоян-қолтық жұмыс атқарды. Бес жылдың ішінде маңызды жұмыстар атқарылды, сол кезеңде өзінің кәсіби деңгейінің, ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары екендігін көрсетті. Бас Прокурордың атынан осы қызметі үшін Ернат Сыбанқұловқа алғысымызды білдіреміз», деді. Одан кейін Жамбыл облысының прокуроры болып Ибраһим Әлжанұлы Иманов тағайындалғандығын жеткізді. «Ибраһим Әлжанұлы 1995 жылдан бастап прокуратура саласында үзбей жұмыс атқарып келеді. Қатардағы аудан прокурорының көмекшісінен бастап бүкіл прокурорлық сатыдан өтті. Павлодар облысында аудан прокуроры, Павлодар және Қарағанды облыстарында прокурордың орынбасары, Павлодар облысында прокурордың бірінші орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасары болды. Соңғы бес жылда Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының қызметін атқарды. Жамбыл облысы маңызды, күрделі мәселелері бар облыс. Ибраһим Әлжанұлы ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, білімді, прокуратура органдарында тәжірибесі мол азамат. Сондықтан Бас Прокурор сенім артып отыр, жұмыста жақсы нәтиже көрсетеді деп сенеміз», деді. Жиын соңында облыс әкімі К.Көкірекбаев атқарған қызметі үшін Е.Сыбанқұловқа ерекше алғысын білдіріп, жаңа тағайындалған прокурордың жұмысына сәттілік тіледі.

Шынар Сағиева, «Ақ жол».