Бағдарламалардың мақсаты - қолжетімді баспанамен қамту
Бағдарламалардың мақсаты - қолжетімді баспанамен қамту
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларының облыс бойынша орындалу барысы қаралды. Өңір басшысы жиынды Жамбыл ауданының жаңадан тағайындалған әкімі Бақыт Қазанбасовты көпшілікке таныстырудан бастады. Бұдан кейін күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әділет Ахатаев баяндама жасады. Ол соңғы жеті ай қорытындысы бойынша жалпы құрылыс жұмыстарының көлемі 100,5 пайызды құрағанын айтып, аталмыш қос бағдарламаның өңірімізде іске асырылуы барысына жеке-жеке тоқталды. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында білім ошақтары, көпқабатты тұрғын үйлер және оларды инженерлік жүйемен қамту бойынша атқарылған шаралар аз емес. 2016-2017 жылдары 10 білім мекемесінің құрылысына 5,7 миллиард теңге бөлініп, 7 нысан пайдалануға берілген. Ал тұрғын үй құрылысына 15,5 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 33,5 пайызға артқан. 2015 жылдан бері «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша «Арай» тұрғын алқабында 15 көп қабатты үй салынып, биылғы шілде айында – 10, ал «Бәйтерек девелопмент» АҚ жүйесі бойынша 315 пәтерлі 4 арендалық тұрғын үй пайдалануға тапсырылған. Жалпы, үйлердің сатылуы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы іске асырылатыны белгілі. Несиелік 480 пәтерді сатып алуға 895 өтініш түсіп, 127 салымшының төлем қабілеті анықталған. Облыс бойынша тұрғын үй салынатын алқаптарды инженерлік-коммуникациялық жүйелермен қамтамасыз етуге республикалық бюджет және Ұлттық қор есебінен 5,9 миллиард теңге бөлініп, 14 жоба іске асырылу үстінде. Баяндамашы инженерлік-коммуни-кациялық жүйелермен қамтамасыз ету бойынша 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетке тек 6 жоба ұсынылғанына тоқталып, бұл жыл сайын қайталанатын түйткілді мәселе екенін жеткізді. Бұл орайда жергілікті әкімдіктерді жобалық-сметалық құжаттарды дайындауға жіті мән беруге шақырды. Мәжілісте биыл іске қосылған «Нұрлы жер» бағдарламасының төңірегінде басталған тірліктер де тарқатыла айтылды. Бағдарламаның бастамасы ретінде, халықтың әлсіз топтары үшін сатып алу құқығынсыз 17,7 мың шаршы метрлі 4 көп қабатты тұрғын үй құрылысына республикалық бюджет есебінен 1,56 миллиард теңге бөлінген. Жыл соңына дейін 178 пәтерлі 3 үй пайдалануға берілмек. Мәжілісте Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулет, Шу ауданының әкімі Қайрат Досаев мемлекеттік маңызға ие аталған екі бағдарламаның орындалуы бойынша өз есептерін баяндады. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев баяндамаларды тыңдаған соң, Ә. Ахатаев бастаған салаға жауапты басшылар мен аудан, қала әкімдерін сынға алды. Аудандарда жүріп жатқан құрылыс нысандарындағы кем- кетіктерді көріп, мәселені шешудің орнына кеңседен шықпайтын Ә. Ахатаевқа нақты тапсырмалар берді. Өңір басшысы көтерген мәселенің бірі – тұрғын алқаптарға инженерлік инфрақұрылымның баяу жүргізілуі турасында болды. Бұл ретте 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетке облыстан бар-жоғы 6 жоба ұсынылғаны сын тезіне алынды. «Өңірімізде жер телімін алуға 96379 адам кезекте тұр. Ал алқаптардың инфрақұрылымы әлі реттелмеген. Бұл мәселені бұрыннан айтып келемін. Неге асықпай жүрсіңдер?», – деген Кәрім Нәсбекұлы бірқатар аудандардың әкімдерін жеке-жеке тұрғызып, жауап талап етті. Облыста 243 мың шаршы метрді құрайтын жаңа баспаналар пайдалануға тапсырылған екен. Осы орайда облыс басшысы үйлерді көтеріп қана қоймай, халықтың оны сатып алу деңгейіне де назар аудару қажеттігін, сондай-ақ, баспанасыз жүрген облыстағы журналистер қауымы мен өнер иелерінің, әлеуметтік сала мамандарының да қамтылуы қажеттігін баса айтты. Мәжілісте жаңа шағын аудандардың абаттандырылуы, бір типті үйлердің салыну деңгейі, Талас өзенінің жағалауын демалыс орнына айналдыру жұмысының тұралап тұрғаны да әңгіме арқауы болды. Бұл тұрғыда сынның бір ұшы Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулетке де тимей қалған жоқ. Кәрім Нәсбекұлы аталмыш мәселелер бойынша тиісті басшыларға нақты тапсырмалар мен ескертулер берді.
Қарлығаш есбергенова, «Ақ жол».