Саясат

Мемлекеттік тілді құрметтеу мемлекеттік қызметкерлерден басталу керек

Мемлекеттік тілді құрметтеу мемлекеттік қызметкерлерден басталу керек

Облыстық соттың мәжіліс залында Конституция күніне орай «Ана тілім – айбыным» атты байқау өтті. Оған облыстық сотқа қарасты барлық соттардың судьялары мен мемлекеттік қызметшілерінен жасақталған командалар қатысты. Байқаудың мақсаты – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және дамыту, мерейін арттыру, қатысушыларды ынталандыру, – дейді ұйымдастырушылар. Жарыс сәлемдесу, «Мақал – сөздің мәйегі», «Жаңылтпаш айтудан жаңылмас», «Ән – көңілдің ажары» кезеңдерінен тұрды. Сонымен қатар «Сот актісі – біліктілік айнасы» кезеңінде әр команда әділқазылар алқасына қазақ тілінде жазылған сот актісін ұсынды. Әділқазылар алқасының құрамында облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының, Қазақстан халқы Ассамблеясының, жоғары оқу орындарының өкілдері болды. Қатысушылардың өнерін бағалау кезінде сөйлеу мәдениеті, сөйлемдердің дұрыс айтылуы, жауаптың толықтығы, сахналық образдары да ескерілді. Нәтижесінде, Тараз қалалық сотының командасы бірінші орынға лайық деп танылды. Қалған жүлделі орынды Жамбыл аудандық соты мен облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының командалары бөлісті. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен, Құрмет грамоталарымен марапатталды. Салтанатты шара соңында ҚР Жоғарғы сотының «Мінсіз қызметі үшін» медалі облыстық соттың судьясы М.Қасымовқа, «Сот жүйесінің ардагері» медалі доғарыстағы судья З.Жұмахметоваға, «Сот жүйесінің үздігі» төсбелгісі Тараз қалалық соты кеңсесінің бас маманы Б.Ережеповаға және бірқатар судьяларға ҚР Судьялар Одағының «Үш би» құрмет белгісі тапсырылды. Бірқатар сала үздіктері облыстық сот төрағасының Құрмет грамотасы мен алғыс хаттарымен марапатталды.

Шынар сағиева, «Ақ жол».