Білім

Оқытудың озық үлгісін қалыптастыру – басты міндет

Оқытудың озық үлгісін қалыптастыру – басты міндет

Мүбәрак Жинақбаева, Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің басшысы.

 Көпшіліктің әр жаңа оқу жылынан қандай да бір жаңалық күтетіні анық. Алдымен биыл 1 қыркүйек – Білім күнінің қасиетті Құрбан айт мерекесімен тұспа-тұс келуіне байланысты алғашқы қоңырау салтанаты 2-сіне ауыстырылғанын айта кетуіміз керек. 2 қыркүйекте барлық жалпы орта білім беру ұйымдарында «Мен – өз елімнің патриотымын» тақырыбында білім сабағы өткізіледі. 

Сондай-ақ ата-аналар мен оқушыларды оқу жылының бастауында үлкен өзгерістер күтіп тұр. Атап айтар болсақ, осы жылы апатты және үш ауысымда оқытатын мектеп проблемалары шешімін тапты. 2016-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қаладағы №30 орта мектеп 1000 орындық жаңа ғимаратқа көшіріліп, білім мекемесіне «мектеп-гимназия» статусы берілді. Мұндай мәртебеге №53 мектеп те ие болып отыр. Енді осы мекеме мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысовтың есімімен аталады. Ал №1 гимназияға Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейхановтың есімі берілмек. Биыл үш ауысымда оқытатын №24, 55 мектептердің жанынан қосымша 300 және 900 орынды жаңа ғимараттардың құрылысы басталды. Сонымен қатар облыстық және жергілікті бюджет есебінен бөлінген 747 697,0 мың теңгеге №42 балабақша мен №38 орта мектеп күрделі жөндеуден өтуде және 225 миллион 299,6 мың теңгеге 32 білім мекемесінде ағымды және барлық білім ошағында косметикалық жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толығымен аяқталды. Жалпы, көне шаһардағы 108 білім мекемесі жаңа оқу жылына толықтай дайын. Бұл – мемлекет тарапынан білім саласына көрсетіліп отырған қолдаудың жемісі. Мәселен, қалада білім саласын қаржыландыруға биыл 19 миллиард 974 миллион 883 мың теңге бөлінді. Өткен жылмен салыстырғанда 1,5 миллиард теңгеге артық. Мектепке дейінгі білім мекемелерінің желісі де кеңейіп келеді. Қазақстанның екінші жаңғыруы басталған жылы, яғни «Қазақстан-2030» Стратегиясының қабылданған сәтінде қалада 23 балабақша жұмыс жасаса, қазіргі кезде олардың саны 103-ке жетіп отыр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытудың арқасында соңғы екі жылда кәсіпкерлер ашқан білім нысандарының саны 15 бірлікке, ал орын саны 1841-ге артты. Қазір шаһардағы жеке меншік мекемелер мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 37,8 пайызын құрайды. Онда 4357 бала тәрбиеленуде. Негізі Қазақстан Республикасында білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында 2019 жылы 3-6 жас аралығындағы балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту міндеттелген. Өткен оқу жылында қалада 18 370 бала мектепке дейінгі біліммен қамтылып, оның ішінде 3-6 жас аралығындағы балалардың қамтылуы 85 пайызды құрап, облыстық көрсеткіштен 4,8 пайызға жоғары болды. Елдің қуаты ең алдымен азаматтарының білімімен өлшенеді, келешегі де білім беру үдерісінің дамуына тәуелді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында білім беру жүйесін өзгерту қажет екенін баса айтты. Себебі, білім – ертеңімізді нұрлы ететін, адам баласын алға жетелейтін құдіретті күш, мемлекетіміздің 30 озық елдің қатарына қосылуына да ықпал ететін негізгі фактор. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы қалай жүзеге асырылады? Оқыту жүйесінде биыл қандай өзгерістер күтілуде? Жаңа оқу жылында 1,2,5,7 сыныптар жаңартылған білім мазмұнына сәйкес, бес күндік оқу жүйесіне көшеді. Сондай-ақ, үш тілде білім беруге көшу кезеңдерінде белгіленген жоспарға сай 26 мектептің сертификаты бар 39 мұғалімі элективті курстарды ағылшын тілінде оқытудың пилоттық жобасын бастайды. Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен №19 орта мектеп пен №39 мектеп-гимназиясы «Өзін-өзі тану» бағдарламасын біріктіріп, республикалық пилоттық жобаны жүргізуді қолға алады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жылына «Қазақстан тарихы», «География» және «Қазақ әдебиеті» пәндерінің 5 оқу сағаты мұражай, мәдени ұйым салаларында, тарихи ғимараттарда өткізілетін болады. Сонымен қатар биыл облыстық білім басқармасының бұйрығымен №5 мектеп-гимназияда үш тілде оқытуды жүзеге асырудың эксперименті жүзеге асырылмақшы. Өскелең ұрпақтың бойына патриоттық сезімді сіңіре түсу үшін оқушылардың «Жас өлкетанушы», «Жас патриот», «Интеллект» ғылыми қоғамы жобалары іске қосылады және 6 мектепке «Робототехника» пәнаралық курсы енгізіледі. Тәрбиенің жемісі – көрсеткен тәлім мен тағылымды ісіңе байланысты. Ал патриот дегеніміз – ең алдымен өз елінің жетістігіне қуана алатын, табыстарын бағалай білетін адам. Жастардың санасына осы ұғымды сіңіру үшін біз биыл жазғы демалыста 1035 оқушыны ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесіне экскурсияға жібердік. Біз өмір сүріп отырған кезең – бұл сағат сайын жаңғырып, күн сайын таңғалдырған заман. Жаңа көзқарасты, жаңашылдықты, жаңғыруды талап ететін кезең. Сондықтан отандық білім саласы былтырдан бастап оқытуды жаңартылған мазмұнға көшіруді қолға алғаны белгілі. Бұл бастаманың табысты болуы – негізінен мектептердің материалдық-техникалық жабдықталуына тікелей тәуелді. Қала мектептеріндегі техникалық базаны жаңғырту үшін біз биыл 155 компьютер техникасы мен жиһаз сатып алдық. Сондай-ақ екі мектепте лингафонды-мультимедиалық кабинеттер жабдықталды. Жалпы, мектептердің 23-і химия, 24-і физика және биология, 40-ы лингафонды-мультимедиалық кабинеттермен, 57-сі бейнебақылаумен қамтамасыз етілген. 59 мектептің барлығы интернетке, оның 52-сі кең арналы интернет желісіне қосылып, 57-сі 383 интерактивті тақталармен қамтамасыз етілген. Оқулықтармен қамтамасыз етуге 619 180,6 мың теңге қарастырылып, бүгінгі күнге оқулықтар толық сатып алынды. «Нашар ұстаз шындықты қайталайды, жақсы ұстаз сол шындықты іздеп, табуға үйретеді» дейді ақын Абай. Иә, қай кезеңде де ұстазға жүктелетін міндет біреу. Ол – жас жеткіншекке сапалы білім, саналы тәрбие беру. Ал заманға қарай оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту үшін педагогтар оқыту үдерісінде жаңалықты өз тәжірибесіне кіріктіруден қорықпауы тиіс. Үнемі біліктіліктерін арттырып, білімін жетілдіріп отыруы қажет. Жаңа оқу жылында 2,5,7 сыныптардың жаңартылған білім беру мазмұнына көшуіне байланысты аталған сынып мұғалімдері мен барлық мектеп басшылары арнайы біліктілік арттыру курсынан өтті. Сондай-ақ жаратылыстану бағытындағы химия, физика, биология, информатика пәндерін ағылшынша оқытуға көшу үшін 37 маман білімін жетілдірді. Сонымен қатар 152 мұғалім ағылшын тілін үйрену курсымен қамтылды. Жалпы, жаңа оқу жылында қаладағы білім мекемелерінде 7795 педагог қызмет атқарады. 18 тамыз күні өткізілген бос орындар жәрмеңкесінде 178 маманға сұраныс түсіп, жолдама алды. Ұл-қызына өнегелі тәлім-тәрбие беру – ата-ананың, білім беру – ұстаздың міндеті десек, ал қоғамға қызмет ету – баршамызға ортақ парызымыз. Сондықтан барша білім қызметкерлеріне азамат баласына арнаған игілікті істерінде әрқашан асқақ абырой мен табыстар болуын тілеймін.

Тараз қаласы.