Экономика

Мың орындық мектептің қуанышы

Мың орындық мектептің қуанышы

153A0378Тараз қаласы «Салтанат» шағын ауданында жаңадан бой көтерген 1 мың орындық мектеп оқушылар үшін жаңа оқу жылындағы тамаша тарту болды. Мердігер компания – «АрайСтройМаркет-2003» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізіп, бір жылда нысанды пайдалануға беріп отыр.

Мектеп құрылысына «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 1 миллиард 200 миллион теңге қаражат бөлінген болатын. Көпшіліктің көңілінен шыққан жаңа мектепте 336 орындық асхана, 350 орындық мәжіліс және заман талабына сай спорт зал, 46 сынып бөлмесінде интерактивті тақта бар. Лингафонды кабинеттер, медициналық бөлмелер ыңғайлы. Техникалық базасы интерактивті тақталармен 105 жаңа компьютермен толықтырылған.

– Асханадағы жабдықтардың бәрі жаңа, сапалы. Италиядан әкелінген. Мектеп жарық әрі кең. Барлық талапқа сай. Мұны – шағын ауданның тұрғындары Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасының жемісі дейді. Нысан құрылысын жүргізген «АрайСтройМаркет – 2003» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, оның директоры Арман Еділбаевқа алғыс айтқым келеді, – дейді мектеп директоры Рахия Есеева. Ардагер ұстаз Дәнегүл Унасова Елбасының қамқорлығына дән риза. «Бұйыртса, немерелерімді осы білім ордасына жетелеп әкеліп, оқытатын боламын», деп ағынан жарылды.

жанды жадыратқан жаңа ғимараттар

Тараздағы ең ірі білім ошағымен бірге Білім күніне орай облыста тағы үш мектеп пайдалануға беріледі. Олар Меркі ауданындағы №9 Савва атындағы орта және осы аудандағы №25 Арал Қыстақ бастауыш, Сарысу ауданындағы Досбол негізгі мектептері. Жаңа оқу жылын осындай үлкен жаңалықпен бастаған облыс мектептерінде 2 қыркүйек күні Елбасының биылғы Жолдауы және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының мәнін түсіндіру мақсатында «Мен – өз елімнің патриотымын» тақырыбында ашық сабақтар өткізіледі. Облыстық білім басқармасының дерегіне сүйенсек, өңіріміздегі мектептер жаңа оқу жылына дайын. Биыл 451 мектепте 214 мың оқушы білім алады деп күтілуде. Оның ішінде 26145-і 1-сыныпқа қабылданатын бүлдіршіндер. «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 76-қадамында көрсетілген міндеттерді орындау үшін өткен оқу жылында 1-сыныпта оқушыларды жаңартылған мазмұнға сәйкес оқыту қолға алынғаны белгілі. Биыл жаңа оқу жылының жаңалығының бірі – 1,2,5,7-сынып оқушылары осы бағдарлама бойынша бес күндік оқу жүйесіне көшетіні. Сол себепті, бұл сыныптарға сабақ беретін 4657 мұғалім жаңартылған білім мазмұны бағдарламасын меңгеру үшін біліктілігін арттырса, 483 мектеп директорлары мен директордың орынбасарлары арнайы курстарға оқуға жіберіліпті.

Есет досалы, «Ақ жол».