Қазақстан үшін бұл оқиғаның маңызы зор
Қазақстан үшін бұл оқиғаның маңызы зор
Нұрсұлтан Назарбаев Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) бас директоры Юкия Аманомен кездесті. Қазақстан Президенті МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкінің ашылуына орай елімізге келгені үшін Ю.Аманоға ризашылық білдірді. – Бүгінгі шара – Төмен байытылған уран банкін құру жөнінде көп жыл бойы бірлесе атқарған жұмысымыздың нәтижесі. Қазақстан үшін бұл оқиғаның маңызы зор, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан жаһандық ядролық қаруға қарсы күрес қозғалысының көшбасшысы саналатынын атап өтті. – Біз құрамында ураны мол шикізатқа ие мемлекет ретінде атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға ықпал ететін боламыз, – деді Қазақстан Президенті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы еліміздің Агенттікпен ынтымақтастығы жан-жақты және берік екенін айтты. МАГАТЭ-нің бас директоры делегацияға көрсетілген қонақжайлық үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдірді. – Бұл шара, ең алдымен Сіздің жеке қолдауыңыз бен қатысуыңыздың, сондай-ақ біздің жемісті ынтымақтастығымыздың арқасында іске асып отыр, – деді Ю.Амано. Сонымен бірге, Агенттіктің бас директоры Төмен байытылған уранды сақтайтын ғимарат ашумен қатар, бұл шикізатты сатып алу және оны тасымалдау мәселелері де маңызды екенін атап өтті.